…ОЛАР ТОЛЫҚТАЙ АҚТАЛДЫ МА???

1527586905 2 betke ashty 2 СарапTime

КЕҢЕСТІК КЕЗЕҢДЕГІ САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫНЫҢ БАРЛЫҚ САНАТЫНА ҚАТЫСТЫ ТАРИХИ ӘДІЛЕТТІЛІКТІ ТОЛЫҚ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУГЕ АРНАЛҒАН МЕМЛЕКЕТТІК КОМИССИЯ ЖҰМЫСЫНЫҢ ҚҰРЫЛҒАНЫНА – ЕКІ ЖЫЛ. КОМИССИЯ ҚҰРАМЫНДА БАРЛЫҒЫ 11 ЖҰМЫС ТОБЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҰМЫС ЖАСАП ЖАТЫР. САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛУ КҮНІНІҢ ҚАРСАҢЫНДА САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫН ТОЛЫҚ АҚТАУ ЖӨНІНДЕГІ АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ, ДӘСТҮРЛІ ДІН ӨКІЛДЕРІ – САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫН АҚТАУ ЖӨНІНДЕГІ ЖҰМЫС ТОБЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ СЕРІК ҚУАНЫШПЕН СҰХБАТТАСЫП, ДІНИ ҚАЙРАТКЕРЛЕРДІ АҚТАУ БАҒЫТЫ БОЙЫНША АТҚАРЫЛЫП ЖАТҚАН ЖҰМЫСТАР ЖАЙЛЫ БІЛДІК.

– Серік Орынғалиұлы, коммунистік идея көсемдері «дін – апиын» деп түсіндірді жəне билік басына келген бойда дінді, дінбасыларды қудалай бастады. Кеңес билігінің Ислам дініне жəне Қазақстан мұсылмандарына деген осындай ұстанымына не себеп болды?

– Ресей империясында діндар мұсылмандардың саны 20 миллион адамнан астам болды. Олар негізінен Қазақстан мен Орта Азияда, Закавказьеде, Солтүстік Кавказда, Еділ бойы мен Қырымда өмір сүрді. 1917 жылға дейін Ресейде 26 мыңнан астам мешіт, 45 мыңға жуық дін қызметшілері, 1064 медресе мен 9723 мектепті қамтитын оқу орындарының кең желісі болды. Бұл айтарлықтай елеулі күш болатын. «Барлық ұлттық жəне ұлттық-діни артықшылықтар мен шектеулерді жоямыз» деп жариялаған Кеңес өкіметінің мұсылмандарға қатысты ұстанымы алғашқы кезде саяси прагматизммен ерекшеленді. Православие, католик діндері мен діндарларға қарсы қатаң қудалау мен репрессия жүрді де, 1917 жылы 20 қарашада В.Ульянов-Ленин қол қойған «Ресей мен Шығыстың барлық еңбекші мұсылмандарына» атты декретте мұсылмандарға деген ерекше көзқарас пен Кеңес өкіметі тарапынан мұсылмандардың діни сезімдерін құрметтеу туралы айтылды. 1918 жылы 23 қаңтарда «Мұсылмандар ісі бойынша комиссариат туралы» декрет қабылданып, Коммунистік партияның мұсылман бюросы, И.Джугашвили Сталин басқаратын Ұлт істері жөніндегі халық комиссариаты жанынан Ішкі Ресей мұсылмандары жөніндегі комиссариат пен мұсылман ұйымдарының Орталық бюросы, аймақтарда жергілікті мұсылман халықтардың мəселелерімен айналысатын бөлімдер құрылды. Оған жергілікті халық өкілдерінен жауапты қызметкерлер тағайындалды. Айталық, Гурьев уезінде ол жұмысты Гурьев революциялық комитеті мен атқару комитетінің хатшысы болған Ғабдолла Қожаров атқарды. 1918 жылы 2 мамырда Сталин мұсылма жұмысшы-шаруа əскерін құру туралы қаулыға қол қойып, Қызыл Армия құрамында мұсылман əскери бөлімдері жасақтала бастайды. 1919 жылы Қазақстандағы мұсылман қызметкерлерге Құрбан айт мерекесін атап өтуге рұқсат етілсе, 1920 жылы 12 тамызда жергілікті партия ұйымының арнайы қаулысымен Құрбан айт мерекесін тойлау үшін мұсылман қызметкерлер 1 күнге, ал Қызыл Армия мұсылмандары 4 күнге жұмыстан босатылды. Ал, Орта Азияда кеңес билігі молдаларға сайлау құқығына, ұсақ істер бойынша шариғат соттарының қызметіне, мұсылман мектептерін ашуға, мұсылман журналдарын шығаруға, қажылыққа рұқсат берді.

– Оның себебі неде?

– 1917-1920 жылдары кеңес билігі толық орнап болмаған, əрі ұлттық аймақтардағы автономия талап еткен балама күштердің (Алаш, Түркістан мұхтариаты) ықпалы басым болғандықтан, билік бұл аймақтардағы діни мəселені ушықтырмауға тырысты. Сондықтан, исламға қарсы жүйелі, белсенді əрекеттер бірден болған жоқ. Оның үстіне, Ленин басқарған коммунистік партия социалистік революцияны Шығыс елдеріне таратуды армандады жəне Ресей мұсылмандарының өміріндегі «оң өзгерістер» Шығыс халықтарының коммунистік идеяны құшақ жайып қарсы алуына негіз болады деп есептеді. Жалпы, ғалымдар бұл кезеңді ислам діні үшін шартты түрде «діни еркіндік кезеңі» деп бағалағанына қарамастан, діндарлар мен мұсылман дінбасыларын қудалау жергілікті жерлерде 1920 жылы басталып кетті. Осы кезде діни шаралардың рухани мазмұнын төмендету үшін Құрбан айт, ораза кезінде дінге қарсы дəрістер оқылып, қойылымдар (спектакль) мен пьесалар қойылды. Бұған дəлел – 1921 жылы Құрбан айт кезінде Ордада Нұғыман Манаевтың «Молдекелер» пьесасының қойылуы, оған жастардың қатысуы міндеттелді. Сонымен қатар, 1920 жылдары кеңес өкіметі мұсылман халықтарының əліппелерін араб графикасынан латын графикасына көшіруді бастады. Латын əрпіне көшірудегі басты мақсаттың бірі – Ислам дінінің ықпалын жою жəне ислам əлемімен мəдени байланыстарды үзу болатын. Дін қызметкерлеріне қарсы күрестің бір бағыты – олардың экономикалық негізін бұзу. «Діни қажеттіліктерге», қасиетті орындардың пайдасына ақша алуға, діни мектептерге, діни орталықтар (мухтасибат) ұстауға арналған жиындарға, діни қызметкерлерге, «емдік құралдармен» (шөптер, тамырлар, т.б.) сауда жасауға тыйым салынды. 1928 жылға қарай барлық мұсылмандық діни бастауыш жəне орта оқу орындары жабылды. 1929 жылы Қазақстанда да дінге қарсы күрестің жаңа кезеңі басталды, оның барысында діни табыну нысандары жабылып, ғимараттар қоғамдық мұқтаждықтарға берілетін болды. 1930 жылдардың соңына қарай республикадағы діни табынудың барлық нысандары жұмысын тоқтатты.

– Діни қызметкерлерді қудалаудың құқықтық негізі қандай жəне ол қалай жүрді?

– Діни қызметкерлерді қудалаудың алғашқы қадамы – азаматтық (сайлау-сайлану) құқығынан айыру. 1918, 1925, 1926 жылдары РКФСР Конституциясы, 1922, 1926 жылдары РКФСР Қылмыстық кодексі, Халық Комиссарлар Кеңесінің 1918 жылғы 20 қаңтардағы «Шіркеуді мемлекеттен жəне мектепті шіркеуден айыру туралы» декреті, Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетінің 1926 жылғы 4 қарашадағы «Қалалық жəне селолық Кеңестерге сайлау жəне Кеңестердің съезін шақыру туралы Нұсқаулықты бекіту туралы» декреті, РКФСР Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесінің 1929 жылғы 8 сəуірдегі «Дін бірлестіктер туралы» қаулысы, басқа да нормативтік актілер бойынша дін өкілдері «тап жаулары» ретінде алғашқылардың қатарында жойылуы тиіс болатын. Олардың қатарында қазірет, имам, ишан, молда, азаншы, сопылардан бөлек «діни қызметкерлер» деген жалпы атпен қарапайым адамдар, дін жолында жүргендер де бар. Кейін сот үкімі шыққандардың ішінде «балгер», «көріпкел», «емші» аталған адамдар жиі кездеседі, оларды да жазаға тартылған адамдардың жалпы тізіміне қоса салған. Бұл санаттағы адамдар қазақ қоғамында міндетті саналған дəстүрлі əлеуметтік, жанұялық ғұрыптарды, салт-жораларды жүзеге асырушы болды. Дін өкілдерінің ел арасындағы беделі жəне дəстүрлі діни қызметтерге сұраныс атеистік идеологияны таратуға кедергі келтіргендіктен, оларды заңнан тысқары қою жəне заңдылығын (легитимность) жоюдың бір жолы ретінде сайлау-сайлану құқығынан айыру сияқты саяси-құқықтық сипаттағы жаза қолданылды. Атырау өңірі бойынша азаматтық (сайлау-сайлану) құқығынан айырылған 941 дін өкілі анықталды. Атап айтқанда, қазіргі Индер ауданының Құрылыс ауылы тұсында мешіт салып, медресе ашқан имам Тегісбай Əлімбаев, 1912 жылы Толыбай елді мекенінде өз қаражатына атақты «Көкмешітті» тұрғызған қажы Əйіп Бекенов, Атырауда көше аты берілген Сары молда (Сарман) Досмағамбетов, есболдық мұхтасиб Лұқпан Дүйісов, Бөдене ауылында өз қаражатына мешіт салған Тасжан Есжанов, қазіргі Исатай ауданы Тұщықұдық ауылдық округіне қарасты Айбас елді мекенінде мешіт ұстаған Айтолла Жакуов, Тайсойғанда медреселі мешіт ұстаған қазірет Хасан Нұрмұхамедов, ақын Ығылман Шөреков, өзге де көптеген танымал адамдар бар. Бұл да толық тізім емес, оларды анықтау, толықтыру жұмыстары жалғасып жатыр. Егер 941 адамға олардың отбасы мүшелерін қоссақ, тізімдегі адам саны төрт-бес есе көбейетіні сөзсіз.

– Дін өкілдерін азаматтық құқығынан айырудың қандай зардабы болды?

– Сайлау-сайлану құқығынан айырылуына байланысты дін өкілдері мен олардың отбасы мүшелерінің азаматтық құқықтары шектеліп, болашақта «тап жауы» ретінде айыптаулардың алғышартын құрады. ХХ ғасырдың 20-шы жылдары азаматтық құқығынан айырылып, қуғынға ұшыраған дін өкілдерінің басым көпшілігі маргиналдарға айналды. Бұрынғы діни жоралғылар мен əдет-ғұрыпқа (неке қию, жаназа шығару, бала піштіру, т.с.с.) тыйым салынды, оларды еш жерге жұмысқа алған жоқ, жеке басын дəлелдейтін құжаттар берілмеді, карточкалық жүйе жағдайында азық-түлік пен тауарлардан қағылды, олар қосымша салықтар төлеуге тиіс болды, олардың балаларын оқудан шығарды жəне Қызыл Армия қатарына алмады. Тыйым салудың түрлері осылай жалғаса беруші еді. Сондықтан, 1930 жылы қуғынға ұшыраған дін өкілдерінің көпшілігі сот үкімдерінде «еш жерде жұмыс жасамайды», «кезбе», «балгер», «емші» деп жазылған. Сол секілді, сотталған, атылған малшылар туралы деректерді тексере келе олардың арасынан да бұрынғы дін өкілдерін көреміз. Сөйтіп, азаматтық құқығынан айырылғандар «халық жауы» деген атпен бұған жалғасқан қуғын-сүргіннің дайын əрі оңтайлы нысанына айналды. Діни қызметкерлерді қудалау олардың отбасы мүшелеріне де қатысты болды. Əсіресе, балаларының сайлау-сайлану құқығын қалпына келтіру əдетте ата-аналарынан бас тарту арқылы жүзеге асты. Осыдан келіп ұрпақтар сабақтастығы бұзылып, ара жігі ашылды.

– Атылған, сотталған діни қызметкерлер толық ақталды ма, ақталмаса оларды ақтау мəселесі қалай болмақ?

– Діни қызметкерлер «көтеріліске қатысты», «кеңес билігіне қарсы əрекет жасады», «дəулетті адам болды» сияқты негізсіз айыптаулармен Қылмыстық кодекстің əртүрлі баптарына сай сотқа тартылғаны белгілі. Мысалы, Атырау өңірі бойынша 941 дін өкілінің ішінен ату жазасына кесілгендер – 69, оның ішінде 56 қазақ, 9 орыс, 4 татар. Толық емес мəліметтер бойынша 33 адам – 4 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге еңбекпен түзету лагерінде жазасын өтеген, 3 адам – тергеу барысында қайтыс болып, басқа жаққа жер аударылғандар да бар. Кейбір адамдар бірнеше рет жауапқа тартылып, бірнеше рет сотталған. Мысалы, Ескене мұнай кəсіпшілігінің тұрғыны, бұрынғы молда Нияз Бекімов 1931 жылы «бай-кулак» деген айыппен 3 жылға жер аударылса, 1936 жылы қайтадан 5 жылға бас бостандығынан айырылады, ал 1937 жылы ату жазасына кесіледі. Сондай-ақ, Теңіз ауданындағы Нұржау ауылының тұрғыны, мұхтасиб Мұхаметшəріп Бекбаев 1930 жылы 5 жылға сотталып, 1937 жылы атылған. Ганюшкино ауылының тұрғыны, имам Жармұхамбет Бекетаев 1931 жылы 7 жылға сотталып, 5 жылға жер аударылса, 1937 жылы атылған. Кудряшово ауылының тұрғыны, молда Ерғали Төкиев 1931 жылы 2 жылға, 1937 жылы 10 жылға сотталған. Осы аталған адамдардың алғашқы тартқан жазалары үшін ақталғандығы туралы мəлімет жоқ. Оларды бір рет ақтағаны жеткілікті ме, əлде əр «қылмысы» үшін жеке-жеке ақтау қажет пе, мəселе – сонда. Біраз адамдар 1950-1990 жылдары осы «қылмыстары» үшін ақталғанымен, сайлау жəне сайлану құқығынан айырылуына байланысты құқықтық мəртебесін қалпына келтіру жəне оларды құқықтық ақтау мəселесі тіптен көтерілген жоқ. Айталық, 1937 жылы 14 наурыздағы КСРО ОАК Төралқасының «Əлеуметтік шығу тегі, мүліктік жағдайы жəне бұрынғы қызметі бойынша КСРО азаматтарының сайлау құқықтарынан айыру туралы істерді жүргізуді тоқтату туралы» қаулысында да, 1958 жылы 25 желтоқсандағы «Сот бойынша сайлау құқықтарынан айырудың күшін жою туралы» КСРО заңы бойынша да сайлау құқығынан айыруға сотталған барлық адамдар осы жазадан босатылғанымен олардың ақталуы туралы ештеңе айтылмады. Келесі мəселе – «бандылар ісі» бойынша сотталғандар. Жоғарыда айтылғандай, 1929 жылдан бастап көптеген дін өкілдерін əртүрлі «бандылар тобына» қосу əдетке айналады. Егер қару алып, қарсылық көрсетсе немесе кісі өлімі болса, оған ақ[1]қарасын анықтамай панисламистік, пантюркистік бағыт беру үшін міндетті түрде дін өкілдерін қосып, «банды құрады да» соттан тыс органдар – «екілік», «үштік», «бестік», түрлі «ерекше алқалар» мен «ерекше кеңестер» шешімімен жер аударудан бастап, өлім жазасына дейін кесе салады. 1993 жылы 14 сəуiр күні қабылданған «Жаппай саяси қуғын-сүргiн құрбандарын ақтау туралы» республика заңына сəйкес, 1950-1960 жылдары ақталмаған біраз адам ақталды. Дегенмен, заңның 6-шы бабында «соттар негiздеп айыптаған, сондай-ақ сот емес органдардың шешiмдерiмен қылмыстық жазаға тартылған, iстерiнде мына төмендегi жасаған қылмыстары жеткiлiктi дəлелденген адамдар ақталуға жатпайды: в) қарулы бандыларды ұйымдастыру жəне олар жасаған кiсi өлтiрулерге, басқа күштеу əрекеттерiне қатысу» деп жазылған. Соның негізінде «банды құрамында болды» деген көптеген адам толық ақталмай отыр. Мысалы, 1932 жылдың наурыз айында Бірлескен Мемлекеттік Саяси Басқармасы (ОГПУ) үштігінің қаулысымен Қылмыстық кодекстің 58-2, 59-3 баптары бойынша Теңіз ауданының 32 адамын (ішінде дін өкілдері де бар) соттайды. 1 адам (Мұхит Ермұхамедов) – ату жазасына, 5 адам – 10 жылға, 9 адам – 5 жылға, 2 адам – 3 жылға сотталып, 15 адам – босатылған. Олардың кінəсі – «Айбас ауылында бандылар қозғалысын ұйымдастырмақ болған, колхоз жылқысын ұрлаған, колхоз белсенділерін сабаған, Гурьев қаласынан келген жазалаушы отрядқа шабуыл жасаған». Кісі өлімі болмағандықтан, алғашқы қамалған адамның жартысын босатып жібереді, бірақ, қалғандарын «банды» деген желеумен жазалайды. Мұхит Ермұхамедовті (қасында 8 адам бар, оның 7-еуі «Ойыл бойындағы Адай көтерілісінің басшылары» деп айыпталғандар) 1932 жылы 14 мамырда Гурьев қаласынан батысқа қарай 9 шақырым жердегі «Малая Мокрая» (Қаратөбе – қазіргі əуежай тұсында) деген жерде атып, көме салады. Айта кету керек, Адай көтерілісіне қатысты атылған сол 7 адам толық ақталған. 1994 жылы прокуратура оларды ақтамай тастаған. Өйткені, жоғарыда айтылған 6-шы бапта жасаған қылмыстары «жеткiлiктi дəлелденген» деген сөз бар. Ал, ол кездегі «жасаған қылмысын» мойындату қалай жүргені белгілі, мысалы, ұсталған адамның бірі тергеу кезінде мерт болған. Өңірлік комиссия бұл істі қайта қарап, оларды толық ақтау үшін Мемлекеттік комиссияға ұсыныс бермек. 1920-1930 жылдардағы Кеңес өкіметінің исламға қатысты қуғын-сүргін саясатының терең əлеуметтік-мəдени зардабы болды. Қазақстандағы мұсылман халқының негізгі бөлігінің рухани өміріне орасан зор соққы жасалды. Ол қатаң идеологиялық қысым мен əкімшілік тыйым астында болып, аймақтағы діни өмірдің барлық көріністерін толықтай жойылуына əкелді. Ғасырлар бойы мұсылман қоғамында қалыптасқан дəстүрлі рухани құндылықтың орнына мемлекет терең идеологиялық, таптық рухсыз құндылық пен нормаларды орнатты.

– Əңгімеңізге рахмет. Ғылыми-зерттеу жұмыстарына табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан: Алмас ҚАБДОЛОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз