Жарнама
Саясат

АЙҚЫН МАҚСАТ ЖОЛЫМЕН

 

Ұлттың көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлының былтырғы «Қазақстан —  2050» стратегиялық Жолдауы біздің еліміздің жуық арада әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарынан орын алуды меңзеген болса, күні кешегі Жолдауы сол бір қиын да қасиетті жолдарды неғұрлым тезірек игерудің, әрбір күн мен әрбір айды текке өткізбей, ауқымды шараларды мейлінше тиімді іске асырудың бас жоспары іспетті. Елбасы атап көрсеткендей, білімге құштарлық, кәсіби жетістік, ертеңге деген құлшыныс біздің азаматтарымызды жаңа жағдайда еңбек етуге бейімдейді. Бұл, сөз жоқ, олардың өмір сүру, жұмыс істеу деңгейін көтеріп, Қазақстанның әлемдегі дамыған елдер қатарына енуінің кепілі болады. «Қазақстан — 2050» стратегиясын жүзеге асыру мемлекетімізді сапалық жағынан көтеріп қоймай, қазақстандықтардың өмір сүру деңгейіне ауқымды өзгерістер әкеледі. 

Менің өз өмір жолымда көптеген өзгерістерді көрген адам ретінде айтарым, осынау кең ауқымды жобаны игеру, жүзеге асыру үшін әрбір қазақстандықтың аянбай еңбек етуі қажет. Елбасымыз айтқандай, шағын бизнес әр отбасының ұрпақтан-ұрпаққа берілген салтына айналуы керек. Сондықтан да әрқайсысымыз бизнестің құқықтық механизмін оқып-үйренуге міндеттіміз. Кейін оны ұрпақтан-ұрпаққа үйретіп, мұраға қалдыруға тиіспіз. Осының бәрі халықтың бірлігі мен ынтымағы жалғасқан жерде болады. 

Жарқын болашағымызға қол жеткізу тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуының айғағы болса керек. Халықтың бірлігі мен достығы, сан ұлттың ынтымақ, ауызбірлік туы астында топтасуы еліміздің болашақ идеологиясы дер едім. Ал, ол идеология — Мәңгілік Ел болу. Бұл, бәрімізге белгілі, ата-бабаларымыздың сан жылдардан бергі тілегі, ғасырлар бойы халықтың қанымен, маңдай терімен жазылған тарихи мақсат-мүддесі. Сондықтан да, Елбасымыз өзінің осы Жолдауындағы Мәңгілік Ел болуға қол жеткізу идеологиясын барша адамзатқа орынды ұсынып, оның кейінгі ұрпаққа саналы түрде жетуін міндеттейді. 

Қарап отырсақ, біздің өңірде де қол жеткен табыстарымыз аз емес. Дүниежүзінде теңдесі жоқ «Қашаған» кен орны іске қосылды. «Болашақ» мұнай өнімдері технологиялық кешені, «Атырау-Жарық» АҚ-ның 75мВг энергия кешеніне қол жеткізілді. Соңғы кезде Атырауда ауыл шаруашылығы кешендері айтарлықтай қарышты қадамдар жасады. Махамбет ауданындағы «1 Мамыр» өндірістік кооперативі сүт өнімдерін молынан шығарды. Әлемдік тамақтану институттары жоғары бағалайтын ешкінің сүтінен дәрумендер жасау және басқа да көптеген жаңа жұмыстар қолға алынды.

Елбасымыздың: «Мен Мәңгілік Ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары «Қазақстан -2050» стратегиясының түп қазығы етіп алдым», — деуінің өзінен ел болашағының айқын, бірлігі берік, тірлігі бекем болатыны, соған сай біздің бәріміздің тұғырлы Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтай білуіміз қажеттігі айқын көрініп тұрған жоқ па?! Ол күнделікті өмірде өзімізге өзіміз есеп беріп, ертеңімізді болжап, ұдайы алға ұмтыла беруіміз шарт дегенді меңзейді. Болашақ ұрпаққа үлгілі өнеге мен тәлімді тәрбие беру, түптеп келгенде, бүгінгі сіз бен бізден басталады.

Жеңіс АРОНОВ,

«Аяз би» ауыл мәдениетін қолдау қорының төрағасы,                        

Мәдениет қайраткері.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button