Алдан Смайыл, Парламент Мәжілісінің депутаты: «БІЗ АДАМ КАПИТАЛЫН ДАМЫТУҒА ТИІСПІЗ»

«Мәңгілік Ел» Стратегиясы, ел болашағы. Өңірімізде іс-сапармен жүрген Парламент Мәжілісінің депутаты Алдан Смайылмен арадағы әңгіме Елбасы Жолдауынан туындайтын осы маңызды мәселелерге арналды.

 – Еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұқараға арнаған биылғы Жолдауының басты жаңалығы – біздіңше «Мәңгілік Ел» стратегиясы. Осы жобаның мәнісін қалай ашып берер едіңіз?

–  «Мәңгілік Ел» стратегиясын Президент ұлтты ширату үшін айтып отыр. Қазақ әлемнің белді ұлтына айналуы керек. Қазір сіз пайдаланып отырған телефоннан бастап, мен киіп отырған киімнің өзі Қазақстаннан шықпайды.  Сондықтан, Қазақстан әлемнен алушы емес, әлемге барлық жағынан беруші ұлт болуға ұмтылуы керек. «Қазақ ұлты болмаса, адамзат өркениетінің бір бүйірі ойылып қалады» деген түсінік қалыптастыруға тиіспіз. «Мәңгілік Ел» болу үшін бізге осындай талпыныстар керек. «Мәңгілік Ел» болу мәселесі кезінде сонау Күлтегіннің, Тоныкөктің жазбаларында да айтылды. Осы мәселені өз заманында Алаш қайраткерлері де көтерді. «Күн сөнгенше сөнбейміз» деп Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай, біз әлемнің жетекші ұлттарының қатарына енуге талпынуымыз керек. Сондықтан, бұған символикалық идея деп емес, ұлтты алға ұмтылдыратын, жігерлендіретін рух деп қарауға да болады.

Мәселен, қазақтың тілі туралы түрлі мінберлерден жалықпай айтып жүрміз ғой. Біріншіден, ол тіл қажет болса үйренеді. Сондықтан, қазақтың өзі осы заманғы барлық жағынан жетілген ұлтқа айналуы тиіс. Біз ағылшынның тілін неге үйренеміз? Өйткені, ғылым-білімнің жетпіс пайызы сол тілде жасалып жатыр. Әлемді таңдай қаққызған керемет жаңалықтар қазақтың тілінде шығып жатса, әлем тұшынып оқитын әдеби шығармалар қазақтың тілінде жазылып жатса, көрерменін магнитше тартып, баурап алатын фильмдер қазақтың тілінде түсіріліп жатса, жұрт біздің тілімізді бәрібір үйренеді. Біз осындай сан-салалы мәселелерге лайық болуға тиіспіз. 

– Стратегияны қабылдадық. Енді оны жүзеге асыруға отандық ғылым әлеуеті қаншалықты дайын? Ғылыми жаңалықтарды отандық өндіріске енгізуді сіздіңше неден бастаған жөн?

– Алдымен, ғылыми жаңалық дегеніміз не? Соны түсініп алайық. Мәселен, сіз есіктің жаңа тұтқасын ойлап тапсаңыз немесе мен киіп отырған костюмнің басқа түрін тігіп шығарсаңыз, ол ғылыми жаңалық емес. Жоқтан бар жасайтын дүние – ғылыми жаңалық дегеніңіз сол. Мәселен, Оңтүстік Корея алдына «түбінде біз Жапонияны басып озуымыз керек» деген мақсат қойды. Бұған алғашында көптеген мемлекеттер күле қарады. Өйткені, Оңтүстік Кореяның ауыз толтырып айтатын табиғи ресурсы жоқ еді. Міне, бүгін қараңыз, автокөлік саласы болсын, күнделікті қолданыстағы электроника әлемінде Оңтүстік Корея технологиясын төрткүл дүние түгел пайдаланып отыр. Осы мемлекет жылына алпыс кемені теңізге түсіреді. Ол кемелердің тұтынушылары – АҚШ сынды алпауыт елдер. 

Ал, біз сол деңгейге жете аламыз ба? Барлығы автоматтандырылған кеме немесе ұшақ шығара аламыз ба? Біздің ғалымдарымыздың көбісі «бидайдың жаңа түрін таптым», «қара сиырды шұбар сиырға айналдырдым» деп ақша сұрап жүр. Өзіңіз қараңызшы, Оңтүстік Кореяның, Жапонияның техникалық прогресінің қасында біздің бұл тірлігіміз жаңалық па? Рас, бізде алғашқы қадамдар бар. Бұл – Назарбаев зияткерлік мектебі. Ертең бұл мектепті бітірген бала Назарбаев университетіне емтихансыз түсе алады. Ол университетте әлемдік деңгейде білім алатын болады. Бірақ, бар мәселе  зияткерлік мектеппен тоқтап қалмауы керек. Отандық білім саласының сапасы тұтастай көтерілуі тиіс. Екіншіден, ғылым саласын қаржыландыруды ұлғайтпасқа болмайды. Үшіншіден, ғалымдарымыз ғылымға жұмыс істеуі керек. 

Өз басым Қазақстанға ауыл шаруашылығы саласын дамытқан тиімді деп ойлаймын. Ауыл шаруашылығы өнімдерін шет елге шығаратындай деңгейге жетіп алсақ та жаман болмас еді. Түбінде мұнайың да, басқаң да таусылады. Елімізді асырайтын осы агросектор саласы болады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев осыған орай Астанадағы ауыл шаруашылығы академиясын әлемдік деңгейге көтеруге тапсырма берді. Енді таяу уақыттарда шет елден мамандар шақырылып, жаңа зерттеу орталықтары ашылуы мүмкін. Бізге осы қолымыздан келетін саланы дамытып алсақ та жетеді. Өкінішке орай, қазақтың қымызын Германия бүгінде ұлттық брендке айналдырып үлгерді. Бие сүтінен қатерлі ісікке бірден-бір қарсы тұратын дәрі алып отыр. Оның бір грамы 10 еуро тұрады. Міне, ақша қайда жатыр? Тіпті, биенің сүтінен балалардың тамағын жасап, әлемге экспорттап жатыр. Сөйтсе, биенің сүті ананың сүтін алмастыратын бірден-бір тағам екен. Ресей де жылына 500-600 тонна бие сүтін өндіріп, балалардың тамағын жасап шығарып жатыр. Голландияның ірімшігі бар, үндінің шайы бар. Сол сияқты қазақтың қымызы мен шұбаты әлемді шарлап кетсе, ол жаман ба? Осыны үйлестірсек, алдымен ауыл-ауылда жаңа жұмыс орны пайда болып, екіншіден, ауыл мәдениеті көтерілген болар еді. Ақша түсетіндігі өз алдына. 

Бірде Жамбылда қымыз өндірушілер халықаралық деңгейде ғылыми-зерттеу конференциясын өткізді. Оған Израильден, Түркиядан ғалымдар келіп қатынасты. Сөйтсек, әлемнің көптеген елдері біздің қымызымызды алып, кейбіреулері тіпті косметикалық заттарға дейін жасап шығарған екен. Қымызды бұзбай, құндылығын жоймай сақтаудың әдістерін ойлап тауып, кәдімгідей өндірістік жолға қойыпты. Біздің ғылым неге осымен айналыспайды?

– Елбасы биылғы Жолдауында атом энергетикасын дамыту мәселесіне де айрықша назар аударды. Атом электр стансасын салу мәселесіне сіз қалай қарайсыз? Отандық ғылыми техника өркениеті қауіпсіздігімізге қаншалықты кепіл бола алады?

– Атом электр стансасын салу жөнінде кезінде 1998 жылы әңгіме болды. Ол кезде станса салуға лайықты орын ретінде Балқаш таңдалған болатын. Кейін әңгіме басылып қалды. Одан соң 2006 жылы Маңғыстауда АЭС салу жөнінде әңгіме қозғалды да, ол да тоқтады. Қазір ғалымдар «Қазақстанда АЭС салуға болады. Оған бізде мамандар бар» деп жүр. Рас, Алматыда біріккен кәсіпорын бар. Бірақ, бұл мәселе әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Осыған орай жуырда Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешов бастаған мемлекеттік комиссия құрылды. Енді Үкімет АЭС-ты қай жерге салатынымыз жөнінде шешім қабылдауы керек. 

Меніңше, бұл мәселеде асықпау қажет. Өйткені, АЭС салу – мектеп салу емес. Оған біздің техникалық, ғылыми, қорғаныстық әлеуетіміз дайын болуы тиіс. Жалпы, мұндай станса суы мол жерде салынуы керек екен. Біздің суымыз да көп емес. Сондықтан, асығыстыққа бой алдыруға болмайды.

– Қазақстан болашаққа әлемдегі ең озық дамыған отыз елдің бірі ретінде барғалы отыр. Осы орайда Еуразиялық Экономикалық Одақ біздің жолымызға қаншалықты бағдаршам бола алады? Еліміздің Еуропалық Одаққа мүше болу мүмкіндігі қандай?

– Жалпы, Еуразия кеңістігі – барлық адами, табиғи ресурс шоғырланған ірі орталық. Егер басқа елдермен тығыз экономикалық байланыс болмаса, жаһандану дәуірінде лайықты өмір сүру мүмкін емес. Біз Еуразиялық кеңістікті үлкен мемлекеттің бірі ретінде игеруге тиіспіз. Болашақта осыған байланысты түрлі заңдар қабылдануы мүмкін. Сол кезде ұтылып қалмауға күш салу қажет. Ал, Еуропалық Одақтың қаптаған проблемасына біз неге барып кіруге тиіспіз? Меніңше, оның еш қажеттілігі жоқ.

– Мұнай мен газ мәңгілік қазба емес. Сіздіңше болашақты тағы қандай қуат көздерінен іздеген дұрыс?

– Адам капиталын дамыту керек. Бүгінде адамзат дамудың екі кезеңін бастан өткерді. Біріншісі – ауыл шаруашылығы қоғамы. Екіншісі – өнеркәсіп қоғамы. Индустриалды ел болдық, айға ұштық. Көмір, мұнай өндірдік. Енді бізге постиндустриалды елге айналу қажет. Табиғи ресурстар түптің түбінде әйтеуір таусылады. Қазақстанда қоры ең көп кен – көмір ғана. Ол кемінде 600 жылға жетеді. Ол таусылған соң не істейміз? Сондықтан, ғылым мен білімнің көмегімен жоқтан бар жасайтын қоғам дүниеге келеді. Біз осыған дайын болуға тиіспіз. 

– Салиқалы сұхбатыңыз үшін бек  рахмет!

Әңгімелескен 
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз