Жарнама
СарапTimeЭкономика

Облыс әкімі кәсіпкерлермен кездесті

ҚЫМБАТШЫЛЫҚҚА ЖӘНЕ СЫРТҚЫ САЯСИ АХУАЛДЫҢ КЕСІРІНЕН ТУЫНДАҒАН ДАҒДАРЫСҚА ТӨТЕП БЕРЕ АЛАТЫН ФАКТОР БАР, ОЛ – ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ. ЯҒНИ, ИМПОРТТЫҢ ОРНЫН ӨЗ ӨНІМІМІЗ АЛМАСТЫРҒАНДА ҒАНА КӨРШІНІҢ «КӨҢІЛІНЕ» ҚАРАУДЫ ДОҒАРАМЫЗ. СОНДЫҚТАН, ШИКІЗАТ САТУМЕН ШЕКТЕЛМЕЙ, КӘСІПКЕРЛІКТІҢ ШЕКСІЗ МҮМКІНДІКТЕРІН ПАЙДАЛАНА БІЛГЕН ЖӨН. ӘЛБЕТТЕ, МЕМЛЕКЕТ «БИЗНЕС АШЫП, ПАЙДА ТАБАМЫН» ДЕУШІЛЕРДІ ҚУАНА ҚОЛДАЙДЫ. ТІПТІ, КӘСІПКЕРЛІК НЫСАНДАРЫНА ТЕКСЕРУДІ ДЕ ТОҚТАТТЫ. БІРАҚ, НАРЫҚТА ӘЛІ РЕСЕЙДІҢ АЗЫҚ-ТҮЛІГІ, ҚЫТАЙ МЕН ТҮРКИЯНЫҢ КИІМ-КЕШЕГІНІҢ «ДӘУРЕНІ» ЖҮРІП ТҰР. ОСЫҒАН БАЙЛАНЫСТЫ, ОБЛЫС ӘКІМІ СЕРІК ШӘПКЕНОВ ЖЕРГІЛІКТІ КӘСІПКЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСІП, КӨКЕЙДЕГІ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТЫҢДАДЫ. ҚАЖЕТ БОЛСА, ТИІСТІ ТАЛАПТАР ШЕҢБЕРІНДЕ ҚОЛДАУ БІЛДІРЕТІНІН ДЕ ЖАСЫРҒАН ЖОҚ.

Канал қашан қазылады?

Бұл кездесудің сенбі күні өтуі кездейсоқтық емес: облыс басшысы да, кəсіп иелері де жұмыс режиміне кедергі келтірмес үшін еркін форматта бас қосты. Төрт сағатқа жуық өткен кездесуде ұзынсонар баяндамаға емес, нақты сұрақ-жауапқа басымдық берілді. – Баршаға белгілі, жыл сайын аймақта көптеген бизнес ошағы ашылып жатыр, – деді Серік Жамбылұлы. – Біздің мақсатымыз – оларға қолайлы жағдай жасау. Соған сəйкес, бизнестің əлеуметтік жауапкершілігі де болуы тиіс. Қос тарап та кəсіпті дамытуға мүдделі. Мемлекет басшысының үнемі айтып жүргеніндей, шағын жəне орта бизнес экономиканың негізгі күші болуы шарт. Мен осы күнге дейін Индер, Махамбет аудандарында болып, есептік кездесулер өткіздім. Алдағы уақытта басқа аудандар мен қала қамтылады. Солардың нəтижесінде біз өңірдің арнайы даму бағдарламасын жасауымыз керек. «Көрпеңе қарай көсіл» демекші, мүмкіндіктерімізге қарай мəселелер заң шеңберінде шешілетін болады. Облыс əкімі қай проблеманы да жауапсыз қалдырмайтынын айтты. Өйткені, Атырау облысының əлеуеті басқа облыстарға қарағанда əлдеқайда жоғары, қол жеткен жетістіктер де аз емес. Қазір облыс тек мұнай-газ кешеніне қарап отыр. Шынында, кəсіпкерлік саласында да жақсы нəтижелерге қол жеткізу үшін мəселелерді жүйелі тəсілдер арқылы шешуді Серік Шəпкенов атап көрсетті. Соңғы жылдары өңірдегі бизнес өкілдерінің мұнай-газ секторына ғана емес, ауыл шаруашылығына көңіл бөліп келе жатқаны қуантады. Қыстақтағы малы, алқаптағы егіні еселеп өнім берер шаруашылықтардың көбейгені елдің еңсесін көтеруге де оң əсерін тигізетіні сөзсіз. Базар сөрелері Белоруссияның етімен емес, жергілікті өніммен толып тұрса қандай жақсы. Түркмен жерінен жеткен картопқа сұранысты махамбеттік шаруагерлер өтесе өзімізге де тиімді емес пе?! Халық отандық тауарды тұтынады, əрі қаражат та өз қоржынымызда қалады. Десек те, кейбір каналдардың бүгінгі ахуалы көп іске кедергі болып тұрған жайы бар. Осынау өзекті мəселені «Алға» шаруа қожалығы қозғады. – Зарослый өзегінде су азайып келеді. Тіпті, «құрғап кете ме» деген қаупіміз де бар. Соған қарамастан, егінімізді егіп, малымызды суарып отырмыз. Тəуекел етіп, бірнеше гектарға егін ектік. Проблеманы бұған дейін көтергенде, сол кездегі облыс басшылығы шешімін табатынын, биыл екі матер тереңдікпен қазылатынын айтқан. Алайда, канал əлі сол күйі тұр,– дейді Атырау селолық округінің шаруагерлері. Облыс əкімі биыл ол үшін əуелі жобалық-сметалық құжаттама жасалатынын, осы жазда канал қазылмайтынын кесіп айтты. – Меніңше, əр істің жасалатынын немесе жүзеге аспайтынын нақты айту керек. Халыққа құр уəде берудің қажеті жоқ. Жалпы, көп канал республикалық бюджет есебінен шешіледі, бұл – күрделі мəселе, – деді Серік Жамбылұлы.

Қымбатшылықтың зардабы

Көрші елдердегі геосаяси шиеленістің салдарынан нарықтағы бағаның шарықтауы кəсіпкерлердің ісіне де кесірін тигізіп жатыр. Мысалы, тауар құнының қымбаттауынан мектеп асханасын жалға алып, оқушыларды ыстық тамақпен қамтып отырғандар, мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін жеке балабақшалар, үй маңындағы шағын дүкендер зардап шегіп отыр. – Қалада тұрғын үй аулаларында 200-дей дүкен бар. Көпшілік мұндай шағын дүкендердегі бағаның тым қымбат екенін айтады. Өйткені, бізге тауар жеткізушілер базардағыдан қымбат бəске əкеледі. Мəселен, базарға қанттың келісін тасымалдаушылар 400 теңгеден апарса, бізге 450 теңгеден əкеледі, – дейді дүкен иелері. Ал, «Алтын сақа» жекеменшік балабақшасының құрылтайшысы Лаура Сұлтанова мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істеп отырған жекеменшік балабақшалардың мұң-мұқтажын жеткізді. – Біз Атырау қаласында 2015 жылдан бері жекеменшік балабақшалар арасынан мемлекеттік тапсырыс ала бастаған алғашқы «қарлығаштардың» біріміз. Қазір біз сияқты 49 жекеменшік балабақша бар. Біз осы уақыт аралығында жергілікті атқарушы органдардан кəсіпкерлерге берілген қолдауды алып отырдық. Оған алғысымызды айтамыз. Бізге №122 қаулы негізінде жан басына шаққанда қаржыландыру жүргізіліп келеді. Биылға дейін бұл қаржы толық жеткілікті еді. Осы қаржыдан педагогтəрбиешілерге қосымша жалақы беретінбіз, коммуналдық шығындарды өтейтін едік. Енді «Педагог мəртебесі» туралы заңға сəйкес, мамандардың еңбекақысы 75 пайызға көтерілді. Оның үстіне, биыл қаңтардан бастап ең төменгі жалақының шектік мөлшері 60 мың теңгеге көтерілді. Осының барлығын ескеріп, біз облыс басшысына ақпан айында хат жазғанбыз. Оған əлі жауап келген жоқ. Екіншіден, біз алғаш мемлекеттік тапсырыс алған кезде өзімізге міндеттеме алған болатынбыз. Яғни, əр жыл сайын əкімнің шешімі шығарылады. Айталық, бір балаға тамақтану мөлшерін белгіленген бағадан асырмауды мойнымызға алдық. 2015 жылдан 2021 жылға дейін бір баланың күндік мөлшері 500 теңге болды. 2021 жылы бұл көрсеткіш төмендеп кетті: 3 жасқа дейінгі балаларға 450 теңге болса, 3-6 жас аралығы – 470 теңге. Қазіргі нарықта бағаның шарықтап кеткені белгілі. Енді кəсіпкерлер тығырыққа тіреліп отыр. Біз балалардың күнделікті тамақтану мөлшерін шегере алмаймыз. Осы бағаны қайта қарауды сұраймыз. Үшіншіден, кадр жетіспеушілігі де байқалады, – деді ол. Облыс басшысы бұл бағыттағы жұмыс қадағаланатынын айтты. Қазір қажетті мамандардың қатарын толықтыру мақсатында министрлік тарапынан 651 мұғалімді орналастыру мəселесі қарастырылып жатқанын атап өтті.

Бәсекелестік орта керек

Жеке кəсіпкер, дəнекерлеушілерді дайындайтын орталықтың директоры Ертай Нұрбеков «Теңізшевройл» секілді ірі кəсіпорындардың жобаларына қатыстыруды сұрады. Қазірге дейін орталықта оқыған 300-ден астам жұмысшының басым бөлігі мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан. Енді олар заман сұранысына ие мамандар дайындайтын оқу орталықтарының арасында бəсекелестік орта қалыптасқанын қалайды. – Бізге тек осы облыстан емес, Маңғыстау облысы, Шымкент, Алматы сияқты ірі қалалардан жұмысшылар келіп оқиды. Негізінен, біз теория емес, тəжірибеге басымдық береміз. Сондықтан, алып кəсіпорындар əлеуметтік жобалардан бізді назардан тыс қалдырмаса екен. Сонымен қатар, колледждерді сенімгерлік басқаруға беру жайы айтылып жүр. Осы бағытта да бизнес-жоспарымыз бар. Инженер мамандарды сырттан əкелмей-ақ, жергілікті мамандармен қамтысақ жақсы емес пе?! – дейді ол. Жылойлық жеке кəсіпкер Мүтиғолла Қойшыбаев сүт зауытын ашқысы келеді. 2016 жылдан бері айтылып жүрген жоба əлі толық жүзеге асқан жоқ. Бүгінде зауытқа жер телімі берілгенмен, несие алуда қиындықтар бар екен. Кəсіпкер жоба толық қуатына енсе, күніне 20 тонна сүт шығаратынын, ал, 1 литр сүттің бағасы 250-300 теңгенің шамасында болатынына сендірді.

Аквамәдениетті қашан дамытамыз?

Атырауда балық өнімдерімен танылып, өнім экспорттап келген «Амангелді» ЖШС төрайымы Айгүл Əмірғалиева облыстағы балық шаруашылығының қордаланған мəселелерін көтерді. – 2006 жылдан бері өз қаражатымен жұмыс істеп келе жатқан «Амангелді» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі үш-төрт жылдан бері тауарлы балық түрлері, жалпы балық қорының азаюына байланысты тауқыметті бастан кешіп келеді. Осыдан үш жыл бұрын Үкімет басшысы келгенде көтерілген мəселеге байланысты аквамəдениет жəне балық шаруашылығын дамыту жоспарына қол қойылған еді. Алайда, ол жоспардың орындалысы көңіл көншітпейді. Құрманғазы ауданынан ауқымды істерді бастадық. Алайда, ай сайын 1500 жұмысшының жалақысын, салық пен несиені төлеу қиындап барады. Оның үстіне, жуырда қайықтар теңізден Жайыққа кіре алмай қалды. Өйткені, өзен тамағы бітелген, шұғыл арада тазартуды талап етеді. Амалсыздан бүкіл кемені сатуға мəжбүр болып отырмыз. «Amanat» партиясынан сайланған Мəслихат депутаты ретінде жүргізген қоғамдық қабылдау кезінде «Каспий балық өндірістік қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Салауат Тілепбергенов Жайық өзені мен каналдарды тазарту жөнінде мəселе көтерді, – деді Айгүл Əмірғалиева. Бұған қатысты облыс басшысы Серік Шəпкенов резервтен қаржы бөлу жайы қарастырылып жатқанын атап көрсетті. – Аквамəдениетке қатысты мəселе кешеуілдемеуі тиіс. Байырғы заманнан Атырау балығымен танылды, енді оны жоғалтып алмауымыз керек, – деп, Серік Жамбылұлы мəселеге айрықша маңыз берді.

Р.S:

ИӘ, ТӨРТ САҒАТҚА СОЗЫЛҒАН КЕЗДЕСУДЕ КӘСІПКЕРЛЕР КӨКЕЙТЕСТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ОРТАҒА САЛДЫ. ОБЛЫС ӘКІМІ АЛДАҒЫ УАҚЫТТА МҰНДАЙ ЕРКІН ФОРМАТТАҒЫ ЖҮЗДЕСУЛЕР ӘР САЛА БОЙЫНША ҰЙЫМДАСТЫРЫЛАТЫНЫН АЙТТЫ. ДЕСЕК ТЕ, ҚЫНЖЫЛТАРЛЫҒЫ – КЕЗДЕСУ БАРЫСЫНДАҒЫ СҰРАҚТАРДЫҢ БАСЫМ БӨЛІГІ ЖЕКЕ МӘСЕЛЕ ТӨҢІРЕГІНДЕ БОЛУЫ. СОНДЫҚТАН, МҰНДАЙ БАСҚОСУЛАРДА ОБЛЫСТАҒЫ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУҒА ҚАТЫСТЫ ОРТАҚ МӘСЕЛЕЛЕР КӨБІРЕК ҚОЗҒАЛСА ДЕГЕН ҰСЫНЫС АЙТЫЛДЫ. – БІЗ БАРДЫ БАР, ЖОҚТЫ ЖОҚ ДЕП АЙТАМЫЗ. ҚҰР УӘДЕ БЕРМЕЙМІЗ. ӨЙТКЕНІ, БАРЛЫҒЫ ЗАҢ ШЕҢБЕРІНДЕ ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ. «МЕНІҢ МӘСЕЛЕМ ОҢ ШЕШІЛУІ ТИІС» ДЕГЕН БІРЖАҚТЫ ҰҒЫМ ДҰРЫС ЕМЕС. ОЛ ТЕК ЗАҢДЫЛЫҚ АЯСЫНДА БОЛСА ҒАНА ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ. БІЗ ДЕ ҚОЛДАН КЕЛГЕН КӨМЕКТІ АЯМАЙМЫЗ, – ДЕДІ ОБЛЫС ӘКІМІ. АЛ, КӘСІПКЕРЛЕР ТИІСТІ ҚҰРЫЛЫМДАР ТАРАПЫНАН БЮРОКРАТИЯЛЫҚ КӨЗҚАРАС ӘЛІ ДЕ БАЙҚАЛЫП ҚАЛАТЫНЫН ЖАСЫРМАДЫ.

Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button