«ЕЛ ҚОРҒАУ – ЕЛДІҢ ІСІ» ДЕП ТҮСІНЕТІН ҰРПАҚПЫЗ ҒОЙ. АЛАЙДА, СОҢҒЫ КЕЗДЕРІ ӘСКЕРГЕ БАЙЛАНЫСТЫ КЕЛЕҢСІЗ ЖАҒДАЙЛАР КӨБЕЙІП КЕТТІ. АЗАМАТТЫҚ БОРЫШЫН ӨТЕУГЕ АТТАНҒАНДАР КЕБІНГЕ ОРАЛЫП КЕЛЕТІН КҮНГЕ ЖЕТТІК. ӘЛІ ОН СЕГІЗГЕ ТОЛЫП ҮЛГЕРМЕГЕН ӨРІМДЕЙ ЖАСТЫҢ АРМАНЫ, МАҚСАТЫ, БОЛАШАҒЫ… ҮЗІЛДІ. БІРІ ҮЙДІҢ ҮЛКЕНІ, БІРІ ҮЙДІҢ ҮМІТІ… ОДАН ҚАЛСА, ӘСКЕРГЕ ЖАРАМДЫ БОЛЫП БАРЫП, ЖАРЫМЖАН БОЛЫП ҚАЙТҚАНДАРЫ ҚАНША МА? АҢЫРАҒАН АНАНЫҢ ЗАРЫ МЕН ЕСЕҢГІРЕГЕН ӘКЕНІҢ КӨЗ ЖАСЫ КІМНІҢ МОЙНЫНДА?! МҰНДАЙ ОҚИҒАЛАРДАН КЕЙІН ЕЛ КӨҢІЛІНЕ МЕМЛЕКЕТТІҢ ҚОРҒАНЫС ІСІНЕ ДЕГЕН СЕНІМСІЗДІК ҰЯЛАЙТЫНЫ АНЫҚ. БҰЛ ЖАҒДАЙ ӘСКЕРИ САЛАНЫҢ САН ӨЗГЕРІСТІ ҚАЖЕТ ЕТЕТІНІН ДЕ КӨРСЕТЕТІНДЕЙ. АШЫҒЫН АЙТУ КЕРЕК, ҚОҒАМ ЖАСТАРДЫҢ ӘСКЕРГЕ БАРҒАНЫН ҚОЛДАЙДЫ, СОНДАЙ-АҚ ОНДАҒЫ АХУАЛДЫҢ ЖАЙЛЫ БОЛҒАНЫН ДА ҚАЛАЙДЫ.
Жасыратыны жоқ, тепсе темір үзетін жігіттер амалын тауып, əскери міндетінен жалтаратын болды. Құзырлы орган өкілдері оларды көшеден ұстап алып, «ұрлап» əкетіп əлек. Ата-аналар «баламды көшеден ұстап алып кетті» деп шырылдап жүр. Бұл – шиеленісті мəселенің беті ғана. Байқасақ, əскерге баруға жалтарғаны үшін заң алдында жауап береді екен. Мұндай оқиғалардың себебі неде? Қашанға дейін жалғасады? Еркінен тыс елін қорғауға сүйреп апару қаншалықты дұрыс?
Байрам АЛИЕВ, 5546 əскери бөлімі командирінің тəрбие жəне əлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник:
– Бүгінде əскер жасына дейінгі жасөспірімдердің əскерге дайындығы өзекті мəселе болып отыр. Мəселен, ұрпаққа смартфон мен гаджеттерге, компьютер ойындарына деген тəуелділіктің жағымсыз əсері көп. Оны біле тұра мойындамаймыз. Жасыратыны жоқ, бүгінде қолында гаджеті жоқ баланы сирек кездестіретін болдық. Ұялы телефон атаулы балабақшаға баратын бүлдіршіндерден бастап, жоғары сынып оқушыларына дейін бар. Оған үңілгендердің психологиясы өзгеріп бара жатыр. Кейбір ата-аналар өз перзентін шектен тыс еркелетіп, баланың бетінен қақпай, көңіліне қарап тəрбиелейді. Ал, мұндай көріністер баланың бойында жағымсыз қасиеттердің қалыптасуына себепші болады. Баланы өсіріп тəрбиелеудегі басты мақсат қоғамдық өмірге «түзу кірпіш қалау» екенін ескере отырып, осы мақсатты жүзеге асыру үшін, алдындағы қандай болмасын қиындықтарын жеңуге баулу қажет. Өзін қоршаған ортамен қарым-қатынас жасауға, қоғамдық өмірдің əдет-дағыларын игеруге бейімдеу маңызды. Сонымен қатар, патриот, ержүрек адамды, табанды күрескерлерді тəрбиелеудің негізі мектепте қаланады. Бұл орайда мектептерде бастапқы əскери дайындық пəні мұғалімдеріне үлкен талап қойылады. Сондықтан оларға өз ісінің жетік маманы болу жеткіліксіз. Одан бөлек, отбасындағы жалпы қарым-қатынас, үйдегілердің бір-біріне деген сый-құрметі немесе басқалармен байланысы, сөз шеберліктері, немесе жағымсыз қылықтары жас баланың қалыптасуына əсер етеді. Біз, алдымен, осы мəселелердің басын ашып, реттеп алуымыз қажет.
Аманжол КЕНЖЕҒҰЛОВ, С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжінің алғашқы əскери жəне технологиялық дайындық пəнінің мұғалімі, запастағы майор:
– Соңғы кездері əскерімізде жəне қоғамда жастардың əскери қызметке ынтасы мен көзқарастарының нашар қалыптасу себептері, алдымен, отбасындағы тəлім-тəрбиенің төмендігінен деп ойлаймын. Білім орындарында алғашқы əскери жəне технологиялық дайындық сабақтарына бөлінетін сағат санының жылдан жылға қысқартылуы мен материалдық жабдықталуы талапқа сай болмауы да себептердің бірі. Алғашқы əскери жəне технологиялық дайындық пəні арқылы оқушылар мектеп қабырғасында жүріп қаруды таниды, саптық даярлықты меңгереді, өмірлік қауіпсіздік ережелерін жаттайды, əскери жарғының не екенін түсініп, əскери шеберлікті үйренеді. Көптеген білім беру мекемелерінде саптық алаңы, кедергі жолағы, оқу қаруы, тир жоқ. Сонымен қатар, алғашқы əскери жəне технологиялық сабағын мерзімді əскери қызмет өткермеген əйел адамдар жүргізеді. Бұрынғыдай бес күндік дала оқу жиыны талапқа сай өтпейді. Ол оқу орындардың ауласында өткізіледі жəне біздің батыс өңірінде бірде-бір əскери орта оқу орны (колледж) жоқ. Осы себептерден біздің жастарымыз əскерге физикалық жəне моральдық дайындықсыз барады. Əскерге аттанған сарбаздардың психологиялық дайындығы жоқ. Бұл соңғы кездері əскердегі өлімнің көбеюіне себепші.
Мүфти ҚҰБАЙДУЛЛИН, газет оқырманы, аға лейтенант:
– Мемлекеттің беріктігі мен халықтың тыныштығын күзететін қорғаныс күштерінің мықтылығы өте маңызды. Алайда, соңғы уақытта Отан алдындағы борышын өтеуге құлықсыздар қатары артып, қалқанымыздың оқ пен отқа төзімділігіне күмəн көбейіп тұр. Əскерге барған жігіттер шыңдалады, тəртіпке үйренеді. Ертеректе ер азамат үшін əскери борышын өтеу үлкен мəртебе саналатын. Оның үстіне жауынгерлік борышын өтегендерді ауылдастары асыға күтіп, мақтауын асыратын. Ал, бүгінде барлығы керісінше. Қазіргі қоғамда орнаған қорқыныштың салдарынан кейбір ата-ана өз ұлының əлімжеттік пен зорлық-зомбылық құрбаны болғанын қаламайды. Осылайша, баласын əскерге жібермеудің барлық амалын жасайды. Жемқорлық жайлап тұрған мына заманда əскерге «не годен» болу да қиын шаруа емес. Біздер шетелде азаматтық борышымызды өткергенбіз. Германия жерінде болдым. Бірнеше ұлттың өкілі тату-тəтті екі жылымызды өткіздік. Ол кезде де əскерден қашу, əскерде жүріп қайтыс болған фактілер болды. Бірақ, сирек кездесетін. Ұзақ жылдар алғашқы əскери дайындық пəнінен сабақ бердім. Педагог ретінде, басты себеп ретінде сарбаздар арасындағы қарым-қатынас, əлімжеттікті айтар едім. Ол тек əскерде ғана емес, мектеп, университеттерде де бар. Ақша жинау, қорқыту жəне т.б. өзіңіз білесіз, күні кеше жоғары сынып оқушылары төменгі сыныптағы замандасын ұрып, соғып, өлімші жағдайға жеткізді емес пе? Шындығында, еркін қоғамның жас өскіні қатаң режимдегі тəртіпті басынан өткеруге қауқарсыздығы үгіт-насихаттың аздығынан болуы ықтимал. Өйткені əрбір борышын өтеп келгендер айналасындағыларға қиындықты айтып, «уақытты өлтіресің» деген қисынсыз əңгімелерін тықпалайды. Мұндайда керісінше, əскери өмірдің қызығы мен шыжығын баяндап, жасөспірімдердің қызығушылығын арттырған жөн болар еді. Əскерге келген жас сарбаздарды əскери іске үйрету – əр командирдің міндеті. Осы орайда, əскердегі тəрбие жұмысына басымдық берілуі керек.
Ғани АРТЫҚОВ, Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің өкілі:
– Көпшілік орындарда əскерге шақырушыларды анықтау, оларды əскерге шақыру пункттеріне жеткізу жəне қолданыстағы заң талаптарын түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл – ел бойынша жүргізіліп жатқан шара. Ел Президентінің қаңтардағы қойылған тапсырмаларына байланысты əскери қызметке жастарды тарту бойынша жұмыстар мұқият қолға алынып отыр.
Рита ӨТЕУҒАЛИ