ЗАУЫТТАН келер ЗАЛАЛ көп

werthjkbn СарапTime

АТЫРАУДАҒЫ АУАНЫҢ ШЕКТЕН ТЫС ЛАСТАНУЫ ТЕК ЖЕРГІЛІКТІ ЖҰРТШЫЛЫҚТЫ ЕМЕС, РЕСПУБЛИКА ПАРЛАМЕНТІНІҢ ДЕПУТАТТАРЫН ДА АЛАҢДАТЫП ОТЫР. ОБЛЫС АУМАҒЫНДАҒЫ МҰНАЙ ӨНДІРІСІ ОШАҚТАРЫНЫҢ АУАҒА ЛАСТАУШЫ ШЫҒАРЫНДЫЛАРДЫ ТИІСТІ ТАЛАПТАН ТЫС ШЫҒАРУЫ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛДЫ КҮННЕН-КҮНГЕ КҮРДЕЛІЛЕНДІРІП БАРАДЫ. АЛАЙДА, ОНЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӘНЕ БОЛДЫРМАУ ШАРАЛАРЫН ҚАБЫЛДАУҒА ҚҰЗЫРЛЫ ОРГАНДАРДЫҢ ҚҰЗЫРЕТІ ЖОҚ НЕМЕСЕ НЕМҚҰРАЙЛЫЛЫҚ БАСЫМ. ОСЫҒАН ОРАЙ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ НҰРЛЫБЕК ОЖАЕВ РЕСПУБЛИКА ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ РОМАН СКЛЯРДЫҢ АТЫНА ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ ЖОЛДАДЫ.

Мәселе облыс аумағындағы атмосфераға күкіртті сутегі, күкірт диоксиді, көміртегі және азот оксидтері секілді уытты заттардың бөлінуін азайтуға Үкімет деңгейінде қатаң бақылаудың болмауынан туындап отырғаны жасырын емес. Тек соңғы үш жылда ғана Атырау жеріндегі мұнай алпауыттары – «Теңізшевройл», NCOC және мұнай өңдеу зауыты атмосфераға 320 мың тонна ластаушы заттар шығарыпты. Бұған негіз – республика Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің осы үш жылға 726 000 тонна лимит бекітуі. Ол нақты ластаушы шығарындыдан 56%-ға артық. Демек, тиісті технологиялық процестер мен теңіздің экологиялық көлемін ескере отырып, лимитті кеміту жолымен компанияларды шығарындыларын азайтуға мәжбүрлеудің орнына, министрліктің ауаны ластауға емін-еркін жағдай жасауы «қасқырға қой бақтырғанмен» тең әрекет. Тіпті, таңдай қақтырмай қоймайды. Ал, депутат Нұрлыбек Ожаев өз сауалында экологтар мен жер қойнауын пайдаланушылардың тексеру барысында бекітілген лимитті ғана негізге алуды үрдіске айналдырғанын айтып дабыл қақты.

«Осыған байланысты, жыл сайынғы бекіту кезінде ауаны ластау лимиттерін мейлінше төменгі шектік деңгейге түсіру қажет» дейді депутат.

Тағы бір өзекті мәселе – ауаны бір жолғы ластау дәйегінің шекті рұқсат етілген концентрация (ШРК) мөлшерінен бірнеше есе жоғарылығы. Мұның Атырау жұрты үшін қаншалықты өзекті екенін БАҚ және әлеуметтік желідегі жарияланымдардан-ақ айқын аңғаруға болады.

Нұрлыбек Жұмахметұлы Үкімет басшысының бірінші орынбасары Р.Склярға жолдаған сауалында осы мәселеге де ерекше назар аударған: «Бір реттік зиянды шығарынды кезінде ШРК-ны асырғаны үшін мұнай компанияларын жауапкершілікке тартуда қолданыстағы заңнама және мемлекеттік органдар, әсіресе, экологтар дәрменсіз. Бұл ретте экологтардың объектілерге жасайтын жоспардан тыс тексерулерін мемлекеттік тіркеуден алып тастау және зиянды газдардың бір реттік шығарындылары ШРК-дан асқан жағдайда, айыппұл салу талаптарын күшейту қажет».

Парламент Мәжілісінің депутаты Н.Ожаев өз сауалында күні бүгін Каспий теңізінде экологиялық деректердің шынайылығын қамтамасыз ететін бірде-бір тәуелсіз онлайн-мониторинг орталығының жоқтығына қынжылады. Депутаттың пікірінше, қазір қолданылып жүрген жылына бір-ақ рет мемлекеттік тексеру нормасы жеткіліксіз, ахуалды оңалту үшін оны көбейткен орынды. Оның үстіне, тек Қашаған кен орнының өзінде мұнайдың күн сайынғы өндірісін 450 мың баррельге көтеру жоспарланып отыр. Ал, оның құрамындағы күкіртті сутегінің мөлшері 16%, бұл өте зиянды. Оған «Теңіз» кенішінде іске қосылатын жобалық қуаты 2 млрд. текшеметр газ өндіретін Екінші буын зауыты келтіретін залалды қосыңыз. Ең сорақысы, Теңіз кешенінде зиянды шығарындыны азайтатын арнайы шаң-газ тазарту жабдықтары технология бойынша қарастырылмаған. Ал, Атырау мұнай өңдеу зауытының мұржаларынан үздіксіз алаулап жанып тұратын газды жағуға ешкімнен рұқсат алмайды екен. Демек, «өзі би, өзі қожа». Мұндай өрескелдіктердің саны көбейіп, тұрғындар қаншама рет дабыл қақса да, үш жылда 3 зауытқа салынған айыппұл сомасы – небары 783,7 миллион теңге ғана. Ал, әлемдік тәжірибеде қала аумағында орналасқан зауыттар бар. Бірақ, оларда біздегідей экологиялық проблема жоқ.

Осының барлығын ескере келіп, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Н.Ожаев вице-премьерге жолдаған сауалында өз ұсыныстарын да көрсеткен: «Аталғандардың негізінде мұнай компанияларына: – өз қаражаты есебінен ауаны ластауды азайту мақсатында лицензиясы бар компаниялар арқылы тәуелсіз техникалық аудит жүргізуді; – зауыттағы, жабдықтардың саңылауларынан бастап, алаудағы газдың жану толықтығын жақсартатын акустикалық типтегі жағу қондырғысына дейін тексеру арқылы, модернизациялау шараларын қолдануға ықпал етуді; – нормативтік үлесі, ауа ластаудың 60 пайызын құрайтын әр алауға экология департаменті, прокуратура, ҰҚК секілді мемлекеттік органдардың цифрлық қосымшаларына байланыстырылған сенсорлық, тәуелсіз және үздіксіз мониторинг орталықтарын орнатуды; – қолданыста ондай орталықтары бар компаниялар, заманауи технологиямен жарақтандырып, одан әрі пайдалану үшін оларды мемлекет балансына өткізуді; – мұнай-газ секторындағы, қызметкерлердің денсаулығына әсерлерді зерттеу талаптарын қоюды; – шетелдік мұнай компанияларына қазақстандық тараптан басшы кадр тағайындау кезінде, елге жанашыр, жоғары білікті мамандар ұсынуды сұраймын».

Депутаттың бұл сауалына Роман Васильевичтің жауап қайтарарына күмән жоқ. Дегенмен, ең бастысы – оның нәтижесін Атыраудағы халықтың қашан көретіні. Әйтпесе, шынында да Атыраудағы экологиялық ахуал өте қиындап барады.

Қуат ҚОСЫМБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз