Жағдайыңыз қалай, зейнеткер?

014 002 СарапTime

ҚАЗІР ЕКІ ҚАРИЯНЫҢ БАСЫ ҚОСЫЛСА, ТҰРМЫСТЫҢ АУЫРЛЫҒЫ, АЛЫП ОТЫРҒАН ЗЕЙНЕТАҚЫНЫҢ АЗДЫҒЫ СӨЗ БОЛАДЫ. ОЛАР ОСЫЛАЙША КҮНДЕЛІКТІ ТІРЛІКТЕРІНЕ РЕНІШ БІЛДІРІП, КҮЙІНЕТІНДЕРІН ДЕ ЖАСЫРМАЙДЫ. ҚАРАП ОТЫРСАҢЫЗ, ОЛАРДЫҢ БІРАЗЫ – ДІМКӘС, ЖАЛҒЫЗІЛІКТІ ЖАНДАР.

…Біраздан бір-біріне көрші тұратын Мария мен Зинаида апайлардың жасы жеті ондықты еңсеріп тастады. Алдыңғысы тұрмысқа шықпай қалса, соңғысы жан дегенде жалғыз ұлынан қапыда айырылып қалған. Көшеде кездесе қалса, мені бұрыннан танитын адамдай әңгіме тізгінін ағытып қоя береді.

– Василийім тірі болса, кеше 50-ге толар еді. Мектепте оқып жүрген кезінде Жайыққа кетті… Ең болмағанда үйленіп, бала сүйе алмады… – деп жанары жасаурады.

Әзір өзінің жүріптұра алатынын, төсек тартып қалса, жағдайының мәз болмайтынын да айтты.

«Қазір Мария құрбым екеуміз «Насиха» пассажына қарсы беттегі «Мирас» дүкеніне барамыз. Бүгін жұма ғой, дүкен қожайындары нанды тегін таратады…» дейді.

Сол бір қалаш нанды бірнеше күн азық ететіндерін, зейнетақы алғанда мысық-күшіктерге тағам алып беретіндерін де жасырмады.

ПЕЙІЛДІҢ ТАРЫЛУЫ КӨП

«Айтпаса, сөздің атасы өледі». Дұрыс-ақ. Біреуден естіген емес, өзіміз көріп, куә болып отырғанымыздай, қазіргі күнде туған ата-ана мен бауырға деген адами көзқарас өзгеріп бара жатқанға ұқсайды. Ол өзгеріс неден: адамнан ба, қоғамнан ба, заманнан ба? …Өмірге қос ұл әкелгеннен кейін Зәуре аурудан шықпады. Бірде тынысы тарылып, есінен танып қалады. Ауруханаға жеткізгенмен, көмек болмайды. Аналары аяқ астынан ажал құшқанда, ағалыінілі балалар мектепте оқитын.

 Екі жақтағы туыстар әкелерінің екінші қайтара үйленгенін қаласа да, ол: – Бәрібір ешбір әйел олардың өз аналарындай болмайды. Құлындарымды өзім бағамын! – дейді.

Сырғыған құмдай уақыт көзге ілеспей өте шығады да, қос ұл қос келін түсіреді. Мұндайда кінәнің кімнен екенін дөп басып айту қиын, әрине. Не керек, отбасылы ағалы-інілі екі жігіт өз әйел-баласымен бөлек кетеді де, ана орнына ана, әке орнына әке болған отағасының соқадай басы сорайып, жалғыз қалады. Алпыстан асып, жетпісіне иек артқан әке зейнеткер, бүгінде өз күнін өзі көруде. Болмысынан сабырлы, қиындыққа шыдамды ол айналасындағы көршіқолаң мен ағайындарға бала-келіндері жайлы ешқандай ғайбат сөз айтпайды. Келмесе де, «келіп тұрады», бермесе де, «беріп тұрады» дейді. Әй, іштен шыққан шұбар жылан-ай. Неге ғана үлкенді бордан, кішіні зордан жаратты екен?..

ЕРТЕҢІҢДІ БҮГІННЕН ОЙЛА

Жас кезінде босбелбеулікке салынып жүріп қалған бір ағай зейнет жасы келгенде, алатын зейнетақысына көңілі толмапты.

«Мұнысы несі?! Менің таныстарымның пенсиясы әлдеқайда көп…» десе, жанында отырған бір құрдасы: «Бәке, ештеңе етпес. Бұл күнге де жетпегендер қанша. Айттым саған: «гастрольдеріңді» қысқартшы деп, тыңдадың ба мені?!» деп әзілдеген екен.

Бұдан басқа еңбеккердің өзіне қатысы жоқ әлеуметтік факторлар да баршылық. Ол – жұмыс жасап жүрген мекеменің жабылып қалуы, штаттың қысқаруы, аяқ астынан ауырып қалу, тағы басқадай. Ойлап қарасақ, расымен де, ертеңіңді бүгіннен ойлайтын күн келді. Жұмыстан қалмасаң, еңбекақың жоғары болса, қартайғанда алатын зейнетақың да көңіл көншітерлік болуы мүмкін.

Лиза СЕЙТІМОВА

БІЛЕ ЖҮРІҢІЗ

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің №1 зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Құрманай Қалиевадан білгеніміздей, зейнетақылардың тағайындалу, есептелу және төлену тәртібі бар. Айталық, қазіргі күнге: Айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшері – 3 063 теңге; Ең төменгі зейнетақы мөлшері – 46 302 теңге; Базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 19 450 теңге; Базалық зейнетақы төлемінің ең жоғарғы мөлшері – 36 018 теңге; Күнкөріс деңгейінің мөлшері – 36 018 теңге; Ең төменгі табыс мөлшері – 60 000 теңге.

МЫСАЛДАР:

46 302 т + 36 018 = 82 320 теңге (еңбек өтілі толық болған жағдайдағы зейнетақы мөлшері) 71 000 т + 36 018 = 107 018 тенге (бұл шамамен ең жоғары зейнетақы мөлшері) Мүгедектігіне, жалпы аурулығына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері I топ – 69 155 теңге; II топ – 55 108 теңге; III топ – 37 459 теңге;

БАЛА КЕЗІНЕН МҮГЕДЕКТІГІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ

I топ – 69 155 теңге; II топ – 57 269 теңге; III топ – 43 222 теңге; Ал, 7 жасқа дейінгі мүгедек балаларға берілетін жәрдемақы мөлшері – 50 426 теңге. 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларды тәрбиелейтін ата-аналарға, қамқоршыларға төленетін жәрдемақы мөлшері және I топтағы мүгедектің күтімі бойынша төленетін жәрдемақы мөлшері – 50 426 теңге.

ҚАРТЫМЫЗ – ҚАЗЫНАМЫЗ

Бүгінде облыста 62 200-дей зейнеткер бар. Оның ішінде базалық зейнетақы алатындар – 54 мыңның, мүгедектігі бойынша мемлекеттік жәрдемақы алатындар – 18 мыңның, ал асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алатындар 6 мыңның үстінде. Әрине, осы мәліметті біз Атырау қаласы мен аудандарға бөлетін болсақ, ең көп зейнеткері шоғырланған жер, сөз жоқ, облыс орталығы – Атырау қаласы, одан кейінгі орындарда Жылыой және Құрманғазы аудандары. Сондай-ақ, облыста тағдыр тауқыметін тартып келе жатқан 23 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан болса, соның I тобын – 2 040, II тобын – 9 097, III тобын – 8 032, 3 615-сін мүгедек бала құрайды.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз