«Жанымызбен көреміз, жүрегімізбен сеземіз…»

op Жаңалықтар

Өңірде бірінші топ мүгедектерін жұмыспен қамтып отырған бірден-бір мекеме болса, ол – Атырау қаласындағы соқырлар қоғамының өндірістік мекемесі. Оның тарихы сонау екінші дүниежүзілік, яғни, Ұлы Отан соғысы аяқталған уақыттан бастау алады. Дәлірек айтсақ, кәсіпорын 1946 жылы жұмыс істей бастаған.

оп

Алғашқы кезде мұнда майданнан жаралы болып оралған сегіз адам еңбек еткен екен. Олар балалақшалар мен ауруханаларды тұрмыстық қажеттіліктермен, соның ішінде, төсек-орындармен жабдықтаған. Бүгінде аймақта 18-64 жас аралығындағы 650 зағиптың 31-і осында нәпақасын тауып жүр. Олардың арасында көзі мүлдем көрмейтін және нашар көретін бірінші және екінші топ мүгедектері бар. Мүлдем көрмейтіні жұмысқа арнайы көлікпен қатынайды.

Мекеме жекенің меншігінде болғандықтан, мемлекет тарапынан да, басқа да қосымша көздерден материалдық қолдау тетіктері қарастырылмаған. Мүмкіндігі шектеулі болғанымен, құлшынысы шексіз жандар қоғамның қарапайым өкілі ретінде еліне адал еңбек еткісі келеді. Бірақ, тендер байқауында үнемі жеңіліп қалып жатады. Әйтсе де, бұл зағиптардың қолынан ештеңе келмейді деген сөз емес. Олар жасап шығарған қандайма бұйымдар шетелден келетін тауарлардан артық түспесе, еш кемшілігі жоқ. Керісінше, отандық өнім таза әрі қолжетімді бағамен ұсынылады.

Негізгі шикізат көзі болып табылатын мақта Шымкент және көршілес Бішкек қалаларынан көтерме бағамен әкелінеді. Қазір осындай азды-кемді қиыншылықтар қолды байлап тұр. Сайып келгенде, қолдау табылса, мекеме аяғынан тік тұрып кететініне мұндағылардың сенімі зор. Бір қызығы, бұл жердегі кәсіп ерлер не әйелдерге арналған деп бөлінбейді. Мәселен, тігін цехында нәзік жандылармен бірге ерлер де бір қатарда қызмет етуде. Тігін цехының шебері Сәуле Басарова осында көп жылдан бері тігудің қыр-сырын үйретіп келе жатқанын айтады.

– Жанарынан айырылғандармен жұмыс жасап жүргеніме отыз жылдан асты. Осы уақыт ішінде олардың жанын тілсіз ұғатын психолог маманға айналдым. Олардың бірі дүние есігін ашқалы бері, ал, енді бірі аяқ астынан көр соқыр болып қалған. Әсіресе, айтып отырған екінші тобымыз күйзеліске көбірек ұшырайды. Өйткені, жарық дүниені бір сәтте көре алмай қалу психологиялық тұрғыда өте ауыр, – дейді ол.

Қалай болғанда да, бұл кәсіпорын пайда табу емес, мүгедектерді қоғамға тарту мақсатында құрылғанын ұмытпаған жөн. Бұл жердегі табыс 15 мың теңгеден басталады. Ал, тапсырыс болмаса, ол да жоқ. Осыдан тура жетпіс жыл бұрын тұрғызылған ғимарат та әбден ескірген. Әсіресе, қыс мезігілнде жұмыс жасау өте қиын.

– Өмірге өкпелі емеспіз. Осындағы тағдырластар болып бір ел, мақсат, бір мүдде үшін жұмыстанып жатырмыз. Бәріміз етене жақын араласып, туыс адамдардай болып кеттік. Тіпті, осында жүріп көңіл жарастырып, шаңырақ көтергендер де бар. Солардың бірі – өзім. Осында отыз жылдан бері еңбек етіп келемін. Кезінде көзі көрмейтін балаларға арналған мектеп-интернатта білім алдым. Содан кейін осы тігін цехына орналастым. Мұнда жұбайым Ерболатты жолықтырып, отбасын құрдық. Құдайға шүкір дейміз, төрт ұл өсіріп отырмыз. Тағдырға өкпе артқаннан гөрі мың сан алғыс айтамыз, – дейді бірінші топ мүгедегі Болдық Қабдешева.

Әйтсе де, жақсылықтарды да айтпай кетуге болмас. Жыл сайын тегін демалыс орындары ұйымдастырылып, қоғамдық көлікпен қатынау мүмкіндігі қарастырылған. Тіпті, ұялы телефондармен де қамтылған. Мемлекет тарапынан 47 мың теңге жәрдемақы төленеді. Алайда, ол коммуналдық төлемдер мен күнделікті шығындардан артылмайды. Демек, жалақыны өсіру керек. Сондықтан әлі де болса қамқорлық танытытар жанашыр жандар табылар деген үміттеміз.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз