ДЕПУТАТТАР АЛДЫНДАҒЫ ЕСЕП

V сайланған Қызылқоға аудандық мәслихатының кезекті ХХV сессиясында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Мақсот Мұқанов аудан көлемінде биылғы жылдың бірінші жарты жылдығында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады.


КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛДЫ

Аудандағы шағын және орта бизнес саласы бойынша тіркелген 884 шағын кәсіпкерлік субъектілерінің өндірген өнімі, жұмыс және қызмет көлемі 620 млн. теңгені құрды. Мұқыр селолық округінен дәріхана, Сағыз селолық округінен наубайхана, Миялы және Жасқайрат селоларынан азық-түлік дүкендері іске қосылып, бес жаңа жұмыс орны ашылды. Шағын және орта кәсіпкерлікті несиемен қамтамасыз ету мақсатында жыл басынан бері 192 600 000 теңге несие берілген. Миялы селосындағы 1000 тонналық азық-түлік және көкөніс сақтау қоймасы арқылы аудан көлеміндегі сегіз селолық, ауылдық округ тұрғындары жыл бойы үздіксіз қамтамасыз етіліп келеді.
Аудан көлемінде бағаны тұрақты ұстау мақсатында облыстық тұрақтандыру қоры арқылы 12,3 тонна картоп, 0,07 тонна қырыққабат, 0,09 тонна сәбіз және 3,1 тонна пияз сатып алынып, халыққа ұсынылды.
Сонымен қатар аудан көлеміндегі наубайханаларда нан бағасын тұрақтандыру үшін жеке кәсіпкерлер Батыс Қазақстан облысынан 2 тонна бірініші сұрыпты ұн әкеліп, алдағы уақытта ұн тасымалдау үшін келісім-шартқа отырды.

СЫН ТҮЗЕЛМЕЙ, МІН ТҮЗЕЛМЕЙДІ

Облыс басшысы ауданымызда іс-сапарда болған кезінде аудан көлемінде ірі қара, қой малы басының азайып кеткенін, сондықтан мал шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударудың қажеттігін баса айтқан болатын. Осыған орай аудан көлемінде мал басын көбейту мақсатында қарқынды жұмыстар қолға алынды. Соның нәтижесінде үстіміздегі жылдың алты айында қой-ешкі 208 басқа, мүйізді ірі қара 64 басқа, түйе 4 басқа өскен. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту мен малдан алынатын өнім түрлерін молайту мақсатында «Жасқайрат» ЖШС-гінде Атырау етті, майлы, елтірілі, құйрықты қойы өсірілуде.

ТҰРҒЫН ҮЙ ҚОЛ ЖЕТІМДІ БОЛА БАСТАДЫ

Аудан көлемінде жаңадан жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін бөлуге қатысты арыздар қаралып, 111 тұрғынның арызы арнайы есепке алынып, кезекке қойылды. Сонымен қатар, «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы бойынша 10 тұрғын үйге жер телімі бөлініп, кәсіпкерлік саласында құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін 21 жер теліміне таңдау актісі берілді. Ал, әлеуметтік сала бойынша 10 нысанға құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін алдын ала таңдау, зерттеу, келісім алу актісі жасақталды. Атап айтқанда, аудан орталығы – Миялы селосынан кіші авиация мен тікұшаққа арналған ұшу-қону алаңы, тал көшеттерін егу алаңы, мінәжат ету үшін түнек үйі, Қарабау ауылынан жастар және футбол алаңдары, Жасқайрат және Қаракөл ауылдарынан балалардың ойын алаңы, Жанкелдин ауылдық округінің әкімшілік ғимараты бар.
Аудан орталығы – Миялы селосынан 3 бөлмелі бір пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысын салу үшін мемлекеттік сатып алудың электрондық конкурс тәсілімен веб-порталға жарияланса, Көздіғара ауылдық округінің орталығы – Қоныстану селосынан салынатын екі пәтерлі бір тұрғын үйдің жоба-сметалық құжаттамасы жасақталды.
Тұрғын үй сұрап өтініш берген 14 тұрғынның 13-нің мұқтаждығы дәлелденіп, есепке қойылды. Ал, Ойыл, Жанкелдин, Қызылқоға ауылдық округтеріндегі учаскелік полиция мамандарына қызметтік тұрғын үйлер сатьп алуға 11 млн. теңге жоспарланып, заң талабына сай электронды хабарлама берілді.

БАСТЫ МАҚСАТ – ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛЕУЕТІН ЖАҚСАРТУ

Бүгінгі таңда облыстық бюджеттен 28 500 000 қаржы бөлуге сұраныс беріліп отыр. Бұл қаржыға Мұқыр селолық округіне ауыл ішіндегі және дала өрттерінің алдын алу үшін көп функциональды арнайы автокөлік сатып алуға, «Қарасу», «Тайсойған» жер асты су қойнауынан қосымша скважиналарды іске қосуға, аудан тұрғындарын негізгі ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған «Қарасу-Тайсойған-Кереген» жер асты су қойнауларынан тереңдіктен су соруға арналған насостар алуға жұмсалмақ. Сонымен қатар, Қарабау, Сағыз, Мұқыр елді мекендеріндегі селоішілік су құбыры бойындағы судың қысымын қалыпты ұстай отырып, халықты ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін арнайы «вакуумдық» насостар алуға және селоішілік су құбырын тарту жобасына енбей қалған тұрғын үйлерге қосымша жобалық-сметалық құжаттар жасақтауға сұраныс берілген.
Бұдан әрі аудан әкімі Мақсот Мұқанов аудан көлемінде үстіміздегі жылдың алты айында денсаулық сақтау, мәдениет саласында атқарылған жұмыстарға, жастармен жүргізілген ауқымды шараларға, спортты дамыту барысында атқарылған өзекті істерге жан-жақты тоқталды.

Мағрупа ҚАЗИХАН,
Қызылқоға ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз