АУЫЛДЫ ӨРКЕНДЕТУ – ӨЗ ҚОЛЫМЫЗДА
Жолдаудағы: «…Бұл — біздің дәстүрлі саламыз. Азық-түлікке деген қажеттілік арта береді. Бұл секторға инвестиция көбірек салынады. Сондықтан, бүгінгі фермерлер тек уақытша, әрі ауа райына байланысты кездейсоқ жетістіктерді малданып қалмай, өндірістің өсімі жөнінде ойлануға тиіс. Жаһандық ауыл шаруашылығы өндірісінде бәсеке өсе беретін болады. Жермен жұмыс істейтіндер, ең алдымен, жаңа технологияларды енгізіп, өнімділікті үздіксіз арттыратындар, жұмысын әлемдік стандарттар негізінде жүргізетіндер болуы керек…» деген жолдар осы ойымызды дөп басқандай.
Біз де бұл бағыттағы жұмысымызды осыдан үш жыл бұрын бастағанбыз. Алғашында бұрыннан қалыптасқан қарапайым әдіспен 100 гектар жерге егін салдық. Келер жылы осынша алқаптың 70 гектарын израильдық тамшылатып суару технологиясымен баптап, күтімге алдық. Жаңа тәсілдің тиімділігін көзімізбен көріп, жоғары өнімділікке қол жеткізгеннен кейін егіндіктің де көлемін ұлғайтуды ойластырдық. Осылайша, өткен жылдың өзінде тамшылата суарылатын егістіктің аумағын 150 гектарға дейін көбейтіп, барлығы 180 гектар жерге егін өсірдік. Оның 120 гектарына көкөніс, 30 гектарына картоп, сонша алқапқа бақша дақылдарын ектік.
Сөйтіп, жұмысты инновациялық талаптарға сай ұйымдастырып, агротехникалық шараларды жүйелі де, уақтылы жүргізудің, ең бастысы, ынтымақтаса еңбек етудің арқасында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп, толайым табыстарға кенелдік. Көкөніс пен бақша егістігінің әр гектарынан 50 тоннадан өнім алсақ, картоп дақылының гектар берекелілігін 25-30 тоннадан келтірдік. «Озат тәжірибе — көпке ортақ» демекші, шағын шаруашылығымыздың базасында аймақ аграршыларының, атап айтқанда, егіншілікпен шұғылданушы шаруашылықтар өкілдерінің қатысуымен облыстық масштабтағы «Дала күні» семинарының өткізілуі де мерейімізді үстеп, мәртебемізді асырғандығы ақиқат. Азды-көпті еңбегіміз әділ бағаланып, 2013 жылдың қорытындысымен облыстағы «Үздік шаруашылық құрылым» атандық.
Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында атап өтілгеніндей, бұдан былай да сала еңбеккерлеріне жүктелген міндеттердің нақты істермен жүзеге асырылуына үлесімізді қоса отырып, биыл бұдан да биік межелерді бағындыруды мақсат тұттық. Нақтылай кетсем, 2014 жылы қожалыққа қарасты егіндіктің жалпы ауданын 255 гектарға, соның ішінде картоп дақылы өсірілетін алқаптың аумағын 90 гектарға арттыруды жоспарладық.
Енисей ЮН,
«Феликс» шаруа
қожалығының жетекшісі,
Махамбет ауданы.