ХАЛЫҚҚА – МІНСІЗ ҚЫЗМЕТ

Кеше Үкімет үйінде ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен селекторлық кеңесте мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы сөз болды. Онда көтерілген мәселелерді Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев, облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары онлайн жүйесінде тыңдады.
Қазіргі таңда Қарағанды мен Алматыда мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталықтары өз жұмысын сапалы жүргізуде. Сонымен қатар, Ақтау мен Астана қалаларында орталықтың құрылысы салынып жатыр. Жоспар бойынша Ақтаудағы орталық ағымдағы жылдың 25 мамырында, ал, Елордада 1 қазан күні ашылады деп күтілуде.

Атырау облыстық Халыққа қызмет көрсету орталығының директоры Қайрат Қонысұлының айтуынша, Атырауда мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығын салу 2014 жылға жоспарланып отыр. Құрылысты салу үшін қаржы республикалық бюджеттен қарастырылуда. Ал, абаттандыру, инфрақұрылым жұмыстарын жүргізуге облыс әкімдігі тарапынан қолдау көрсетілмекші. Қазіргі таңда қалалық әкімдіктен Атырау-Астрахан тасжолы бойынан төрт гектар жер бөлінді.
– Аталмыш орталық екі саланы қамтиды, – дейді Қайрат Қонысұлы. – Атап айтсақ, автокөліктердің техникалық төлқұжаты мен жүргізуші куәлігін алуға қызмет көрсетіледі. Осы орайда «неліктен кең көлемді жер бөлінді?» деген сауал туындайтыны орынды. Себебі, жүргізуші куәлігін алушылар сол орталықтың ішінде емтихандарын тапсырады. Көлік жүргізуге оқу-үйрену алаңы да осында болмақ. Жүргізуші куәлігін жоғалтып алған кезде де екі сағаттың ішінде жаңа құжаты дайын болады.
Ал, техникалық төлқұжатқа келер болсақ, автокөлік сол жерден тексеріліп, есепке тіркеліп, нөмірі беріледі. Бір сөзбен айтқанда, көлік жүргізушілері үшін барлық жұмыс бір жерден бітуге және уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді.
– Бұл мәселе Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа Жолдауынан туындап отыр. Сол себепті, әр аймақ басшыларына барлық тиісті жұмыстарды өз уақытында атқарып, жер бөліп, дайындық жұмыстарын жүзеге асыруды тапсырамын, – деп Б.Сағынтаев мәселенің өзектілігіне үлкен жауапкершілікпен қарауды міндеттеді.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз