Баспана БАҒАСЫ бас бермей тұр…

ppppppppppppppppppp СарапTime

ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК НАРЫҒЫ ҚАЗАҚСТАНДА, ӘСІРЕСЕ АТЫРАУДА АЛМАТЫНЫҢ АУА РАЙЫНДАЙ САН ҚҰБЫЛЫП ТҰРАДЫ. МЫСАЛЫ, КҮЗДІҢ БЕЛ ОРТАСЫНАН КӨКТЕМГЕ ДЕЙІН БАҒА КӘДІМГІДЕЙ САЯБЫРСИДЫ. ОСЫ КЕЗДЕГІ КЕЙБІР КЛИМАТТЫҚ ҚИЫНДЫҚТАР МЕН КЕДЕРГІЛЕРГЕ БАЙЛАНЫСТЫ ӘЛЕУЕТТІ САТЫП АЛУШЫЛАРДЫҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ БӘСЕҢДЕЙДІ. БҰҒАН ӘСЕРІН ТИГІЗІП, ЫҚПАЛ ЕТЕТІН КЕЛЕСІ БІР ФАКТОР – ДОЛЛАР БАҒАМЫНЫҢ АУЫТҚУЫ. СОНДАЙ СӘТТЕ АЛЫП-САТУ НАРЫҒЫНДАҒЫ КЕЛІСІМДЕР МЕН РӘСІМДЕР КҮРТ АЗАЯДЫ.

ШАРЫҚТАҒАН ШАРШЫ МЕТРЛЕР

Ұлттық статистика бюросының Атырау облысы бойынша департаменті ұсынған мəліметтерге қарағанда, биыл сəуір айында республиканың тұрғын үй нарығындағы 1 шаршы метр тұрғын алаңның орташа құны: жаңа үйде 412,3 мың теңге болса, пəтерлерді қайта сату бағасы 460 мың теңгеге жуықтайды. Ал, абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу (1 ш.м.) бəсі – 3561 теңге. Онда да санатына (элиталық, жайлы пəтер, т.б.) қарай баспана бағасы өзгеріп отырады. Алайда, былтырғы осы кезеңде тұрғын үй нарқы айтарлықтай төмен болғанға ұқсайды. Нақтылай кетсек, жаңадан салынған пəтердің шаршы метрі орташа есеппен 327 мың теңгеге, абаттандырылған тұрғын үй 261 мың, жалға берілетін пəтер 1744 теңгеге бағаланған. Былтыр елдегі ең қымбат баспана (жаңадан салынған) елордада (1 ш.м. – 426 мың теңге) тіркелсе, абаттандырылған тұрғын үй 445,8 мың теңге болыпты. Ал, арендалық үйді жалдау ақысы 3112 теңгеге тұрақтаған. Одан кейінгі қымбат баға Алматы, Шымкент қалаларында тіркелген. Тағы бір статистикалық дерек – Атырауда былтырғы алғашқы 4 айдағымен салыстырғанда, биыл тұрғын үй нарығындағы бағаның индексі əжептəуір жоғары. Пайызға шаққанда, жаңадан салынған пəтерлерді сату бойынша – 113,8, қайта сатудан – 111,2, ал абаттандырылған тұрғын үйді жалға алудан – 117,4 пайыз. Соған сəйкес, баспана нарығында орта есеппен алғандағы жаңа пəтердің 1 шаршы метрі – 367 мың теңгеден сəл ғана асса, қайталама сатудан – 312 мың теңгеге жуықтапты. Ал, жалға берілетін абаттандырылған көп қабатты үйлердегі пəтердің шаршы метрінің құны – 2204 теңге. Осыдан-ақ, облыста əр шаршы метр бағасының жыл санап шарықтап бара жатқанын байқау қиын емес. Əрине, бұл жерде жылжымайтын мүлік саудасымен айналысатын риэлторлардың да зор «үлесі» бар. Олардың пайымдауынша, соңғы кезде клиенттердің басым бөлігі пəтерді жаңадан салынған жəне жөндеуді қажетсінбейтін үйлерден сатып алғанды қалайды екен. Оның үстіне, бірқатары тұрғын жайды ипотека жүйесімен, яғни ұзақ мерзімге несиеге алатындықтан, бұл санаттағы пəтерлер қаржыландырушы банк қойған талаптарға сай келуі шарт. Екіншіден, егер жылжымайтын мүлікті сатып алуды қаржы салу нарығы ретінде қарасақ, клиенттер баспананы соңғы 20 жылда салынған үйлерден таңдайды. Ал, оның арғы жағында салынған үйлер физикалық тұрғыдан да, моральдық тұрғыдан да ескірген болып есептелетіні рас. Үшіншіден, облыс орталығында ІІІ сыныпқа жататын жаңа бюджеттік тұрғын үйлердің құны Азаттық даңғылында, Авангард жəне Вокзал маңы шағынаудандарындағы баспана бағасымен тең түседі. Сөйтіп, Сəтпаев даңғылындағы қайталама нарықтағы үйлердегі пəтер бағасы жоғары санатқа кіретін жаңа үйлермен бəстесе алуы ықтимал. Егер осындай мүмкіндік болса, ескі пəтер алудың қажеттілігі қанша? Төртіншіден, заманауи үлгіде жоспарланған, ас бөлмесі үлкен, бірнеше санитарлық торабы бар жаңа пəтерлер баршаны қызықтырмай ма? Ал, дайын күйінде пайдалануға берілген баспаналарға келсек, олардың бағасы орта есеппен 1-2 млн. теңгеге қымбат.

ҚАЛАУЫҢЫЗ ҚАЙ ҚАБАТТА?

Тұрғын үйдің орналасқан ауданына қарай таңдалуында қаланың еуропалық бөлігіне, яғни оң жағалауына басымдық беріледі. Дамыған инфрақұрылым, сауда орталықтары, мектептер мен балабақшалардың қолжетімділігі, аулаларында көлік тұрағы үшін арнайы орынның қарастырылуы, өзен мен саябақтың жақындығы – осы аумақтағы тұрғын үйлердің тартымдылығын арттыра түсетін факторлар. Сарапшы мамандардың пікірінше, оқушы балалары бар отбасылар үшін мектептің жақын орналасуы маңызды роль атқарады. Сондықтан, ата-аналар балаларын жақын маңда орналасқан мектеп-лицей, гимназия, өзге де элитарлық мектептерге бергенді жөн санайды. Өйткені, мұндай санаттағы білім беру мекемелерінің дені шаһардың еуропалық бөлігінде шоғырланған. Оның үстіне, бұл жағалауда сауда-ойынсауық орталықтары мен мейрамхана, басқа да көңіл көтеретін орындар жеткілікті.

ƏЛЕУЕТТІ САТЫП АЛУШЫ КІМ?

Сарапшылардың пайымдауына сүйенсек, баспана сатып алуға құлшынушылардың қатарын ірі шетелдік немесе бірлескен компаниялардың қызметкерлері құрайды екен. Өйткені, оларға өздерінің жұмыс орындарынан жылдық қайтарым пайызынсыз қарыз ақша беріледі. Соған байланысты бұл санаттағы сатып алушылар жайлы пəтерді жаңа тұрғын үй кешендерінен таңдайды. Олардың дені болашақта тұратын баспаналарын құрылыстың салыну кезеңінде, яғни үлескерлік қатысу келісім-шартын ресімдеу арқылы иеленіп алады. Қабылданған ереже бойынша мұнда мердігер компаниялар үйлерді сатумен тікелей айналысады. Қайталама нарыққа шығарылатын тұрғын үйлерді сатып алушы тарап жақсы жарақтандырылған көлік қоятын орынның, балалар ойын алаңының, дербес жылыту жəне энергиямен жабдықтау жүйесінің, сондай-ақ, коммуналдық қызмет көрсетуші мекеме қызметінің сапалы болуына назар аударады. Баспана сатып аларда саудаланатын пəтердің орналасқан қабаты да зор маңызға ие. Бəрінен бұрын бірінші қабаттағы пəтерді сату қиынға түседі. Өйткені, күн жылына мазаны алатын маса, жертөледен келетін жағымсыз иістен терезені үнемі дерлік жауып қоюға тура келеді. Ал, жоғары қабаттардан баспана бұйырғандар көбінесе пəтер қабырғаларының ылғалданып, сыз тартып тұруынан, оған қоса жеделсатының жиі істен шығып қалу қаупінен қорқады. Тəжірибеде дəлелденгендей, сатып алушыларды көбінесе бір жəне үш бөлмелі пəтерлер қызықтыратын көрінеді.

Дəулетқали ЛАТИФҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз