Атырау қаласындағы үш мешітте Қостанайға жылу жинау басталды, деп хабарлайды ATPress.kz.
Бұл туралы облыстық Иманғали мешітінің наиб имамы Арман Исаев мәлімдеді.
Арман ИСАЕВ, Иманғали мешітінің наиб имамы:
«Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хадистерінің бірінде: «Кімде-кім мүмін бауырының осы дүниедегі бір уайым-қайғыдан құтылуына себепкер болса, Алла Тағала оны қиямет қайымның қайғы-мұңдарының бірінен құтқарады» деген. Қостанайлық бауырларымызға келген қиындықты барша мұсылмандарға болған сынақ деп те қабылдауымыз керек. Өйткені, осындай қиын тұста біздің бір-бірімізге деген бауырмалдығымыз бен жомарттығымыз сыналады. Сол үшін де Атырау облысының жамағаттары бұл жағдайға бей-жай қарамай, қолдан келген көмегін көрсетуге әзір. Қазіргі уақытта ҚМДБ-ның облыстағы өкілдігі басшылығымен «Иманғали», «Қ.Мұңайтпасов» және Дамбы ауылындағы Атырау ауылдық мешітінде сондай-ақ барлық аудандық мешіттерде гуманитарлық көмек жинау басталды. Қосымша сұрақтар бойынша 87025001655 нөміріне қоңырау шалсаңыздар болады».
