Жарнама
Саясат

«Алғыстан артық баға жоқ»

*23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні

Халқымызда «Қызмет қылсаң – адал қыл» деген терең мағына жүктелген тәмсіл бар. Бұл нақыл – әсіресе мемлекеттік қызмет саласында жүрген әрбір жанның өмірлік қағидасына айналуы тиіс. Себебі бұл саланың жүгі ауыр, жауапкершілігі зор. Осы ұлы міндет туралы, бүгінгі мемлекеттік қызметтің келбеті, бет-бейнесі, кәсіби жауапкершілік және адами қасиеттердің мәні жөнінде Атырау облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Нұрлан ЕРКЕБАЕВПЕН сұхбаттасқан едік.

– Нұрлан Тәңірбердіұлы, кәсіби мерекеңіз құтты болсын! Әңгімені өзіңізден бастасақ. Мемлекеттік қызметке келуіңізге не себепші болды? Бұл саланың қандай ерекшелігін айтар едіңіз?

– Рақмет! Бұл күн – ең алдымен өз-өзіңмен іштей есептесетін, жауапкершілігіңді салмақтайтын күн. Мемлекеттік қызмет – марапат емес, аманат. Бұл – халық пен биліктің арасын байланыстыратын алтын көпір. Сол көпірдің берік, мықты болуы – бізге, мемлекеттік қызметшілерге тікелей байланысты.

Менің бұл салаға келуім – кездейсоқ шешім емес. Ол уақытта ауыл мектебінде химия-биология пәнінен сабақ беріп жүрген жас маман едім. Бір күні ауыл әкімі маған  «Сенде өсуге, биікке ұмтылуға лайықты қабілет бар. Мектепте қалсаң, әрі кеткенде директор боларсың. Ал егер мемлекеттік қызметке барсаң, ой-өрісіңді дамытып, өзіңді кеңірек таныта аласың» деген еді. Бұл сөз менің тағдырыма әсер етті. Осылайша, өзімді сынап көрмек болып, конкурс арқылы аудандық әкімдікке маман болып қабылдандым.

Содан бері түрлі қызмет сатыларынан өтіп келемін: аудан әкімінің аппаратында бас маман, аппарат жетекшісі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы, аудан әкімінің кеңесшісі, «Nur Otan» (қазіргі «AMANAT») партиясының Жуалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, агенттікте түрлі деңгейдегі лауазымдарда қызмет еттім. Бұл – мен үшін үлкен тәжірибе мектебі болды.

Бала кезден қоғамдық істерге белсенді араластым. Ауылдағы елге сыйлы, адал қызметімен танылған тұлғаларға қарап өстім. Сол кісілердің ісі мені қанаттандырды. «Халықтың алғысынан биік баға жоқ» екенін ерте түсіндім. Қызмет – мәртебе үшін емес, елге пайда келтіру үшін жасалуы керек. Сол себепті бұл жолда ар-ождан мен ел сенімін бәрінен биік қоямын.

Жүсіп Баласағұн «Өз пайдаңды ойлама, ел пайдасын ойла. Өз пайдаң соның ішінде» деген. Қоғам «мемлекеттік қызметші өзінің бар күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін өзі жүзеге асыратын кәсіби қызметіне жұмсайды, Отанына қалтқысыз әрі адал қызмет етеді» деп сенеді. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметші ел сенімін алғашқы орынға қоюы тиіс, өз жұмысының маңыздылығын сезінуі қажет.

– Мемлекеттік қызмет жүйесінде соңғы жылдары көптеген жаңашылдықтар енгізіліп жатыр. Өзіңіз жетекшілік ететін департамент осы бағытта қандай бастамаларға мұрындық болуда?

– Иә, бұл салада реформалар қарқынды жүріп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылдан бастап мемлекеттік қызметке қашықтан іріктеу жүйесі енгізілді. Бұл – шалғай ауылдағы білімді жастар үшін тең мүмкіндік береді. Сонымен бірге жоғары оқу орнын енді бітірген жас түлектер конкурстан өтпей-ақ, мемлекеттік қызметке тұруға мүмкіндік алып отыр. Осы жылдың өзінде облыста 5 түлек мемлекеттік қызметке қабылданды.

Былтыр тұңғыш рет өңірлік кадр резерві құрылды. Бұл – қабілетті жастар үшін басшылық қызметке жол ашатын бірегей жоба. Қазіргі таңда оларды басшылық лауазымдарға тартып жатырмыз. Сонымен қатар өзге салаларда еңбек етіп, басқару қабілетімен танылған мамандарды да мемлекеттік қызметке конкурссыз қабылдау жүйесі енгізілді. Бұл – заманауи менеджментті енгізудің тиімді жолы.

Былтыр «Мемлекеттік қызметті дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы» қабылданды. Оның шеңберінде халықтың үнін еститін, адамға бағдарланған ашық, сервистік қызмет көрсететін жүйеге трансформациялану көзделеді. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшінің тек заң білумен шектелмей, эмоционалды интеллект, яғни байыптылық, жанашырлық пен адаммен тіл табысу қабілеті де бағалануы керектігі көрсетілген. Бұл – қазіргі заманғы мемлекеттік қызметшінің басты келбеті.

Биыл Президент Жарлығымен мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларына өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметші бұрынғы мемлекеттік лауазымындағы олқылықтары үшін жауапкершілікке тартылады. Әкімшілік мемлекеттік қызметшілерді тәртіптік жауапкершілікке тарту қағидасы да өзгертілді. Әкімшілік мемлекеттік қызметші алдыңғы мемлекеттік лауазымда теріс қылық жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылады.

Қорыта айтқанда, бұл өзгерістердің бәрі – халыққа жақын, ашық әрі әділ мемлекеттік аппарат қалыптастыру жолындағы қадамдар.

– Бүгінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі де маңызды болып тұр…

– Әлбетте, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы – мемлекеттік органдардың жұмысын бағалаудың басты өлшемі. Осы тұста департамент мемлекеттік қызметтер саласында бақылау және мониторинг жұмыстарын тұрақты жүргізеді. Қазір қызметтердің көпшілігі электронды форматқа көшті. Бұл – уақытты үнемдеумен қатар, жемқорлық тәуекелдерін азайтады. Облыс бойынша электронды тәсіл арқылы көрсетілетін қызмет үлесі 95 пайыздан жоғарылады. Бұл – халықтың электронды қызметке деген сенімі артып келе жатқанын білдірсе керек. Студент те, зейнеткер де үйінен шықпай-ақ қажетті құжаттарын онлайн режимде рәсімдей алатын деңгейге жеттік.

– Сіздің ойыңызша, нағыз мемлекеттік қызметшінің бойында қандай қасиеттер болуы керек?

– Бұл сұраққа қысқа да нұсқа жауап берсем – адалдық, әділет және адамгершілік. Білім мен білік маңызды, бірақ жүректе жылу, ниетте тазалық болмаса, халықпен байланыс орнату қиын. Эмоционалды интеллект – қазіргі таңда IQ-дан кем емес.

Бір мысал келтірейін, жас маман конкурс арқылы жұмысқа келіп, өз білімін дәлелдеп шықты. Бірақ халықпен тіл табысуда тым эмоцияға беріліп, қиындықтарға тап болып жатады. Біз оған арнайы тренингтер ұйымдастырып, Әдеп кодексі бойынша кеңестер береміз. Сондай ілім-дағдыны сіңірген мамандар – үздік қызметкерлердің қатарынан көрініп жатады. Демек, бұл салада тек IQ ғана емес, EQ – эмоционалды интеллект те маңызды.

«Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді халқымыз. Кейде заңның қаталдығынан гөрі, адамның шынайылығы мен ықыласы үлкен роль атқарады.

– Иә, қоғам тарапынан сын да, үміт те болатыны рас. Бұл жауапкершілікті қалай сезінесіздер?

– Мемлекеттік қызметшінің иығында халықтың аманаты тұр. Қазір қоғам бұрынғыдай шенеуніктен «үстем позицияны» емес, жақындық пен жанашырлықты күтеді. Біз халықтың «өз адамы» болуға ұмтылуымыз керек.

Кейбір күндері таңнан кешке дейін бір ғана мәселені шешуге тура келеді. Бірақ кешке сол адамнан алған бір ауыз алғыс сөз – бәріне тұрарлық. Адал қызметтің дәмі – халықтың шынайы ризашылығында. «Еліңе еңбек қылсаң – халқың сүймек» демекші, осы құрмет үшін өмір бойы қызмет етуге болады.

– Мемлекеттік қызметке жастардың келуі – ел болашағына инвестиция. Қазіргі жастардан не күтесіз?

– Жақсы сауал. Жастар – қашан да жаңашыл, батыл, әділеттілікті ту еткен ұрпақ. Олар біржақты бұйрыққа бағынбайды, ой бөлісіп, пікірлесуді қалайды. Меніңше, бұл жақсы үрдіс. Өйткені даму – сұрақ қойып, оның жауабын іздеуден басталады.

Маған жастармен бірлесіп жұмыс істеген ұнайды. Осы тұста айта кетейін, 30 маусымға дейін Президенттік жастар кадр резервіне құжат қабылдануда. Қазір жоғары оқу орындары мен мекемелерде аталған мүмкіндікті түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Жастардың құлшынысы қуантады. Жалпы, Президенттік жастар кадр резервіне келетіндерге 5 талап қойылады. Үміткердің жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі, 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі, мемлекеттік тілді меңгерген, еліміздің азаматы болуы тиіс.

Президенттік жастар кадр резервін, өңірлік резервті насихаттау барысында, мемлекеттік қызметке кәсіби бағдарлау бойынша жастармен жиі кездесемін. Олардың көзқарастары тың, ойлары таза. Абай атамыз айтқан «Толық адам» болу үшін біліммен қоса ниет, жүрек, тәрбие де болуы керек. Біз жастарды сол толықтыққа бастайтын жолда серіктес болғымыз келеді.

– Мемлекеттік қызметші болуға ниетті жастар көп пе? Оларға қандай мүмкіндіктер барын біле отырайық…

– Әрине, осы салада қызмет етемін дейтін жастар аз емес. Заңнамаға енгізілген өзгерістер нәтижесінде мемлекеттік грантпен жоғары оқу орнын тәмамдаған түлектер конкурссыз-ақ ауылдық және аудандық лауазымдарға тағайындала алады. Бұл – туған жерге қызмет етем деген жастар үшін таптырмас мүмкіндік.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетімен бірлескен жас мемлекеттік қызметшілер мектебі жұмыс істеуде. Бұл алаң – студенттердің болашаққа сеніммен қарауына үлкен жол ашады.

Жастар кадр резервтері талантты адамдарды басшылық позицияларға ұсыну арқылы, мемлекеттік іске белсенді қатыстыруды көздейді. Президенттік жастар кадр резервіне қабылданған 400 адамның 80 пайызы тиісті лауазымдарға тағайындалған. Бұл мемлекет тарапынан берілген мүмкіндік қана емес, жастарға артылған ерекше сенім.

Сондай-ақ бұрын Мемлекеттік басқару академиясын бітірген түлектер өз мекемесінде ғана жұмыс істеуге міндетті болса, енді бұл талап жойылды. Қызметкер қалаған мемлекеттік органға бара алады, тек мемлекеттік қызмет қатарынан шықпаса болғаны.

Қазір «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы» жаңа заң жобасы талқыланып жатқаны белгілі. Ол мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру мақсатында әзірленді. Заң жобасында мемлекеттік қызметтің миссиясы, міндеттері мен талаптары жаңаша айқындалады. Жастарды мемлекеттік органдарға тарту мақсатында мектеп және университет деңгейін қамтитын ерте кәсіптік бағдарлау институты құрылады. Мұндай бастама дарынды жастарды мектеп жасынан бастап мемлекеттік қызметке ынталандыруға мүмкіндік береді.

– Ротация және кадрлық саясатта қандай жаңашылдық бар?

– Жалпы, бір орында отырып қалу – дамуға тұсау. Қазір ротациялық саясат деген бар. Бұл дегеніміз – бірінші басшы және орынбасарлары кемінде төрт, максималды сегіз жыл ғана бір орында қызмет атқара алады. Сонымен қатар ерікті ротация да енгізілді. Ол өзге қызметкерлерге қатысты.

Бұрын қызметкер ротациямен басқа қалаға жіберілсе, өмір сүру шығындарын өзі көтеретін. Қазір оған арнайы төлемдер қарастырылып отыр. Бұл – әділ шешім.

– Кәсіби мереке қарсаңында әріптестеріңізге қандай тілек айтар едіңіз?

– Мемлекеттік қызметші болу – ел аманатын арқалау. Бұл жол – мәртебе үшін емес, жауапкершілік үшін таңдалады. Әріптестеріме адал еңбек, кең жүрек, парасатты шешім, салиқалы ой тілеймін.

Мемлекеттік қызметші – халықтың сенімін ақтауға міндетті жан. Бізге артылған жүктің салмағы ауыр. Бірақ халықтың алғысына бөлену – сол ауырлықты жеңілдететін ең үлкен марапат.

Барша әріптестерімді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Ел игілігі жолындағы қызметтеріне табыс тілеймін!

– Шынайы сұхбатыңыз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button