Ауылда атқарар іс көп…
Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаттары – Бекболат Тілеухан, Бейбіт Мамыраев, Нұрлан Әбдіров, Мейрам Пішембаев, Тұрғын Сыздықов Исатай ауданына барып, тұрғындармен кездесті.
Халық қалаулылары Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді саралап, өз ойларымен бөлісті. Тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, сауалдарына жауап берді. Зейнеткер Ғаділжан Сағынаев ұстаздар мәртебесі туралы заң жобасы қаралған кезде білім деңгейін көтерумен бірге тәрбие жұмысын күшейтуге де ұсыныс берді. Оның айтуынша, қазіргі оқулықтардың сапасы нашар. Осы орайда, жоспарлы және жүйелі жұмыс қажет. Өз кезегінде бұған Парламент мәжілісінің депутаттары үн қосуы керек.
Ал, еңбек ардагері Жұмажан Қадимов мелекеттік грант негізінде жоғары білім алған адам міндетті түрде жұмысқа орналасуы тиіс дейді. Өкінішке қарай, ондайлар «такси» қызметін атқарып жүр. «Екіншіден, жартысынан көп жерін шөлейтті далалар алып жатқан Исатай ауданында мал шаруашылығы бірден-бір табыс көзіне айналған. Бірақ, соңғы кездері ауыл малдары белгісіз ауруға шалдығып, жиі қырылуда. Аурудың қайдан тарағанын, яғни, этимологиясын зерттеп жатқан ешкім жоқ. Өлген малдың өтемақысы төленбейді. Сондықтан жұрт қырдан көшіп жатыр» дейді ардагер.
Кездесуде көтерілген тағы бір мәселе, кезінде Семейдегі сынақ алаңында әскери қызмет атқарған азаматтар тиісті жәрдемақыдан қағылып отыр. Солардың бірі – Тұщықұдық ауылының ақсақалы Тілек Сағынғалиев. Ол жергілікті әлеуметтік бөлімнен аталған жәрдемақыны әлі алмағанын айтты. Бейбіт Мамыраев бұл мәселеге орай 15 күн ішінде толық жауабын беретінін жеткізді.
Аман ШАМАР.
Исатай ауданы.