СҰХБАТ: Көзқарас түзелмей, мал көбеймейді!

proprop 2048x1398 1 СарапTime

Ауыл шаруашылығының маңызды саласы – мал шаруашылығы екені сөзсіз. Қазақтың байтақ даласы ежелден мал өсіруге қолайлы қоныс болған. Ата-бабамыз бұл кәсіп түріне ерекше мән беріп, төрт түлікті ғасырлар бойы тіршілігіне басты таяныш етіп келгені де сондықтан. Еліміздің қай өңірінде де соңғы жылдары мал шаруашылығына ден қойғандардың саны артып келеді. Бұл, әрине, қуанарлық жайт. Дегенмен…

Бүгінде болашағы зор бұл саланы жетілдіру әрі жандандыру жағы ақсап жатқаны да жасырын емес. Түлік өсіріп, тұрмысқа қолайлы жағдай туғызу жолында аянбай тер төгіп келе жатқан аза-маттар да баршылық. Солардың бірі – Жәнібек Аралбаев.

«Оңтүстік-Батыс өсімдік және мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу инсти-туты» ЖШС Атырау филиалында аға ғылыми қызметкер болып істейтін ол биыл «Мал асылдандыру үздігі» атанды. Ердің жасын еңсере келген майталман маманның еңбекқорлығын жуырда республика Ауыл шаруашылығы министрлігі де елеген екен. Мерейі үстем азаматқа «Ауыл еңбегі үшін» медалі табысталды.Жыл ішінде үздіктер қатарында көрінген кейіпкерге жыл соңында жолығудың сәті түсіп, бірер сұрағымызға жауап алдық.

Contents
  1. – Биыл мал шаруашылығына сіңірген көп жылғы еңбегіңіз бағаланып, қос бірдей марапатқа ие болдыңыз. Құтты болсын! Мұндай зор құрметке бөленуіңіздің сыры-мен бөліссеңіз? Оқырман Сіздің өмір жолыңыз туралы да білгісі келеді…
  2. – Жалпы төрт түлікті асыл-дандыру жұмысы оңай емес. Ол үшін ондаған жылдар бойы тер төгу керек. Дегенмен, күрделі жұмыстың да өзіндік іске асыру тетіктері бар ғой. Қазір ол қалай жүзеге асып жатыр?
  3. – Атырау облысында мал тұқымын асылдандыру ісін жа-санды жолмен жүзеге асырып отырған шаруашылықтар бар ма?
  4. – Түлікті асылдандырудың түрлерін селекция ғылымы неше топқа бөледі? Ғылымда мал тұқымының сапалылығы қалай анықталады?
  5. – Сонда қазір «малды асыл-дандырып жатырмыз» дегендегі ұстаным қандай, нені негізге алады? Үкімет тарапынан бұл бағытта қандай қолдаулар бар?
  6. – Мал шаруашылығына ма-ман даярлау жағы қалай? Ата кәсібімізді түлетуге құлшыныс танытып жүрген жастар бар ма?
  7. – Әңгімеңізге рахмет.

– Биыл мал шаруашылығына сіңірген көп жылғы еңбегіңіз бағаланып, қос бірдей марапатқа ие болдыңыз. Құтты болсын! Мұндай зор құрметке бөленуіңіздің сыры-мен бөліссеңіз? Оқырман Сіздің өмір жолыңыз туралы да білгісі келеді…

– Иә, биыл екі бірдей атаққа ие болдым. Бұл осы саланың өркендеуі жолында төгілген тердің өтеуі деп білемін. Менің өмір жолым тек қана мал шаруашылығымен байланысты, жастайымнан адал көңіл, шын пейілмен беріле жұмыс жасадым. Негізгі мамандығым – зоотехник. Төрт түлікті асыл-дандыру бағытында табан ау-дармастан қызмет етіп келемін. Биология ғылымдарының кандидатымын. Марапаттар ғылыми-зерттеу институтындағы атқарған еңбегіме орай берілді. Қызмет ба-рысында шаруашылықтарға барын-ша жәрдем бердік. Малды асылдан-дыру бағытында сұрыптау, бағалау жағынан көмек көрсеттік. Ақыл-кеңестерімізді аямадық. Соның бәрі еленіп, осындай құрметке кенелтті.

– Жалпы төрт түлікті асыл-дандыру жұмысы оңай емес. Ол үшін ондаған жылдар бойы тер төгу керек. Дегенмен, күрделі жұмыстың да өзіндік іске асыру тетіктері бар ғой. Қазір ол қалай жүзеге асып жатыр?

– Мал тұқымын асылдандыру дегенде, ата-бабамыздың «Жақсыдан жақсы туады» қағидасы маңызды роль атқарады. Зоотехникалық тілде бұл «іріктеу» және «жұптау» деп аталады. Ол белгілі бір ғылыми желі негізінде жүзеге асады. Қазақта «жақсы қошқар – жарты отар қой» деген сөз бар. Сол себепті асыл тұқымды аталықтан бірнеше сапалы ұрпақ алуға болады. Кәсіби тілде мұны біз «желі» дейміз.

Малды көбейтудің де бірнеше жолы бар. Олар – еркін, яғни табиғи, қолдан және жасанды жол-мен ұрықтандыру тәсілдері. Соңғы кезде тәжірибеде эмбриондарды көшіру жолымен ұрықтандыру әдісі де қолданыла бастады. Қазір республикада малды асылдан-дыру бағыты ет өнімінің мол бо-луын көздейді. Мәселен, сиыр жартылай бос, еркін жайылым-да жүргендіктен асау, үркек бо-лады. Ал, адамға үйренген сауын сиырда ондай тағылық мінез сирек кездеседі. Сондықтан, қолға үйренбеген малды жасан-ды ұрықтандыру біраз қиындық туғызады.

– Атырау облысында мал тұқымын асылдандыру ісін жа-санды жолмен жүзеге асырып отырған шаруашылықтар бар ма?

– Әзірге облыста малды қолмен асылдандырып жүрген жалғыз шаруашылық – Құрманғазы ауданындағы «Құбашев» шаруа қожалығы ғана. Кәсіп иесі Есболат Құбашев үш-төрт жыл бұрын «Асыл» СӨК» ЖШС-мен келісім-шартқа отырып, былтыр 100-ден аса қазақтың ақбас аналық сиы-рын сатып алды. Осылайша, тын-дырымды еңбегінің арқасында асылданған Зеңгі баба тұқымын көбейтуге өзіндік үлесін қосып келеді.Сондай-ақ соңғы уақытта кейбір шаруалар елдегі экономикалық жағдайларға байланысты өздеріне ыңғайлы түлік өсірумен айналыса бастады. Мәселен, Жылыой ауданындағы «Достан Ата» қожалығы бірнеше жылдан бері қалмақ сиырын бағып отыр.

Биыл мұндай шаруашылықтардың саны артты. Құрманғазы ауданындағы «Әмина» шаруа қожалығы 50 сиыр алса, Индер ауданындағы «Ағатай» шаруа қожалығы 100-дің үстінде аналық мал әкелді.Жуырда индерлік тағы бір шаруашылық 100-ден астам қалмақ сиырын сатып алды. Ғажабы, дәл осы тұқым өзгелердің түлігінен өзгеше жаратылған. Заты сиыр демесең, кәдімгі жылқы іспеттес. Өте төзімді, сүтті әрі етті. «Қалмақ тұқымы» деген аты болмаса, бұл – нағыз көшпенділердің қолға ұстаған сиыры. Біздің еділбай қойымыз тәрізді халықтық селек-циядан шыққан. Бұқасы топ ішінде жүріп, еркін әрі табиғи ұрықтану арқылы көбейеді.

– Түлікті асылдандырудың түрлерін селекция ғылымы неше топқа бөледі? Ғылымда мал тұқымының сапалылығы қалай анықталады?

– Мал асылдандырудың мал-ды іріктеу, жұптау және есептерін жүргізу секілді бірнеше қағидаты бар. Соның ішінде маңыздысы – есеп жүргізу. Себебі, өнімділік қасиетін бағалау үшін малдың туған күні, саулық пен қошқар белгілі болу керек. Түліктің ерекшелігіне қарай өзіндік сұрыптайтын уақыты болады. Мәселен, каракөл қойдың асылдығы үш күннің ішінде бағаланса, биязы жүнді қой бір жылда, еділбай қойы 15 айда анықталады. Бұлар – теріге байланысты айтылғаны.

Ал, ет бағытындағы Зеңгі баба тұқымы белгілі жасқа келгендегі тірі салмағымен сәйкестігі, дене бітімі (экстерьер) мен құрылысы (конституция) арқылы сараланады. Сүт бағытындағы малға кел-сек, олардың бір тәулікте беретін сүті, ақуызы, сүттің майлылығы ескеріледі. Ғылымда осының барлығы негізге алынуы тиіс. Сондықтан, әр малдың жеке көрсеткіштері мұқият тізбектеліп отыруы шарт.

Қазір Кеңес дәуіріндегідей малды жыныстық топқа бөлмейді. Бұрын малдың еркегі мен ұрғашысы бөліп бағылды. Аға буын жақсы біледі, мұны «қозы айы-ру науқаны» деп атайтын. Аталық малдың да өзіндік тобы бөлек жай-ылушы еді. Бүгінде ол жүйе толық тарап, жойылып кетті. Малдың бәрі жекеменшіктің үлесінде, ша-руа қожалықтары мен шағын коо-перативтерде бағылады. Ал, төлді жынысына қарай бөлек бағуға шаруагердің мүмкіндігі жоқ. Оны мойындау керек. Сол себепті мал тұқымын асылдандыру ісі тұралап қалды десек артық айтқандық емес.

– Сонда қазір «малды асыл-дандырып жатырмыз» дегендегі ұстаным қандай, нені негізге алады? Үкімет тарапынан бұл бағытта қандай қолдаулар бар?

– Дегенмен, ол жүйе мүлдем құрып кеткен жоқ. Қазір бірер шаруашылықта осы бағытта біраз жұмыстар атқарылып жа-тыр. Атап өту керек, бүгінде асылдандыру тек сиыр малы-на ғана жүргізілуде. Табындап сиыр өсіріп отырғандар екі жыл сайын аталықты, яғни бұқаны ауыстырып отырады. Бұл – өз баласымен шағылысуды болдыр-мау, яғни тұқым тазалығын сақтау үшін жасалатын мақсатты әрекет. Селекциялық ғылымда мұны «инбридинг» деп атайды.

Ал, шаруагерлерді қолдау тұрғысында, әрине, өкімет та-рапынан оң өзгеріс көп. Соңғы бес-алты жылдың ішінде мал шаруашылығына қатысты бұйрықтар сан мәрте өзгерді. Әрине, олардың қарапайым шаруаға қолайлы жағы да, үйлесімсіз тұстары да баршылық. Басшылыққа алар негізгі заңдылықтың тұрақтамауы еңбек адамының шаруашылық бағытта кең көсіле әрекет етуіне кедергісін келтіреді. Заң құбылмалы болған соң, болашаққа батыл қадам жасауға жүрексінетініміз де жа-сырын емес.Дегенмен, «малым – жанымның садағасы» дегенді ұстанған әр қазақ қабілеті жеткенше ілгері дамуға ты-рысып келеді. Қазір төрт түлік өсіру арқылы әл-ауқатын жақсартуға ден қойғандар саны күрт өсті.

– Мал шаруашылығына ма-ман даярлау жағы қалай? Ата кәсібімізді түлетуге құлшыныс танытып жүрген жастар бар ма?

– Шыны керек, ауыл шаруашылығы саласы мамандар тапшылығын көріп отыр. Зоотехник деген мамандықтың соңғы легі біз болармыз деп топшылаймын. Мал дәрігерлігіне де бар ынтасымен берілген қызметкерлерді кездестіру қиынға соғып тұр. Жалындаған жас-тар бұл саланы қаламайды, табы-сы көп мамандықтарды таңдайды. Таңқаларлығы сол, соңғы кезде мал дәрігерлігіне қыз балалар жиі келе бастады. Алайда, бұл мамандар малмен тікелей жұмыс жасағандықтан, әйел затының табиғатына келмейтін кәсіп. Жануармен жағаласа жүріп қан алу, екпе салу негізінен ер-азаматтарға үйлесімді ғой.

Жалпы айтқанда, ауыл шаруашылығы – мамандар даярлауды үзіп алған саланың бірі. Соның ішінде – зоотехния сала-сы. Бұл мамандықты «түбегейлі жойылды» деп те айтуға болатын тәрізді. Себебі, қазіргі күні ешбір оқу орыны «зоотехник» деген мамандықты даярламайды. Сол олқылыққа жол беру арқылы ауыл шаруашылығы саласын ақсаттық. Қазір көптеген шаруашылықта жұмыс жасап жүрген адам болғанмен маман жоқ, ал кейбіріне маман табылса, негізгі жұмысты атқаратын еңбек адамы табылмай отыр.Бүгінде Қазақстандағы малдың 90 пайызы – жеке меншіктің қолында. Қалғаны – мемлекеттік тапсырыспен жұмыс жасап жатқан шаруашылықтардың иелігінде.

Осы мәліметке қарап-ақ, мал тұқымын асылдандырудың үлес салмағын бағамдай беріңіз. Бұған жайылымның тапшылығы, өрістің азуы, жеткілікті жем-шөп қорының болмауы, су көздерінің тарты-луы тәрізді көкейтесті түйіндерді қосыңыз.Ауыл шаруашылығының ең сұранысқа ие, ең маңызды сала екені кешегі пандемияның өршіген шақтарында белгілі болған жоқ па?

Өндірістер мен кәсіпорындар тоқтаған кезде, тұрғындарды қажетті азық-түлікпен дер кезінде қамтамасыз етіп тұрған шаруагер-лер екенін ел көрді.Ендеше, мемлекет жоғарыда аталған олқылықтардың оң шешілуіне ықпал етіп, қалай болғанда да ауыл шаруашылығының дамуына ерекше мән берілуі керек. Әйтпесе, адамзатқа ең қажетті саланың жағдайы ауырлай береді. Егер бұл сала дамитын болса, елдің тұрмыс-тіршілігі де түзелетіні сөзсіз.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Сурет: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз