Адамды бір-бірінен ерекшелеп тұратын оның бойындағы адамгершілік қасиеттері болса, соны өмірлік ұстанымына айналдырғандар арамызда аз емес. Ал, адалдық – адамгершілік пен парасаттылықтың ең биік шыңы. Ел басына қатер төнген қаңтар айында осы шыңнан көріне білген атыраулық жас фельдшер Нұрлан Салаватов жуырда сол күндердегі ерен ерлігі мен өзгеге жасаған жақсылығы үшін мемлекеттік награда – «Шапағат» медалін иеленді. Тіпті, сырттай қаталдау көрінетін дәрігерлердің жаны жақсылыққа толы екенін, ақ халаттылардың қиын күндерде адамдарға араша түсу үшін жанын да беруге әзір екенін 26 жасар Нұрлан көрсете білді. Ісі көпке үлгі облыстық жедел жәрдем бекетінің қызметкерімен сұхбаттасудың орайы келіп, ол туралы тереңірек біле түсуге тырыстық.
– Нұрлан Салаватұлы, әдетте «Шапағат» медалі азаматтарға белсенді де жемісті қамқоршылық қызметі мен қайырымдылық ісі үшін беріледі. Сізге бұл марапат қалай бұйырды?
– Бұл – менің ғана емес, ұжым еңбегінің жемісі. Жыл басында елімізде орын алған оқиға көпшіліктің есінен кете қоймаған болар. Сол сәтте тәуелсіздіктің өзі таразы басында тұрды емес пе?! Міне, сол сындарлы сәтте біздің қызметіміз де сыналды. Бүлік кезінде орталық жедел жәрдем бекетіне көмекке жүгінгендер көп болды. Бүлікшілер сарбаздар мен полиция қызметкерлерін автокөліктен шығарып соққыға алып, денсаулықтарына зақым келтірді. Сол кезде оларға күндізгі ауысымдағы фельдшеріміз көмек көрсетті. Ал, менің жұмысым сол күні кешкі ауысымға тап келді. Жапа шеккендерге медициналық көмек көрсетіліп болған соң казармаға апару керек болды. Алайда, сол күйінде емес, қауіпсіздік үшін жедел жәрдем қызметкерлерінің киімдерін кигізіп апару қажет еді. Бригададағы Талғат есімді көлік жүргізушісі, фельдшер Нұргүл үшеуміз Водниково шағынауданында орналасқан әскери бөлімге жеткіздік. Әрине, мұны қазір айта салу оңай. Ал, ол кезде қаншалықты қауіпті болса да өзіміздің ісімізді адал атқаруға тырыстық. Сол үшін бәрінен аянып қалмадық. Себебі, сарбаздардың тағдыры біздің қолымызда болды. Аз да болсын, адам жанына араша түсу арқылы елде тыныштықтың орнауына үлесімізді қосқымыз келді…
– Сын сағатта әлсіздік танытпау – нағыз ер жігітке тән қасиет. Қаңтар дүрбелеңі кезінде басыңызды қатерге тігіп, жаралыларға жәрдем бердіңіз. Бұл антқа адалдығыңыз шығар?..
– Менің орнымда кез келген әріптесім осылай жасар еді, өйткені мен тек өзімнің міндетімді атқардым. Білесіз бе, сол оқиғадан соң ортаға, жалпы, қызметіме деген көзқарасым өзгерді. Жедел жәрдем қызметі тек бейбіт күнде адамдарға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, науқастарды ауруханаға тасымалдаумен шектелмейтінін, ел басына қатер төнгенде халыққа қажеттілігіміз артып, жұмысымыздың күрделілене түсетінін көрдім. Сондықтан қаңтар оқиғасы маған үлкен сабақ болды.
– Мемлекет басшысының қолынан медаль алғанда қандай күйде болдыңыз? Қазір «Шапағаттың» салмағын сезініп жүрсіз бе?
– Анығын айтар болсам, Президенттің қолынан марапат алу жөнінде ой болған жоқ. Себебі, өз міндетімді азаматтық борышым деп білдім. Алғаш телефоныма хабарласып, «Сізге Президент мемлекеттік марапат тапсырады» дегенді естігенде, түсінбей де қалдым. Біразға дейін қобалжыдым. Қашан салтанатты шара өткенге дейін сенімсіз де болдым. Ал атым аталған сәтте жүрегім аттай тулап, өзіме ырық бермеді. «Шынымен мемлекет басшысының алдында тұрмын ба?!» деген ой маза бермеді. Алайда, мемлекет басшысы өңіріме «Шапағат» медалін тағып, «құтты болсын!» деп қолымды алғанда өз-өзіме келдім. Қазір бұл мен секілді жас маманға үлкен сенім, қолдау екенін түсініп жүрмін.
– Медицина саласы жүрек қалауы ма?
– Әр ата-ана икеміне қарай өз баласының есейгенде қандай маман иесі болатынын болжап жүреді. Маған да ата-анам «балам, сен дәрігер боласың» деп айтып жүретін. Бәлкім, сол сөздің де әсері болған болар. Үлкендердің үмітін ақтағым келді ме, осы салаға бет бұрдым, бірте-бірте қызығушылығым да арта түсті. 2013 жылы мектеп бітіріп, Атырау медициналық колледжіне оқуға түстім. 2017 жылы Атырау облыстық жедел жәрдем бекетіне фельдшер болып жұмысқа орналастым.
– Адамдарға алғашқы көмек берер жедел жәрдемде қызмет ету – кез-келгеннің қолынан келе бермейтін іс. Жұмысыңыз қиын ба?
– Әрине, қиналып жатқан адамдарды көзбен көріп, олардың жағдайын барынша жеңілдетуге тырысу, қатерлі сәтте ажалдан арашалап қалу оңай іс емес. Себебі, өзгенің тағдыры – сенің қолыңда. Ол – біреудің анасы, біреудің әкесі, біреудің бауыры немесе баласы болуы мүмкін. Сондықтан, ешбір жанның қиналғанын, мұң кешкенін көргің келмей, қолыңнан келген көмекті көрсетуге тырысасың. Бұл – біздің мамандығымыздың қиындығы. Ал, қызығы – бізге деген адамдардың сенімі мен дертінен сәл де болса айыққан қуанышты жүзін көру.
– Кейде адам жанына араша түсер мамандығыңызды еріктілердің ісімен ұқсастырып жатамыз. Сіздің ойыңыз қандай?
– Еріктілерге үлкен құрметпен қараймын. Олар әр салада өз көмектерін көрсетуге үнемі дайын. Еріктіліктің дәрігерлермен ұқсастығы – қиын сәтте адамға көмек көрсетуінде. Жақсылық жасау, жығылғанға сүйеу, жылағанға тіреу болу кез-келген адамның қолынан келеді. Дегенмен, қайырымды адамдардың қоғамда азайып кетуінен, жаны жақсылыққа толы жандарды «еріктілер» деп атайтын болдық. Еріктілік – қайырымдылықтың бір қанаты болса, ал дәрігерлік – адам жанының арашасы бола білу.
– Өзіңіз туралы біле түссек. Қай жерде, қандай отбасында туып-өстіңіз?
– Өзім бүгінде екі ұлдың әкесімін. Атырау өңірінде, Индербор кентіндегі қарапайым отбасында туып-өстім. Әкем мен анам, үш бауырым бар. Әкемнің негізгі мамандығы – есепші болғанымен, ата кәсібіміз мал шаруашылығымен айналысып жүр. Анам – балабақшада тәрбиешінің көмекшісі. Үнемі тілеуімді тілеп, ақылын айтып, өмірлік бағыт-бағдар беретін әжем де бар. Бойымдағы адамгершілік қасиеттердің барлығы осы кісілерден дарыған. «Шапағат» медаліне ие болуымның өзі, осы кісілерден дарыған мейірім мен шапағаттың нәтижесі.
– Әңгімеңізге бек рақмет!
Сұхбаттасқан: Мәлике МӘЛІК