Жарнама
СарапTimeСаясат

Саяси жаңғыру не үшін қажет?

САЯСИ ТРАНСФОРМАЦИЯ ЖАСАУ ТЕТІКТЕРІ, БАСЫМДЫҚТАР ЖӘНЕ НАЗАР АУДАРЫЛУЫ ТИІС МӘСЕЛЕЛЕР ҚАНДАЙ? БҰЛ МӘСЕЛЕ БҮГІНГІ ҚОҒАМДЫ ҚАНШАЛЫҚТЫ ТОЛҒАНДЫРЫП ЖҮР? ОСЫ ОРАЙДА, БІЗ БІРҚАТАР ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ САРАПШЫЛАРМЕН СӨЙЛЕСІП, ЖУРНАЛИСТІК ЗЕРДЕЛЕУ ЖҮРГІЗГЕН ЕДІК. ОЛАР – ПАРТИЯ, КЕҢЕС ЖӘНЕ КӘСІПТІК БІЛІМ БЕРУ САЛАЛАРЫНЫҢ АРДАГЕРІ ЖӘУКЕН КӨШЕНОВ, МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ ТАМАРА АМАН-ТУРЛИНА, САФИ ӨТЕБАЕВ АТЫНДАҒЫ АТЫРАУ МҰНАЙ ЖӘНЕ ГАЗ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ДОЦЕНТІ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ БОЛАТ НЫҒМЕТОВ ЖӘНЕ АТЫРАУ ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, «ОТБАСЫ БАНК» АҚ АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ НҰРБОЛ ҚҰРМАН.

Қазақстанда мемлекет басшысының халыққа Жолдауы дәстүрге енгеніне ширек ғасырдан асты. Алайда, биылғы Жолдауда жарияланған бағыт өзгеше, маңызы айрықша екені айтылып жатыр.

– Рас, биылғы Жолдаудың ерекшелігі көп. Президент халыққа қажет мәселелерді алдын ала жариялап отыр. Өйткені, әзірге ешқайсысына қатысты заң шыққан жоқ. Демек бұл халықтың пікірін білу мақсатында жасақталған. Қазір халыққа не керек? Қандай өзгерістер жүргізілуі керек? Жолдау – соның жауабы. Сондықтан, бұл ең басты ерекшелігі деп айтар едім. Бұрын бәрі жасалып, тиісті нормативтік актілер дайындалып болған соң, Жолдау жарияланатын еді. Содан кейін оны қолдап, пікір білдіреді де, жағымпаздық, екіжүзділік орын алатын. Ал, бұл жолы қолдау емес, айтылған әр тақырыпқа қатысты әркім өзінше пікір білдіріп, түйін жасайды. Тағы бір айта кетерлігі – кадр мәселесі. Яғни, нағыз керек маманды таңдап қою керек. Бұрын «мынаны өткізейік, осыған дауыс берейік» деген болды. 14 жасымда комсомол мүшелігіне өтіп, содан бері қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан өз тәжірибеме сүйенсем, мұндай бізде бар деп айта аламын. Былтыр ауыл әкімінің сайлауы өтті. Ол да алғашқы рет өткендіктен, бұрынғы соқпақтан аса алмағаны ақиқат. Бізге әділдік керек. Екінші мәселе – «Президенттің туысқандары билік басына келмеуі керек» деді. Бұған қатысты да өз көзқарасым бар. Бұл жерде де әділдік болуы керек. Ол үшін әрбір адамның «Халыққа адал болуым керек, мені ұсынған соң кір келтірмегенім жөн, қолымнан келмесе, бас тартып, келісімімді бермеуім керек» деген ұстанымы болуы тиіс. Бұл – әлемде бар тәжірибе. Мысалы, Түркіменстан, Әзербайжан президенттері әке жолын жалғап келеді. Сондықтан, таза жұмыс жасау – ең басты талап. Әрбір басшы өз ісіне адал болып, Отанын сүюі керек. Әрі өзінің іс-әрекеті арқылы үлгі болғаны жөн. Сонда халық сеніміне ие болып, жұмыс жасай алады. Осы қасиеттер бойынан табылса, Қазақстан гүлденеді. Биыл қаңтардағы оқиға көп мәселенің бетін ашты. Халықтың арасында кім жүріп, қалай әрекет еткенінен хабардармыз. Айтарым, Президент мәдениет, саяси сана қалыптаспаса, қоғам дүрбелеңге тап болады. Қазір – бүкіл әлем дүрліккен, алмағайып заман. Осы кезде Қазақстанға жаңа жол ұсынылуы – өте дұрыс қадам. Әрине, қоғамда қордаланған мәселе көп. Мәселен, саясаттанушылар «мұны белгілі бір уақыттан кейін де жүргізуге болатын еді» деген сыңайда пікір айтып жүр. Жоқ, олай емес. Қазір уақыт жүйрік, тез қимылдап әрекет ететін, қоғамның сұрақтарына дер кезінде жауап беретін заман. Жолдауда өз отандастарымыз көптеген сауалдарына жауап алды деп ойлаймын. Әрине, басқа да мәселелер бар. Бірақ олар сатылы түрде шешіледі деп есептеймін, — дейді Жәукен Көшенов.

