Жас кәсіпкерлерге – грант

Жаңалықтар Экономика

Atr.kz/24 қаңтар, 2020 жыл. Атырауда «Жас кәсіпкер» жобасымен 600 адам білім алып шықты. Мақсат – жұмыссыз немесе тұрақты табысы жоқ жастарды кәсіпкерлікке баулу.

Былтырғы жастар жылында пилоттық негізде іске қосылған бұл бағдарлама, «Бастау» жобасының заңды жалғасы. Тәжірибелі бизнес-жаттықтырушылар тек оқытып қана қоймайды, жекелей қолдау қызметін де көрсетеді. Осылайша, жастар жаңа білім мен дағдыларды игеріп, одан әрі жеке кәсіп аша алады. Жоба түлектеріне мемлекеттік грант пен бизнеске бастапқы капитал ретінде жеңілдікпен несие алуға да мүмкіндік мол.

– Өткен жылдың өзінде Атырауда 308 жас жалпы сомасы 155 млн. теңгеге 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде мемлекеттен грант алып отыр. Жоба пилоттық режимде жүзеге асса да, қатысушылар қатары көп болды. Бұл тек білім алумен ғана шектелмейді ғой. Мұнда жаңа адамдармен танысып, әріптестік қарым-қатынас орнатуға болады. Бизнес бастағысы келіп, басын тауға да, тасқа да соққан жандарға бұл жоба үлкен стимул сыйлайды, – дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасының қаржылай емес қолдау бөлімінің жетекшісі Жанаргүл Жоламанова.

Бизнес-жобалардың негізгі үлесі қызмет көрсету саласына тиесілі екен. Атап айтқанда, бұл – сұлулық салондары мен қоғамдық тамақтану орындарын ашу, мерекелік ісшаралар ұйымдастыру қызметтері. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібіне қатысты жаңа жобалар да бар.

Ал, «Бастау» жобасы аясында 676 адам білім алып, жалпы сомасы 1 млрд. 123 млн. теңге қаржылай қолдауға қол жеткізді. Соның ішінде, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасымен жалпы сомасы 240 млн. теңгеге 100 және 200 айлық есептік көрсеткіштер көлемінде 497 грант беріліпті. Биыл да бұл бастама жалғасын табады.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

snimok 3

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған