Жарнама
Саясат

АДАСТЫРМАЙТЫН АЙҚЫН БАҒЫТ

Президент Жолдауы біздің педагогикалық ұжым арасында да кеңінен талқыланды. Мектепте насихаттық-ақпараттық топ құрылып, осынау өмірлік маңызы бар құжатты түсіндіру және талқылау жұмысына қызу кірістік. Жолдауда әлеуметтік салаға, оның ішінде, білім жүйесіне ерекше көңіл бөлінді. Соңғы жылдары білім сапасын көтеріп, оқыту үдерісіне қазіргі заманғы әдістемелер мен технологияларды енгізу, мұғалім беделін арттыру, жалақыларын еселей түсу Елбасы Жолдауында жиі айтылып жүр. Соның арқасында білім қызметкерлерінің кешегіден бүгіні көш ілгері десек қателеспеспіз.

Осыған сәйкес заман көшінің соңында қалмай, уақыт талабына сай ілгері дамуды бетке алып келе жатқан «Көктем» қазақ орта мектебі – білім мен өнерді қатар игертіп, өнегелі ұрпақ тәрбиелеуді ортақ мақсатқа айналдырып келе жатқан ұжым. 2003 жылы пайдалануға берілген біздің мектебіміз өткен жылы күрделі жөндеуден өтіп, материалдық-техникалық базасы толықтырылды. Атап айтар болсақ, медициналық кабинет, асхана жабдықтары, интерактивті тақталар, компьютерлер, жаңа модификациялық кабинет, спорттық жабдықтар, тағы басқа оқу-тәрбие үрдісінің өз деңгейінде жүру үшін қажеттіліктің барша жағдайы жасалып отыр. Елдің өсуі мен экономикасының дамуы әрбір азаматтың немесе ұжымның жауапкершілігіне байланысты десек, мектеп мұғалімдері мен оқушылары соған сай еңбек етіп, білім алуда. Педагогикалық ұжым соңғы бес жыл ішінде оқушы білімін объективті түрде айқындап, бағалау моделі ретінде мойындалған ҰБТ нәтижесі бойынша  аудан мектептері арасында үнемі алдыңғы қатардан көрінуде. 2011 жылы «Үлгілі білім мекемесі», 2013 жылы «Жыл мектебі» номинациясын иеленді.

Сонымен қоса, биыл ауданымызда кейбір балабақшалар мен мектептердің күрделі жөндеуден өтуі, бес мектептің күрделі жөндеуден өтуге жобалық-сметалық құжаты жасақталып дайын тұруы, жеті мектептің электронды оқу жүйесіне дайындығы, 736 мұғалімнің 122-сі деңгейлік бағдарламалар бойынша біліктілік арттыру курсынан өтіп, жоғары жалақыға қол жеткізуі – мемлекет қамқорлығының жемісі. Жаңадан ашылған С.Сейфуллин орта мектебі жанындағы 40 бала қабылдаған шағын топ, аудан орталығында орналасқан дене шынықтыру және сауықтыру кешені, жасыл алаңдар туралы да осыны айтуға болады.

Биыл да Елбасы «Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда, бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр» деп білім беру жүйесіне үлкен міндеттер жүктеді. Елдегі жалпы орта мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу, білім беру саласы қызметкерлерінің жалақысын 29 пайызға өсіру, 2020 жылға қарай Қазақстандағы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту, 2017 жылға дейін орын жетіспеушілігін жойып, елдегі барлық мектепті екі ауысыммен оқытуға көшіру – мұның барлығы Елбасының келешек ұрпағымыздың өсіп-өнуі үшін жасап жатқан парасатты қадамдары деп түсінемін.

Орынша ДІЛМҰҚАШЕВА,
«Көктем» қазақ орта мектебінің директоры,
 Индер аудандық
мәслихатының депутаты.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button