Атырауда жылқы атып алушылар көбейді (+ВИДЕО)

20190329161430 21776 БЕЙНЕЖАЗБА

Atr.kz/ 29 наурыз, 2019 жыл. Атырауда мал ұрлығы өршіп барады.

Мәселен, Индер ауданында бір мезетте 250 қой жоғалған. Индер аудандық полиция бөлімінің айтуынша, тексеру нәтижесінде ұрылар анықталғанымен зәбір көрсетуші мен жәбірленуші жақ өзара келіскендіктен, «талабымыз жоқ» деп қолхат жазып, қылмыстық істі қысқартуға тура келген. 

Бұл туралы аудандық мәслихат депутаты, «Дендер» газетінің бас редакторы Жанай Амантурлин аудандық ішкі істер бөліміне депутаттық сауал тастап, сең орнынан қозғалғандай болып еді. Тексеру де басталып, бірақ, ақыраяғы сиырқұйымшақтанып кеткен сыңайлы. Себебі, қорытындысы әлі жария болған жоқ.

Енді, міне жақында индерлік тұрғын Ғ.Оразбайдың бейнежазбасына қарағанда, әлдебір ұрылар даладағы жайылыста жүрген жылқыларды атып кеткен екен. Екі буаз биені атып, тиеп әкетіпті. Ұрылар Батыс Қазақстан облысымен шекаралас аймағы, Қызылқоғаның Абай ауылына қарай жүретін жолдағы жайылып жүргені жылқыны жайратып салыпты.

«Ұрылардың малды жол бойынан атып алуы ештеңеден тайсалмағаны емес пе? Әрі үйірдің ішінен таңдап жүріп буаз малды атып кету обал-ақ. Нағыз қасқойдің ісі», – дейді индерлік тұрғын.

Ал Исатай ауданының тұрғыны Жанбай селосында енесімен бірге тұрып жатып, оның екі сиыр малын ұрлап, сатып жіберген. Сотталушы ұзақ уақыт бойы түрлі сылтаулармен ұрлығын енесінен жасырып келген. Ал бірнеше ай өткеннен кейін селодан кетіп қалған. Алаңдаған енесі өзінің малын іздей бастаған кезде көршілерінің бірі оған күйеу баласының сиырларды көлікке тиеп жатқанын көргенін айтқан. Іс медиация тәртібімен шешіліп, тұрғын жазадан босатылыпты. Ал жалпы, облыста мал ұрлығымен 4 тұрғын сотталған.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз