АВТОБЕКЕТ ИЕСІЗ, АВТОТҰРАҚ ЖҮЙЕСІЗ

Саясат

  «ҚАҒАЗДА БӘРI ҚАТЫП ТҰР…» 

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Аманжан Тәкешовтің баяндамасынан ұққанымыз, аймақта 72 тұрақты маршрут бар. Бүгінгі таңда облыс бойынша жолаушы тасымалымен 14 мекеме айналысады. Былтыр жиырмаға тарта қалаішілік маршруттың жеңімпазы атанған «АйсТрансХолдинг» ЖШС өз қаражаты есебінен 20 автобус сатып алған, жыл аяғына дейін тағы да қосымша 50 автобус алуды жоспарлап отыр екен. 

Басқарма басшысы жасалынып жатқан жұмыстармен қатар, жолаушылар тасымалындағы мекемелердің кемшілігіне де тоқталды. Жүгенсіз кеткен билет сату жүйесі, маршруттарда автобустардың жетіспеуі, рейс алдында жүргізушілерді күнделікті медициналық тексеруден өткізу, көліктердің техникалық жарамдылығын тексеру шараларының өз деңгейінде ұйымдастырылмайтындығын тұрғындар да жетік біледі. «Шет ел азаматтары жұмыс берушілермен еңбек шартын жасаспай, уақытша көлік жүргізуде. Тасымалдаушылар оқушыларды алмай кетеді. Аралық уақыт сақталмауынан автобустарды аялдамаларда жолаушылар көп уақыт күтіп қалады»,-деген ол осы салада қызмет атқарып келе жатқан кәсіпкерлердің шағымдарына бейжай қарау фактілері орын алғанын атап айтты. 

 АВТОБЕКЕТТІҢ АТЫ ҒАНА БАР… 

Вокзал маңы мөлтекауданында орналасқан автовокзал жұмысын жүйелі жүргізу үшін Атырау қаласы әкімдігі, «Аджип Қазақстан Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясы және «АСАЗ» ЖШС арасында келісім-шарт жасалған. Облыс орталығындағы «Каспий» өңіраралық көліктік бақылау инспекциясы тарапынан оның қызметіне бірнеше рет тексеру жүргізілген. Нәтижесінде, автовокзалдың заң талаптарына сай емес екені анықталды. Кемшіліктерді жоюға нұсқама берілген. 

Алайда, одан қорытынды шықпауына байланысты автобекетті тізілімге кіргізу мүмкін емес. «Аймақта қолданысқа енгізілген автостанциялардың болмауынан халықаралық, облысаралық және қалааралық бағыттарда автобустардың келу және кетуін қамтамасыз ету мақсатында уақытша кассалық бекет ретінде пайдаланып келді. Енді жаңадан автовокзал салынып, реестрге алынғаннан кейін бұл кассалық бекет жабылуы тиіс»,-деді басқарма басшысы А.Тәкешов. Ал, жаңа вокзалдың құрылысын «Қуаныш» жеке кәсіпкерлігі қолға алған. Бизнес иесі автовокзалдың пайдалануға толықтай дайын екендігін айтқанмен, биылдан бастап күшіне енген ұлттық стандартқа сәйкестігі комиссиямен кері қаралып жатқан көрінеді. Оның үстіне, тасымалдаушылар тізілімге кірген жаңа автовокзалдың қала сыртында орналасуын алға тартып, келісім-шарт жасаудан бас тартып отыр.

Осы орайда Атырау қалалық көлік прокуроры заң талаптарына сәйкес автовокзалдың реестрге алынбауына қатысты сауалын жолдады. «Белгілі болғандай, тізілімге енгізу үшін келісім-шарт, жарықтандыру, тұрақ мәселесі шешілуі тиіс екен. Сонда оны жасауға болмай ма? Такси қызметінде жүйесіздік өте көп. Жеке кәсіпкер салық төлеп отырғаннан кейін оған барлық жағдай жасалуы тиіс»,-деді ол.

Бұл жағдайды жолаушылар тасымалымен айналысып жүрген мекеме басшылары да қостады. Шынымен де, темір жол вокзалына бара қалсаң, орын жоқ. Патентті таксилер бос тұрады да, кез-келген көлік жолаушыларды алып кетіп жатады. Атырау қаласы әкімінің орынбасары Жұмабай Қарағаев биылдан бастап облыс орталығында 28 такси тұрағы ашылатындығын жеткізді.   

ЗАҢСЫЗ ТАКСИГЕ КІМ ТОСҚАУЫЛ ҚОЯДЫ?

Аймақта такси қызметі де өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Басқарма басшысының айтуынша, облысішілік тұрақты маршрут иелеріне қиындық келтіретіні – жеңіл автокөлік иелерінің жолаушыларды заңсыз тасуы. Осынау қызмет түрін нәпақа көзіне айналдырған кәсіп иелерімен күресті күшейтуге әкімдіктер де атсалысуы қажет. 

 «2020 жылға дейінгі бағдарлама аясында облыстағы аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендерден 67 такси тұрағын салу жоспарлануда»,-деді баяндамашы. 

Атырау облысы Көліктік бақылау инспекциясының басшысы Самат Ғилымовтың пікірінше, такси тұрағын салуға қаражаттың қажеті жоқ. Тек ортақ мүдде үшін бірлесіп жұмыс істеу керек. «Әуежай мен темір жол вокзалынан түсетін қонақ алдымен көлік қызметіне жүгінеді ғой. Алдымен сол жердегі тұрақ сақадай сай болуы керек. Егер бұл салада тәртіп орнаса, тіркелген такси қызметі де көліктерін жаңасына өзгертуге әзір. Ол үшін қатаң шара қолдану қажет»,-дейді ол. Сонымен қатар, бізде логистика жайы әлі ақсап жатыр. Жолаушылар легін анықтағаннан кейін ғана маршруттар тағайындау керек. Ірі сауда орталықтарында тұрақ жайын реттеген жөн. 

Шынтуайтқа келгенде, заңсыз жолаушылар тасымалы жол-көлік оқиғаларының көбеюіне әкеп соқтырып отыр. Облыстық Ішкі істер департаменті Әкімшілік полициясы басқармасы басшысының орынбасары Мырзалы Өтеғалиевтың хабарлауынша, былтыр облыста 504, биылғы жылдың  екі айында 48 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Мұның себеп-салдарын ол қарапайым жол қауіпсіздігінің негізгі талаптарын орындамау, көліктердің жарамдылығын тексеретін базасы, мамандар, құрал-жабдықтар, медицина қызметкерлерінің жұмысының өз дәрежесінде ұйымдастырылмауымен байланыстырды. Мысалы, өткен жылы автобус жүргізушілерімен 822 жол қозғалысы ережесінің талаптарын бұзу фактілері анықталған. 

Бұдан басқа жиналыста «Автостоянка А», «Теңізавтокөлік» ЖШС-лері басшылығының жұмыстары да тыңдалды. Облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Әдиетұлы күн тәртібіндегі мәселе бойынша нақты шаралар алынатынын ескертті. 

Айбөпе САБЫРОВА.
Суретті түсірген 
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ. 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған