БІР МАҚСАТ, БІР МҮДДЕ

Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев бастаған республикалық ақпараттық-насихаттық топ Құрманғазы ауданына ат басын тіреді. Жергілікті тұрғындармен кездескен насихаттық топ мүшелері, Ауыл шаруашылығы министрлігінің кадрлық және әкімшілік қамтамасыз  ету департаменті директорының міндетін атқарушы Бауыржан Айымбетов пен Сыртқы істер министрлігінің аса маңызды тапсырмалар жөніндегі елшісі Сүлеймен Үсен өмірлік маңызы бар, көкейкесті мәселелерді талқы таразысына салды. 

Жергілікті мәдениет үйінде өткен жиынды аудан әкімінің орынбасары Әбдірахман Муса ашты. Ақпараттық-насихаттық топ мүшелері Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттер жөнінде баяндай отырып, еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жаңа жобалардың іске асырылуы жөнінде нақты мысалдар келтірді. «Мәңгілік Ел» идеясының стратегиялық маңызына тоқталып, одан туындайтын тапсырмалар мен міндеттер жайлы сөз қозғады. 

Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сырым Рысқалиев облыстағы агросектор саласының бүгінгі өркендеу бағытын баяндап, тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Еңбек ардагері Уахит Мәсалов, кәсіпкер Идаят Құмарғалиев ауыл шаруашылығын өркендету, мал өнімдерін молайту жөніндегі пікірлерін ортаға салды. 

Жиыннан кейін топ өкілдері азаматтарды жеке қабылдап, олардың сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ, ауданға қарасты селолық округтерді де аралап, Елбасы Жолдауындағы мақсат-міндеттерді түсіндірді.  

Мәдат ХАМЗАҰЛЫ, 
Құрманғазы ауданы.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз