Қапырық вагондағы қарбалас немесе жол азабын жүрген біледі
Әлеуметтік желіде Қазақстан теміржолындағы келеңсіз көрініс, жайсыз жағдай туралы жазбалар кеңінен тарап жатыр. Соның бірі былай басталады: «Біз Алак лге бару үшін 45 күн бұрын пойызға зорға дегенде билет алғанбыз. Вагонымыз купе болатын. Бірақ бұл сапарымыз тозаққа айналатынын білмеппіз. Сол күндері қатты ыссылықтан аспан айналып жерге түсіп, ауа температурасы +42-ні к рсетіп тұрған. Қызықтың көкесі пойыз қозғалғаннан кейін басталды. Вагондағы салқындатқыштың жұмыс жасамайтындығы белгілі болды. Терезелер ашылмайтындықтан купенің іші қатты ысып кетті. Демалудың мүмкін еместігінен жолсерік пойыздың есігін ашуға мәжбүр болды. Жұрттың көбі тамбурға шығып отырды. Ал, балалар орамалды сулап алып, бастарына жауып алды. Атам заманынан қалған ескі, әбден тозған вагондар қашан ауыстырылады? Мұндай жағдай қашанға дейін жалғасады?» деген жолаушы Гүлмира Сәулебекова қазіргі қалыптасқан жағдайды қаз-қалпында баяндаған болатын.
Шешімін күткен мәселе «Жол азабын тартқан біледі» демекші, Атыраудан өзге қалаларға қатынайтын пойыздардың бүгінгі жайы қалай? Жолаушыларға қызмет көрсету сапасы көңіл көншіте ме? Осы сұрақтар төңірегінде мәселені бағамдап көрген едік.
Соңғы жылдары жаз ке зінде халықтың теміржол билетін таппай қиналатын жағдай қалыптасты. Бұл проблема қоғамда үздіксіз айтылып келе жатқандықтан бүгінде азды-көпті өзгеріс бар. Дегенмен мәселе түбегейлі шешілген жоқ. Оған бас қатырып отырған теміржолдың басшылары байқалмайды. Әлеуметтік желідегі жазбаға байланысты да «Бізге сауал жолдағаныңызға алғыс айтамыз. Аталған факт бойынша қызметтік тексеріс жүріп жатыр. Тексерістің қорытындысы туралы сізге хабарлаймыз» деп жауап берді «Қазақстан темір жолы» компаниясының өкілі. Пойыз билеттерін бірнеше күн бұрын алуға қамданғанымен көздегеніне қол жеткізе алмай жүрген жолаушылар көп. Олар бұл мәселенің уақытында шешілгенін қалайды. Жұртшылықтың шағымына байланысты біз Атырау вокзалына арнайы барып, бүгінгі жағдайды көзбен көргенді жөн көрдік.
Мұнда халықтың қарасы бұрынғыдай емес, сирегені байқалады. Вокзалға кіре берістен-ақ, қызметкерлер келушілерді арнайы аппаратпен қызуын өлшеп, «Аshyq» қосымшасы арқылы тексеруден өтуді талап етіп тұр. Вокзалдағы жекеменшік кассаға кезекке тұрып, «бір-екі күннен кейін жүретін пойыздарға бос орындар бар ма?» деп сұрадық.
Кассирші мүмкіндігін қарайтынын айтты. Қазір бұрынғыдай емес, онлайн арқылы билет бағалары мен уақытын тексеріп отыруға мүмкіндік бар. Жолаушылардың көбі осы жеңілдікті пайдаланып, билеттер сатылымға шыққанын бақылап отырады да, сатып алады. Мен де мобильді қосымша арқылы электронды поштаға бос орындар туралы хабарлама алып отыру үшін тіркелген едім, Алматы-Атырау бағытына екі орынның бос екендігі туралы хабарлама келіп түсті. Тазалық мәселесі сын көтермейді Бұрыннан жауыр болған әңгіме – касса мен жолаушының арасындағы делдалдар билетті негізгі бағасынан қымбатқа сатып, жолаушылардың шамына тиетін. Бұл мәселе сан мәрте талқыланса да, бір ізге түспей келе жатқандығы байқалады. Жұртшылықты пойыздағы жағдайдың әлі күнге жақсара қоймағандығы да ерекше қинап тұр.
– Пойыздардағы тазалық мәселесі сын көтермейді. Жолсеріктер өздеріне тиесілі міндеттерін дұрыс атқармай жатады. Билетке зорға ақша тауып келген жолаушылар үшін пойыздағы мейрамхана маңына жақындатар емес. Бағалары ұшынып тұр. Жолсеріктер тұрғындардан зат қабылдап, курьер қызметін қоса атқаруды жетік меңгеріп алған. Ол заттарды келісіміңсіз вагонның үстіңгі және астыңғы сөрелеріне орналастырып қояды. Бұл іштегі жолаушыларға ыңғайсыздық тудыратыны анық. Кейбір вагондарда су да дұрыс қайнамайды. Амалдың жоқтығынан жылы шәй-су ішіп барасың. Қыста терезелерден жел гуілдейді, — дейді Нұр-Сұлтан-Атырау бағытында жиі қатынайтын Жанболат Берікұлы.
Келесі сұхбаттасушымыз Доссор кентінің тұрғыны Ұлықбек Әбілхайыр пойыздағы ахуалды бір адамдай біледі екен.
– Жолда көп жүреміз. Сондағы байқағаным, жаңа вагондардың жағдайы жақсы екен. Ішінде салқындатқышы, телефон қуаттағышы бар. Салқын, жылы сулары да келіп тұр. Керісінше, ескі вагондардағы жағдай бұрынғы қиын күйінде қалуда. Олардың бәрін ауыстырмай, жаңартпай, мәселе шешілмейтін секілді, — дейді ол.
Ал, Махамбет ауылының тұрғыны Райлан Асанова кішкентай баласын дәрігерге қарату үшін жуырда Шымкентке ұшақпен барып, Ташкентке жеткенін айтады. Пойыз билетінің жоқтығынан, болса да тым қымбаттығынан, қауіпті індетке байланысты карантиндік талаптар, жолаушылар санының көптігінен ұшаққа отыруды жөн көріпті. Айтқандай, пойыз билетінің бағасы 27 мың теңге екен, оның үстіне 3 мың теңге қосып ұшақтың билетін алған.
Кейбір тұрғындар айтқандай, билетті алдын-ала алу проблеманың шешімі емес деп біледі. Кейде шұғыл түрде, жоспарламаған жағдайда жолға шығуға тура келеді. Сондықтан ең дұрысы, жаңа вагондар алып, олардың санын арттыру керек.
Билеттің құны қанша?
Теміржол билеттеріне арналған арнайы қосымша арқылы №41 Атырау[1]Алматы бағытындағы билеттің құны плацкарт үшін 11 999 теңге, купе 18 257 теңге екендігіне көз жеткіздік. Ал, №29Х «Тальго» пойызының бағасы купе үшін 32 414 теңге, люкс 38 546 теңге. Атырау-Нұр-Сұлтан бағытындағы №47 пойыздың бағасы плацкартқа 9 047 теңге болса, купе 13 710 теңгені құрайды. Байқағанымыз, билеттің ең төменгі бағасы – 9 047 теңге.
Айлығы шайлығына әрең жетіп отырған кейбір жолаушылар үшін баға қолжетімді емес болуы мүмкін. Оның үстіне №41 Атырау-Алматы пойызының ескі екендігін ескерсек, жолаушылардың шағымдары да азая қоймасы анық. Қапырық вагонда демалудың мүмкін еместігі, салқындатқыш жүйесінің жұмыс істемейтіні өз алдына, вагон терезелері де ашылмайды. Денсаулығы нашар жолаушыларға тіпті қиын. Балалардың берекеті кетіп, әр аялда[1]маны сарыла күтіп, барар жерлеріне әрең жетеді. Пойыз ішіндегі әжетхана жайын айтудың өзі ұят, санитарлық жағдай сын көтермейді.
Облыстағы жолаушылар тасымалына жауапты тұлғаларға теміржол қозғалысының хал-ахуалына, қызмет көрсету сапасына байланысты бірқатар сұрақтар қойған едік, олар Қазақстан темір жолы компаниясының өкілдеріне тікелей шығуымызды өтінді. Барлық мәлімет тек орталықтан беріледі екен. Сондықтан біз тиісті заңдылықтарға сәйке с «Қазақстан темір жолы» ҰК-на ресми түрде хат жолдадық. Мұнда теміржолдың бүгінгі жағдайы ғана емес, алдағы күнде осы салада қандай жобалардың жүзеге асатыны, нендей жұмыстар қолға алынатындығы туралы да сұрақтар бар. Алдағы уақытта осы мәселе газетіміздің назарында болатындығын қаперге береміз.
Алмас ҚАБДОЛОВ