Ал, Тамара Аман-Турлинаның пікірінше, Тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдары қаңыраған елді қалпына келтіруге Тұңғыш Президент зор еңбек сіңірді. Кейінгі жылдары оқып, біліп отырғанымыздай түрлі пікірлер айтылуда. Ел басқару – бір адамның ісі емес, демек кінә – командасына да қатысты.

Қазіргі Президенттің саясатын қызу қолдайтындардың қатарында «Amanat» партиясынан сайланған депутат Нұрбол Құрман да бар.

– Бірінші принцип – суперпрезиденттік жүйеден кету. Бір адамның ықпалы, шешімінен бас тарту – ұзақ мерзімді процесс. Тұрақты дамып келе жатқан елдерде бұл ұстаным бар. Мысалы, Америкада Конгресстік жүйе, яғни, Президенттің ол жерде күші жоқ. Ол үшін бізде Парламент әділ, мықты болуы тиіс. Ал, оған жету үшін біз саяси тұрғыда пісіп-жетілуіміз керек. Ең басты жол – халықтың сайлауды әділ өтті деп қабылдауы. Сонда ғана кез-келген сайланған әкім немесе депутат қаңтар оқиғасы сынды қиын ахуал туындағанда ел алдына шығып, тоқтау айта алады. «Әділ сайлау өтіп, соның нәтижесінде мен халықтың атынан сөйлеп тұрмын» дегенді айтқан адам өмірде кездесетін, мейлі діни немесе ұлтаралық проблемалар болсын, батыл пікірін білдіреді. Сондықтан, бастысы – биліктің бір адамның қолында ұзақ уақыт болмауы. Ал, өзге елдердегі «отбасылық билікке» қатысты айтар болсам, бәлкім, белгілі бір уақыттан соң баласы немесе ұрпағы ел тізгінін ұстаса, ол мықты саясаткер, алғыр маман болғандығынан шығар. Алайда, мемлекет – хандық емес, ағайын-туманың сабақтастық тәсілімен билікке келмегені дұрыс деп есептеймін. Егер әкесі әкім болып, баласы басқа бір өңірде немесе салада басшы болса түсінікті. Алайда, тікелей бағынышты лауазымдарда туыстық қатынасы бар адам болмауы тиіс, — дейді ол.

Біз әңгіме етіп отырған салада мол тәжірибесі бар Тамара Аман-Турлина бәрінен бұрын сайлау жүйесіндегі өзгерістердің өзектілігін алға тартады.

– Сайлау жүйесінде Тынышбай Оразов – менің ұстазым. Бірақ ол кездегі сайлау басқаша да, соңғылары өзгеше. Жүйе бірнеше кезеңнен өтті. Жолдаудағы бұл бағытқа қатысты маған ұнағаны – болашақта сайлау комиссияларының мүшелері кәсіби маман ретінде айқындалмақ. Себебі, бұрын комиссия мүшелері «мәжбүрлі-ерікті» түрде жұмыс жасайтын. Президенттің белгілі бір лауазым иелерінің партиядан тыс болуы жөніндегі принципін өте дұрыс деп есептеймін. Мен Украина, Белоруссия, Әзербайжан, Грузия, Ресей елдеріндегі сайлауларға халықаралық байқаушы ретінде қатыстым. Басты талап – сол елдің заңын білу. Ол үшін Сайлау Кодексі, сайлау заңдылықтарын оқытады, арнайы тест тапсырамыз. Ал, бізде партиялар тізім бойынша таңдалады. Бұрын әр үміткер өзіне тиесілі аумақ тұрғындарының таңдауымен сайланушы еді. Бұл жүйенің кемшілігі – халық өзі сайлаған депутатты білмейді. Өйткені, олар – партиялық тізім ішінде. Сайлауалды бағдарламасы да партия арқылы дайындалады. Жолдауда айтылған алдағы уақытта 70 пайызы пропорционалды, 30 пайызы мажоритарлы жүйемен сайлау тәсіліне көшу – үлкен жаңалық. Осы арқылы халық өз депутатын тікелей сайлай алады, екіншіден, партиялар араласады. Яғни, екі жүйе топтастырылып отыр. Тағы бір маңызды мәселе – сайлауда «байқаушы» деген бар. Оны бақылаушы деп қате айтпау керек. Өйткені, дауыс беру барысын ешкім бақыламайды, тек байқайды. Орталық сайлау комиссиясының өкілі ретіндегі көпжылдық тәжірибеме сүйенсем, байқаушыларды политтехнологтар арнайы оқытады. Бірақ әр байқаушы оны өзіндік білім-сауатының деңгейінде ғана қабылдап, практикада солай жеткізеді. Бұл жерде Заң тысқары қалады. Соның кесірінен сайлау кезінде байқаушылардың пікір шиеленісі – кездесіп жүрген құбылыс. Тіпті, учаскелік сайлау комиссияларының мүшелеріне өктемдік жасайтындары да жоқ емес. Көп жағдайда сайлауға көмектесудің орнына қиындық туғызатындары да бар. Осы Жолдауда сол байқаушының қызметін заң жүзінде реттейтін жол көрсетіліп отыр. Байқаушылар ісіне қатысты тағы бір дәйек – шетелдің ықпалын болдырмау принциптері. Бізге келіп шетелдік технологиямен сайлау өткізуге тырысатындар бар. Бұлай болмайды. Әр елдің өз заңы, қалыптасқан жүйесі болуы керек. Әрине, бізде де «Сайлау туралы» Заң бар, бірақ ол жетілмеген. Сосын қазір әр үміткердің сайлау қоры бар. Оны демеуші және партияның қолдауы арқылы жүргізеді. Енді оған аударылатын қаржы ашық болуы үшін, оның шекті көлемін белгілеп, нақтылау да дұрыс бастаманың бірі, — деп ағынан жарылды тәжірибелі маман.

Дұрысы, заң керек. Яғни, Конституцияға тағы да өзгеріс керек, тіпті жаңа Конституция қабылданса да артық емес. Кез-келген құрылымда құқықтық негіз болмаса, кедергілер көбейе түседі. Меніңше, халықтан түсетін кез келген өтініш, талап, арыз, тілек тікелей әкімге емес, жергілікті мәслихатқа келіп түсуі керек.

Халық қалаулысы Нұрбол Оразбайұлының ойынша, бұл жерде ескерілуі керек тағы бір мәселе бар.

– Қазіргі депутат ретінде айтарым, депутаттарға стимул керек. Қазір бір-екі шақырылымға депутаттыққа барады, одан әрі адамда депутаттыққа құлшыныс болмайды. Сол кезде «саяси тұрғыдан піспеген, халықтық істерден бейхабар адамдар рулас-туыстарының қолдауымен сайланып кетпей ме екен?» деген қорқынышым да бар. Егер мұндай трайбализм жоғары билікке қатысты болса, тіптен қауіп. Сондықтан, депутаттыққа үміткерлер қатаң іріктелгені жөн.өзге елдің демократиясы біздің елдің демократиясы болып саналмайды. Сондықтан, сырттан ықпал етуші күштерді тежеу керек. Сайлау жүйесін жетілдіруде қазіргі кең қолданыстағы Kaspi жүйесін енгізсе тиімді болар еді. Ол – идентификация. Үйде отырып, бірнеше адам үшін дауыс беру мүмкіндігін болдырмау керектігін де ескерген жөн. Дауыс беру учаскесіне келіп, жеке хабарлама арқылы жолданған құпия кодты енгізу арқылы сайлаушының бір ғана үміткерге дауыс беру тетігін қалыптастыруды ұсынамын. Менің ойымша, осы арқылы «Сайлауда дауыс берушілер санына ашықтық керек» деген ең басты критерийге жауап алуға болады. Жұрттың әділ сайлау болғанына көзі жетсе, өз дауысының маңызы бар екеніне сенсе, өзгеріс болады. Бұл үшін электронды санды қолтаңба, блокчейн технология, телефондағы интернет бар. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі заманауи технологияны тиімді пайдалануымыз керек. Бір жағынан, сайланған адамға қаражатты басқаруға құзырет беру керек. Яғни, қолында ақша болмаса, жұмыс жүрмейді, көпке бара алмаймыз, — дейді ол.

Әйтсе де, мұндай қадамға біздегі сайлау жүйесі дайын емес екенін ескеру керек. Осыдан біраз уақыт бұрын көшкен электронды дауыс беру жүйесінің көптеген қиындықтары болды. Ең бастысы – қаржылық мәселе.

Тамара Өтегенқызы Украинада Виктор Ющенко мен Юлия Тимошенко ел президенттігіне сайлауға түскенде байқаушы ретінде қатысқанын айтады.

– Өз көзіммен көргенім, шетелде қызмет ететін Украина азаматтарына қатысты «лас технология» қолданылды. Үміткерлердің бірі «Елдеріңе барып, маған дауыс берсеңдер, барып-келу жолақысын төлеймін» деп уәде берген. Осылайша, олар қолын қойып, дауыс беріп, фотосын көрсетіп, ақшасын алды. Бұл – сайлаушыны сатып алу тәсілі. Ал, сіз айтқан технология енгізілсе, сайланған адамға деген сенім оянады. Жоғарыда да айттым, әр сайлаудың өзгешелігі бар. Мәселен, мәслихат хатшысы болып жүргенде, бірінші сайлаудың өзін-өзі ұсыну арқылы өткенін білемін. Содан ба, ол кездегі депуттатар мен қазіргілердің айырмашылығы жер мен көктей. Қиын кездер ғой, қазіргідей байланыс жоқ, интернет болмаса да көп жұмыстар атқарылды. Ал, қазіргі депутаттарды халық танымайды. Әр үміткер өз округінің тыныс-тіршілігін бес саусақтай біліп, сайлаушының мұң-мұқтажымен таныс болғаны дұрыс деп ойлаймын. Жолдауда айтылған депутаттар корпусының басшысын «Мәслихат төрағасы» деп атау жөніндегі мәселе де құптарлық, қуанарлық. Өйткені, хатшы дегеннен гөрі төраға дегеннің салмағы да жоғары екені белгілі, — дейді ол.

Шындығын айту керек, егер Конституция әлі де өзгермесе, басқа жаңашылдықтар туралы айтып та керек емес. Сонда халық қатысып, пікірлер тыңдалады. Жалпы бұл құжатты жазу – бір Президенттің ғана ісі емес. Жан-жақты пікірлер тыңдалып, сарапшылармен ортақ шешім негізінде жасақталған. Жылына екі рет Парламент Мәжілісіне есеп беретін Жоғары аудиторлық палата құрудың да маңызы өте зор. Мұның астарында бюджет, халықтың ақшасы тұр. Оны талан-таражға салуға ешкімнің де құқы жоқ.

Депутат Нұрбол Құрман келтірген мысалға сүйенсек, Америка Құрама Штаттарында медициналық мекеме өзіне қажетті құрылғы, дәрі-дәрмекті ала алмайды. Олар – тек тапсырыс беруші ролінде.

– Тақырып түсінікті болуы үшін өз тәжірибемді айтайын. Біздің мекемеде ішкі шығындарға қажетті мәселелерге байланысты тендерді бұрын өзіміз өткізетін едік. Ал, қазір жылына бір рет орталыққа сұраныс жолдаймыз. Соған сәйкес жарияланған тендерде әр облыстағы желілік бөлімшелері бар компанияларға басымдық беріледі. Біз тек жасалған жұмысты растап, актіге ғана қол қоямыз. Яғни, Атырау облысында кез-келген сұранысты жергілікті әкімдікке тәуелді емес компания атқаруы керек. Ал, мемлекеттік орган тапсырыс беруші ретінде берілген сұраныстың нәтижесін ғана тексеріп алып, жұмысты қабылдау актісіне қол қойғаны жөн. Сонда әкімдік жоспарлау, өтінім беру, тендерге қатысушыны іріктеу, есептеу, қабылдау сынды жұмыстардан құтылып, «бір қолдан қабылдау, атқару» жүйесі жойылар еді. Қазіргі қоғамда өршіп тұрған дерттің бірі жемқорлықтың жолын кесуге осы арқылы мүмкіндік туар еді. Сондай-ақ, шетелдік телеарна, өзге тілдегі интернет, жалпы ақпараттық ресурстарды жабу керек. Қазақша контентті дамыту үшін тек қазақ тіліндегі аудармасы болса ғана рұқсат беру керек. «Сыртқы күштерді тежеу керек» деген пікірімнің астары осы еді. Әйтпесе, қазіргі ата-ана баласын «тілі орысша шықты» деген желеумен, орыс сыныбына беруге ұмтылады. Бұл – ұят, — дейді ол.

Сала ардагері Жәукен Көшенов биліктің, шешімнің бір адамның ықпалында болғанының кесірі көп екенін айтады.

– Әлемдік принципке сүйенсек, шетелде бір адам шешім қабылдай алмайды. НАТО, Еуроодақ секілді ұйымдарға мүшелікке қабылдау үшін кемінде 90 пайыз келісім болмаса, шешім қабылданбайды. Бізде де сондай жүйені енгізген дұрыс, яғни, кез-келген шешім бірнеше сатылық сүзгіден өткен соң ғана қабылдануы қажет. Әркім өзінен бастауы керек. Себебі, халықтың сана-сезімі соңғы отыз жылда түбегейлі өзгерді. Жастарға дұрыс тәрбие бере алмай келе жатқанымызды мойындауымыз керек. Дастархан басында ауқаттанып отырған отбасының тірлігін алайық. Ата-анасы баласының көзінше шаруасын біреу арқылы, тағы бір мәселесін танысы, досы немесе ақша беру арқылы шешкенін айтып отырады. Осылайша өз баламызды жеңіл жолмен жүруге, жағымпаздыққа саналы түрде итермеледік. Біз осы жерден мүлт кеттік. Демек өз баласына дұрыс тәрбие беріп, отбасында қатаң тәртіп орнату арқылы әр адам өзіндік үлес қоса алады, — дейді ол.

Ендеше, саяси реформаға қадам жасалды. Ендігі мәселе – кім, неге жауапты болуы керек?

– Біздің Парламентте Сенат та, Мәжіліс те бар. Ал, кейбіреулер «Сенат қажет пе?» деген пікір айтып жүр. Осы сұраққа Жолдауда жауап анық: заң шығарушы орган – Мәжіліс. Ал, Сенат оны қабылдай ма, қабылдамай ма – өзі шешім шығарады. Сенаттың өңірлердің өкілдерінен құралатынын ескерсек, жоғары палатаға ұсынылғандар – кез-келген мәселені толық талдап, түсіне білетін, білім-білігі мол адам болуы керек. Яғни, өзі барған өңірін бес саусағындай біліп отыруы керек. Сонда сенатор – болашақ дайын Президент деген сөз. Ал, саяси бәсекелестік қабілетке бейімдейтін негізгі орта – мәслихат. Сыртқы күштердің ықпалы да жан-жақты қарастырылуы керек. Өйткені, ешкіммен араласпай, оқшауланып отыра алмаймыз, — деп топшылайды атыраулық ғалым Болат Нығметов.

Шетелде Парламент мүшелігіне негізінен ауқаттылар сайланады екен. Тамара Өтегенқызының айтуынша, олар билікке, бюджетке тәуелді емес. Әрқайсысының өзіндік пікірі бар, ойларын ашық айтады. Ұлттық, жергілікті мәселелерін шешуде қызылкеңірдек болып пікір таластырғанмен, біте саласымен, өзара шүйіркелесіп, кофесін ішіп отырады. Ал бізде ондай мәдениеттілікке, қызу пікірталасқа депутаттар да, бұқара да дайын емес. Қарсылық білдірген адамға өкпесі қара қазандай болып, тоң-теріс пейіл танытады. Бұл – саяси демократиялық мәдениет.

Әңгімелесушіміз Болат Нығметов те осы пікірде, бірақ…

– Біз жастардың өсіп келе жатқанын, олардың өмірлік көзқарасы, ұстанымы алдыңғы буыннан өзгеше екенін естен шығармауымыз керек. Ойлары ашық, сауатты, саналы жастар жетерлік. Осыған қатысты тағы бір мәселе бұқаралық ақпарат құралдарына келіп тіреледі. Олар да ашықтықты қалыптасыруға ықпал етуі тиіс. Тәулік бойы өзге елдің аналитикалық бағдарламаларын, шетелдің сарапшыларын неге қарап отыруымыз керек? Өзіміз ұйымдастыруға не кедергі? Қазір балаларымыздың тілі орысша шығатынын мойындауымыз керек. Бұл – үлкен мәселе, ұлттық идеология. Балабақша, мектепте ескі құндылықтарды ескеруіміз керек, ұрпақтың бойына сіңіруіміз керек. Таяуда бір жиында қала іргесіндегі Тасқала ауылында Наурызды ешкім қаржы бөліп ұйымдастырмай-ақ, тұрғындардың өзі дүркіретіп, үш күн тойлағанын естідік. Сонда бір тұрғынның: «Депутаттыққа өтерде ел аралап, уәде берген депутаттар ұлттық мерекемізге көңіл аудармаса да, жаңа жылдық шыршаға қаржы бөліп жатыр» деген пікірі мені ойландырып тастады.

Ең бастысы – Конституцияны ретке келтіру. Заң алдында барлығы тең құқылы болғаны жөн. Сосын бұқаралық ақпарат құралдарына назар аудару қажет. Журналист – тәуелсіз, халықтың пікірін ашық айтатын дәрежеде болсын. Ал, оның солай жұмыс жасауы үшін мемлекет оған жағдай туғызып, мүддесін қорғауы керек. Себебі, ол – шындықты айтушы. Жастарға көп көңіл бөлуіміз керек. Қазір жастармен етене жұмыс жасайтындықтан, олардың мәселесі маған етене таныс. Өзге тілдерді білуі керек, батыстық технологияны меңгеруі қажет. Ұлт тұтастығы патриот жастарды тәрбиелеуден басталады. Қазір атқа мінетін балалар көп, тіл білетін, білімділер де жетерлік. «Баяғы жартас» күйінде қалмауы үшін сіздер атаған мәселелерді ескеріп, «Жастарға нені үлгі ете аламыз?» дегенге басымызды ауыртуға тиіспіз. Мұқағали айтпақшы, Отан – біреу! Өскелең буынның санасына «ол – аманат, оның болашағы – сендер» дегенді сіңіруге ұмтылған дұрыс, — дейді ғалым.

Әділет АМАНГЕЛДІ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button