Ауаны аяусыз ластап жатырмыз…

00 Шаһар шырайы

Облысқа іссапармен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытгүл Хаменова «Нұр Отан» партиясының Атырау қалалық филиалында қоршаған ортаны қорғау органдары өкілдерімен және мәслихаттағы әріптестерімен кездесті. Басқосу барысында аймақтағы түйткілді мәселе – экология тақырыбы талқыланды.

«Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының баспасөз хатшысы Эльмира Тұңғатарова хабарлағандай, күні бүгінде өндіріс орындарының лас қалдықтарды ауаға тарату деңгейі артып, оның жылдық көрсеткіші 1000 тоннадан асқан. Ауаны ластаушылардың 85 пайызын мұнай тасымалымен және «қара алтынды» өңдеумен айналысатын кәсіпорындар құрайды.

«Мұнайлы өңірдегі даулы тақырып болып тұрған мәселенің бірі – әсіресе түнгі уақытта халықты мазасыз күйге түсіретін жағымсыз иістер. Тұрғындар иістің қайдан шығып жатқанын білмейді. Көпшілік «оның денсаулыққа зияны тие ме?» деп алаңдауда, – деді Б.Хаменова.

Ал, Атырау облыстық экология департаментінің басшысы Ербол Қуанов өндіріс орындарынан бөлек, ауаны ластайтын бірнеше факторлар барын айтады. «Соның бірі – қоқыс қалдықтарын өртеу кезінде бөлінетін улы газдар. Соңғы төрт жылда ауаға жіберілген зиянды қалдықтар 584 мың тоннаны құраған. Сәйкесінше, өңірде онкологиялық, басқа да тыныс алу аурулары дертіне шалдыққандар саны артқан. Бірақ, оған экологиялық ахуалдың тигізген әсері жөнінде нақты дәлел жоқ» деді ол.

Зерттеу нәтижелері көрсетіп отырғанындай, 2007-2011 жылдар аралығында Атырау қаласының атмосфералық ауа қабатындағы күкіртті сутегінің мөлшері түнгі уақытта 140 есеге дейін жеткен. Және бұл жағдай күні бүгінге дейін жалғасып отыр.
Жиын барысында Атырау қалалық мәслихатының хатшысы Қанат Әзмұқанов облыстың бас экологына тәуелсіз зерттеу институттарына арнайы хат жолдап, зерттеу жұмыстарына шамамен қанша қаражат қажет екенін анықтауды ұсынды. Ал, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Гүлжанат Дүсіпова Атырау мұнай өңдеу зауытының мұржасына ауаның ластану деңгейін көрсетіп отыратын арнайы құрал орналастырып, оны облыс орталығындағы мониторлардан көрсету туралы ой айтты.

Мәлике МӘЛІК

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз