Ашық қоғам құрудың жалғасы 

img 1436 Саясат

Бүгін елімізде пилоттық режимде аудандар меноблыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау өтуде. Бұл саяси науқан Атырау облысы бойынша Исатай мен Қызылқоға аудандарында жүріп жатқаны белгілі. Екі ауданның да облыс, ел үшін орны бөлек екенін білеміз.

Бұл сайлау – елдегі саяси реформалардың жалғасы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауларында республиканыңсайлау жүйесін жетілдіруді тапсырып, соның аясында республикада 2021 жылдан бері ауыл әкімдерін тікелей сайлау механизмі іске қосылды. Екі жылдыңішінде  көптеген елді мекенде баламалы негізде сайланған жаңа әкімдер жауапты қызметіне кірісті. Бұл демократиялық үрдістің жалғасы аудан әкімдерін сайлауға ұласып жатыр. Бұл – жаңа  саяси үрдісбүгінде елімізде саяси мәдениеттіліктің артып келе жатқанын көрсетеді. Елдегі реформалар да соған сәйкес бірте-бірте жүзеге асуда.

Соңғы кезде сайлау жүйесіне көптеген жаңашылдықтар еніп, азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттыру іске асуда. Өйткені бір жыл ішінде референдум, Президент және Парламент сайлаулары, экономикада, әлеуметтік салаларда ауқымды істер атқарылды. 

Саяси реформалардың нәтижесінде бірнеше заң қабылданып, жаңа демократиялық үдерістің дамуына жол ашылды. Оның бастауы конституциялық реформаларға  негіз болып, бүкілхалықтық референдум қорытындысына сәйкес Ата заңның үштен бір бөлігі өзгерді. Нәтижесінде заңдар мен кодекстерге түзетулер енгізіліп, билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ететін мемлекеттік-саяси құрылымның жаңа үлгісі қалыптасты.

Ал күні кешегі Мемлекет басшысының Жолдауы – экономиканы одан әрі монополиядан арылту және әртараптандыру, өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын,көлік және логистика  саласын, қаржы секторын дамыту, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, қолдауға баса мән берілді.

Сондай-ақ аудандық және қалалық мәслихаттарға сайлау толығымен мажоритарлық жүйеге көшірілді. Мұндай қадам жергілікті ортада бәсекеге қабілетті саяси орта қалыптастыруға жол ашатыны түсінікті. Халықтың арасынан оза шауып, тұрғындардың мұң-мұқтажын толғап жүрген жаңа тұлғалардың саясат сахнасына шығуына мүмкіндік береді. Осындай өзгерістердің тағы бір ерекшелігі – сайлауалды уәдесін орындамаған депутаттарды кері қайтаруға болады. Жауапкершілік пен сенімге негізделген мұндай жаңа саяси мәдениет – депутаттарға ықпал етудің демократиялық жолы.

Сарапшылардың пікірінше, аудан әкімдерін сайлауды жаппай қолға алу әзірге ертерек. Өйткені аудан әкімі – белгілі бір дәрежеде саясатқа, саяси-экономикалық хал-ахуалға әсер ете алатын лауазым иесі. Аудан әкімдерін сайлау, ауыл әкімдерін сайлаудан мүлде бөлек. Өйткені ауылдағы жол, су, электр жарығы секілді негізгі мәселелер бюджеті ауданда бекітіледі. Сондықтан ауданның маңызы зор. Сондықтан, бұл сайлау, оған үміткер ретінде түсетін азаматтардың да үлкен жауапкершілігін талап етеді.Сондай-ақ халықпен қарым-қатынастағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының шын мәнінде жүзеге асуына толықтай негіз болады. Осы кезге дейінгі ауыл әкімдерін, қазіргі пилоттық жоба нәтижесін жан-жақты саралап, оң және теріс жақтарын ажыратып, зерттеп, алға қарай жылжуымыз керек.

Қазір бәсекеге негізделген сайлау еліміздің саяси өмірінде қалыпты жағдайға айналды. Мемлекет елімізді дамытуға қатысты шешімде қоғам пікірін ескере отырып қабылдауды басшылыққа алуы керек. Осы мәселелер Президент ұстанған саясатты жалғастыру, елде атқарылып жатқан реформалардың негізі болуға тиіс. Менің ойымша, бұл сайлау өңірдің, аудандардың дамуына үлкен серпіліс береді.

Саламат ИДРИСОВ,

«AMANAT» партиясы атынан сайланған 

Атырау облыстық мәслихатының депутаты

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз