«Аяғыма тұрсам, елге қызмет қылғым келеді»
Бүгін «№4 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының» қызметкерлері мен тұрғындары №13 референдум учаскесінде өз таңдауларын жасады.
Бүгінгі таңда орталықта 106 адамға қызмет көрсетіледі, 71 қызметкер еңбек етеді. Махамбеттік Александр Чечин орталықта 2020 жылдан бері тұрып келе жатқан I топ мүгедегі. Тағдырдың жазуымен қоларбаға таңылған 34 жастағы жігіттің «жазылып кетемін» деген үміті зор. Бүгінде мемлекеттен жәрдемақы алады. Орталық қызметкерлерінің көмегінсіз қимылдай алмайтын жігіт ағасы «аяғыма тұрсам, елге қызмет қылуды армандаймын» дейді.
– Әрине, мұнда үйдегідей болмайды ғой. Анам да осыдан бірнеше жыл бұрын қайтыс болды. Тілеуімді тілеп отыратын әкем бар. Алайда, ер адамға қиын ғой, анам секілді қарай алмасы анық. Оның үстіне жұмыста. Апа-қарындастарым бар. Олардың өздерінің жанұялары бар. Көп салмақ салғым келмейді. Аллаға шүкір, бүгінде орталық қызметкерлері барынша көмектесіп, біздің асты-үстімізге түсіп жатады. Ел деген осы ғой. Тәуелсіздігіміз тұрлаулы болса, біз алмайтын қамал жоқ, — деді үмітін үзбей келетін замандасымыз.
Алмас ҚАБДОЛОВ