БӨРКІМІЗДІ АСПАНҒА АТЫП, ЕРТЕ ҚУАНЫП ҚОЙДЫҚ ПА? ӘЛДЕ ӘУЕЛДЕН АСЫҒЫС ҚОЛҒА АЛЫНҒАН ЖОБА БОЛДЫ МА? ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН АВТОНЕСИЕДЕН ҮМІТТІЛЕРДІҢ ҮМІТІ АҚТАЛМАДЫ. ОТАНДЫҚ АВТОМОБИЛЬДЕРДІ ХАЛЫҚҚА ҚОЛЖЕТІМДІ ЕТУ ҮШІН ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРЛІГІ ЖЕҢІЛДІКПЕН НЕСИЕ БЕРУ БАҒДАРЛАМАСЫН ІСКЕ ҚОСҚАН ЕДІ. ҚАРА ХАЛЫҚТЫҢ ҚАМЫ ҮШІН ЖАСАЛҒАН БАҒДАРЛАМА БОЛҒАНЫМЕН, АВТОСАЛОНДАРДАН ОНЫҢ ИГІЛІГІН КӨРІП, КӨЗІ ЖАЙНАП, КӨҢІЛІ ШАТТАНҒАН АҒАЙЫНДАРДЫ БАЙҚАМАДЫҚ. ЖЕҢІЛДІГІ БАР АВТОНЕСИЕ БАҒДАРЛАМАСЫНА КӨП ТІҢ КӨҢІЛІ ТОЛАР ЕМЕС.
4 ПАЙЫЗДЫҚ НЕСИЕ ХАЛЫҚТЫ ЖАРЫЛҚАЙ МА?
Иә, бұл бағдарламаны көпшілік ұзақ күтті. Алдын ала кезекке де тұрып қойғандары бар.
– Халық банктен «Құрметті клиент! Бұрын сіз жеңілдікпен автокредит алуға өтінім бердіңіз. Алдын ала кредиттік шешім алу үшін 2022 жылғы 27 мамырға дейін банк бөлімшесіне келуіңізді сұраймыз. Өзіңізбен бірге автосалоннан автокөлік құралын төлеуге арналған шот және жеке басты куәландыратын құжат болуы қажет. Банктің оң шешімі болған жағдайда, сіз жеңілдікпен автокредит беру кезегіне қосыласыз. 2022 жылғы 27 мамырға дейін банкке хабарласпаған жағдайда, сіз кезектен шығарыласыз. Құрметпен, Halykbank» деген хабарлама келгенде алып-ұшып банк бөлімшесіне жеттім. Олар мені автосалонға жіберіп, төлем шотын алып келуім керектігін айтты. «Астана Моторс» автосалонына барып, өзіме «Hyundai Tykson» көлігін таңдадым. Оның бағасы белгіленген 10 миллион сомадан артық екен. Дегенмен үстіндегі 4 490 мыңды өзім төлейтін болып келістік. Ондағылар төлем шотын берерде Win Cod-пен қолда бар банктік кепілдік беретін қағаз керектігін айтты. Үш күнге «резервке» қоя алатындарын, кешіккен жағдайда басқа тұтынушыға берілетінін түсіндірді. Ал кепілдік қағазын банк шешім шықпай бере алмайтын болып шықты. Өтінім бергеніме де төрт күндей болды. Қалаған көлігімнің Win Cod-пен өтіп кеткенін де біліп отырмын, — дейді бізге ренішін айтқан Исатай ауданының тұрғыны Жантілек Мұратұлы.
«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, банк оң шешім шығарып, несие беретін болса, үш күнде пайдаланылуы керек екен. Өйтпеген жағдайда, кезегі өтіп, жер сипап қалады. Ал, автосалондарда көлік қат болып шықты. «Ғаламтордан қарап шықтым, Қазақстан бойынша көлік жоқ» дейді ол.
«Қазақстан автобизнес қауымдастығының» өкілі Анар Мақашева да автокөлік дефициті бар екенін мойындайды.
«Алайда, бұл шешілетін шаруа. Ең бастысы, қазір көпшілік айтып жүргендей автосалондарда автокөліктер жоқ емес, бар. Тек кейбір босалқы бөлшектер жетіспей жатыр. Жеңілдетілген автонесие бағдарламасы аясында халықты жаңа автокөлікпен қамтуға дайынбыз. Қазіргі кезеңде елдегі бүкіл автосалондарда 7 мың көлік бар және жыл аяғына дейін тағы да отандық көліктермен толықтырылады, — деді ол.
Өткен жылы автокөлік нарығындағы өсім 26 пайызды, өндірістегі өсім 20 пайызды құраған екен. Осы жылдың наурыз айындағы жағдай бойынша, нарықтың өсімі 28 пайыздан асып жығылыпты. Мамандар нарықта оң динамика қалыптасып отырғанын айтады.
ЕЛДІҢ ҮМІТІ – ҮШ БАНКТЕ…
Біз бас сұққан Kia брендінің ресми дилері «Caspi Auto Atyrau» ЖШС салонында халықтың қарасы аз көрінді. Бақсақ, алғашқы болып автонесиелендіруге өтініш қабылдаған «ЦентрКредит» банкі несиелеуді тоқтатқан екен. Банк менеджері Ақерке Бақдәулетқызы «жеңілдетілген автонесиеге бөлінген лимит бітті» деп қысқа қайырды. Себебін сұрағанымызда тосқан жауабы да қысқа болды: «бірінші күні Win Cod-пен, қалған екі күн бойы Win Codсыз бердік». Аталған автосалон директорымен аяқтай барып та, кейін телефон арқылы да тілдесе алмадық. Асылы, халықтың көп сауалына ол кісі де жауап таппай отырған секілді. Hyundai Atyrau-дың автосалонына да кіріп шықтық. Алдымыздан шыққан атыраулық тұрғын Бақытгүл Убишева 24 жастағы қызына «Еlantra» алып бермек болып келген екен. Онымен, көңілдері қалаған көліктері салонда болмай шыққан. Оны 3-6 ай тосу керек екен. «Бекерге күтіп жүр екенбіз» деген олар қолдарын бір сілтеп, сыртқа шығып кетті. Қазақстандағы Hyundai дистрибуциясының директоры Денис Коломацкийге хабарласқанбыз. Оның айтуынша, шілде айынан бастап ай сайын нарыққа отандық өндірістің 4 мың жаңа Hyundai автокөлігі жеткізілмек. Бұл мемлекеттің бағдарламаға бөлген қаражаты аясында жеңілдікпен несие беру үшін жеткілікті көрінеді.
– Біз дилерлерден автокөліктерге кезекті мүлтіксіз сақтауды талап етеміз. Егер әлдекімге жосықсыз фактілер туралы белгілі болса, 7007 нөмірі бойынша хабарлауларыңызды сұраймыз. Кінәлілерді қатаң жазалайтын боламыз!», — деді ол.
Дағдарыс әсерінен және логистикалық тізбектердің бұзылуына байланысты әлемдік нарықта жаңа көліктердің жаппай тапшылығы жағдайында соңғы екі жылда Қазақстанда сұраныс ұсыныстан ондаған есе асып түсті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша сатылымның жалпы көлемінен отандық өндірістің жаңа автокөліктерінің үлесі 62,2%-ды (73 178 бірлік), оның ішінде Hyundai Trans Kazakhstan зауытынан шығарылған автокөліктердің үлесі – 31% (22 729 бірлік). Бұл ретте жеңілдікпен несие беру бағдарламасы бойынша сатылым 2021 жылы Hyundai жаңа автокөліктері сатылымының жалпы көлемінің 3%-ын (681 автокөлік) құрады. Директор Hyundai-дың жалпы сатылым көлемінің басым бөлігін қолма-қол ақшамен сатып алынған автокөліктер құрайтынын айтады. Қалған бөлігін дилерлер басқа қаржылық бағдарламалар аясында жүзеге асырады.
«Яғни, жеңілдікпен несие беру бағдарламасы ең алдымен тұтынушыларға арналған. Біздің міндетіміз – өндіріс көлемін және автокөліктерге кезектің ашықтығын қамтамасыз ету», — деген Денис Коломацкий Hyundai дилерлік орталықтарындағы автокөліктерге кезек қолма-қол ақшамен сатып алушылар үшін де, түрлі қаржылық бағдарламалар бойынша сатып алушылар үшін де ортақ екенін жеткізді.
Ал, жеңілдікпен несие беру кезегін екінші деңгейлі банктер жүзеге асырады.. Жеңілдікпен автокөлік беру – 2022 бағдарламасына «Еуразиялық Банк», «Банк ЦентрКредит», «Қазақстан Халық банкі», Forte Bank АҚ-лары қатысады. Бұл тізім әлі өзгеруі мүмкін. Екінші деңгейдегі банктердің өтінімдерін қарастыру шамасына қарай, Өнеркәсіпті дамыту қоры бағдарламаға қатысушы-серіктестерді қосып отыратын болады. Айтпақшы, «Hyundai» моделінің «Аccent», «Еlantra» маркаларына сұраныс жоғары.
ТЕХНИКА ЖАҢАЛАНСА, УТИЛЬЗАУЫТ ҚАЖЕТ БОЛМАЙДЫ
Материалды жазу барысында байқағанымыз, бағдарламаға көңілі толмайтындардың қарасы көп екен. Автонесиені қолдайтындар да аз емес. Мәселен, сала сарапшысы Олжас Оқас мұның халық үшін тиімді екенін әлеуметтік парақшасында көптен бері айтып жүр. Оның ойынша, автонесиенің пайызы төмен және қазақстандықтар жаңа көлік алып, оны бірнеше жылда төлеп бітірсе, бізге утилизациялық зауыт та керек емес екен. Ғаламтор бетінде «ресейлік азаматтар Қазақстандағы жаңа автокөліктерді жаппай сатып алып жатыр» деген әңгіме желдей есіп тұр. Қазақстан нарығын үптеп кетуі мүмкін көршілердің «айласына» қатысты пікір білдірген Олжас Оқас «Көрші елдер көліктерді сәл арзан бағамен алып кетеді. Ал, біз қайтадан жаңа көлік сатып ала аламыз. Мұндай саясатты қазір Біріккен Араб Әмірліктері ұстанып отыр», дейді. Рас, сөзінің жаны бар. Жеңілдетілген несие дегенімізбен, көліктердің бағасының аспандап кеткенін қайтерсің… Б ұған бағдарлама кінәлі ме, жоқ елдегі инфляцияның әсері ме?..
…БАСПАНА БАС АУЫРТЫП ТҰР
Әңгіменің әлқиссасына кері оралсақ… Елде 2015 жылдан бастап «Нұрлы жол» экономикалық саясаты арқылы отандық көліктерді жеңілдетілген несиемен беру басталған. Сұраныс болып, соның арқасында автоқұрастырушы зауыттар қоймаларында тұрған дайын көліктерін сатып, қалталарын қалыңдатты. Көп ұзамай мұндай автонесие беру шараларын Үкімет бірнеше рет, нақты төрт рет қайталады. «Барлығында банктер де, көлік құрастырушылар да бөлінген қыруар қаржыны игерді» дейді экономистер. Кейін осы амал сәл мәселе туындаса тығырықтан шығарар жолдай көрініп, әдетке айналғандай ма? Қара халықтың бас-басына көлікпен жүргені жақсы-ау… Алайда, айлығы шайлығына жетпейтін көпшілік жұрт көліктен гөрі баспанаға басын ауыртады. Үкімет ағайынның ойын он саққа жүгірткен он миллион теңгені баспана алуға бөлсе, терезеден бала құлап, енді бірі жамау-жыртық үйде өртке оранбас еді… Пандемияның кесірінен кәсібі тұралап, «өлместің күнін кешіп жүргендей» автодилерлердің қалтасын ойлап, бұқара ұмытылып қалмаса екен…
БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА…
Jac моторстың Атырау қаласындағы бөлімінен хабар алдық. Өзін менеджермін деп таныстырған Николай Лидің айтуынша, жеңілдетілген автонесие бағдарламасына өтінім қабылдау басталғалы 60-70 адамға қызмет көрсетіпті. «Автосалондағы сегіз J 7 маркасы түгелімен резервке қойылған, яғни иесі бар. Ал, S 3 және S 5 маркалары жоқ, келесі айдың аяғына таман қолжетімді болады» дейді. Білуімізше, бүгінде аталған маркаларды алуға өтініш білдіріп, кезекке тұрғандар саны 80-нен асады. Біз де бағымызды сынамақ болып, 81 болып тіркелдік.
Рита ӨТЕУҒАЛИ
БАҒДАРЛАМАНЫҢ ЖҰМЫС ІСТЕУ АЛГОРИТМІ:
– отандық өндіріс автокөлігінің клиент таңдаған моделі және жиынтықталымы болған жағдайда, клиент автокөліктің VIN коды міндетті түрде көрсетілген төлем шотын алады (шоттың әрекет ету мерзімі – 5 банктік күннен аспайды).
– клиент бағдарламаға қатысатын Екінші деңгейдегі банкке (ЕДБ) төлемшотымен жүгінеді.
– бес күнге дейінгі мерзімде банк клиенттің өтінімін қарастырады, клиенттің төлем қабілеттілігі мен несиелік тарихын бағалайды және кредиттің берілуі мақұлданған жағдайда клиентке кепілдік хат береді. Клиент автокөлікті ресімдеу үшін дилерлік автоорталықта төлем шотын алған сәттен бастап бесінші банк күнгі сағат 18.00-ден кешіктірмей банктің кепілдік хатын дилерлік орталыққа ұсынуы тиіс.
– 20 күнге дейінгі мерзімде банктің қаржы қаражатын тікелей клиентке беру, автокөлік сату бойынша құжаттарды ресімдеу және т.б. рәсімдер өтеді.