АЭС: Отандық кәсіпорындар рөліне назар аударылды
Сенат депутаттары Наурызбай Байқадамов пен Руслан Рүстемов Алматы қаласына барып, Ядролық физика институтының жұмысымен танысты, сондай-ақ Қазақстан-Британ техникалық университетінің ұжымымен кездесті.
Университет оқытушылары мен студенттерімен кездесуде атом энергетикасында көп жылдық тәжірибесі бар халықаралық компаниялардың АЭС құрылысына қатысу мәселесі талқыланды. Жобаның қауіпсіздігін Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік бақылайды, ал шығындар Дүниежүзілік банктің қадағалауымен қоса үш деңгейлі аудиттен өтеді.
Сенатор Руслан Рүстемовтің айтуынша, атом өнеркәсібіндегі отандық кәсіпорындардың рөліне ерекше назар аударылды. «Қазатомөнеркәсіп» компаниясында уран өңделеді әрі ядролық отын қалдығы жинақталып көміледі. Елімізде ядролық реакторлар жарты ғасырдан аса уақыт жұмыс істеп келеді. Шикізаттық емес әлеуетті дамыту үшін атом энергиясын тиімді пайдалануға бағытталған ғылыми жобаларды жүзеге асыру қажет.
«Еліміздің шикізаттық емес әлеуетін дамытуда Ядролық физика институты ғалымдарының зиянды органикалық заттардың, зиянды микроорганизмдердің, судан радиациялық өңдеу арқылы таралатын аурулардың, химиялық реакциялардың әсері туралы жобаларын жүзеге асыруға уақыт қалған жоқ. Институт ғалымдары озондауға қарағанда, радиациялық өңдеудің үнемді екенін және хлорлаудан әлдеқайда тиімді болатынын, сонымен қатар әлемдегі азық-түлік тапшылығын өтейтінін ертеде дәлелдеген еді. Бейбіт атомның ел экономикасындағы әлеуетін арттыру мен оның өнеркәсіптегі жетістіктерін тиімді пайдалануға бағытталған жобаларға жол ашу керек», — деді Р.Рүстемов.
Сонымен қатар депутаттар алдағы референдумның маңызына тоқталып, оны азаматтар мен мемлекет арасындағы саяси мәдениет пен сенімді нығайтудың маңызды құралы деп атады. Олар отандастарымызды дауыс беруге белсенді қатысуға шақырды.