photo 302106

Жаңа жылдан бастап зейнетақы жинағы есебінен емделуге де болады

Жаңалықтар СарапTime Экономика Қоғам
7 / 100

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында әлеуметтік сала бойынша бірқатар маңызды тапсырмаларды берген болатын. Осы тапсырмалар аясында біраздан бері талқылауда болған.

«Қазақпарат» хабарлағандай, яғни зейнетақы жинағын баспана сатып алуға жұмсауға қатысты мәселеге нүкте қойылды.

«Менің тапсырмамның аясында өзінің жеке зейнетақы жинағын пайдалану мәселесі талқыланған болатын. Бұл қазірдің өзінде де өзекті болып отыр. Дегенмен, 2021 жылы Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорының 700 мың салымшысы баспана сатып алуға, емделуге немесе қаржы компанияларының басқаруына өз жинақтарының бір бөлігін пайдалана алатын болады», – деді ҚР Президенті .

Қазіргі кезде Мемлекет басшысының азаматтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, емделуге немесе жеке қаржы компанияларға басқару үшін бөлуге мүмкіндік беру тапсырмасы орындалып жатыр. Осы мақсатта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы аясында қажетті заңнамалық түзетулер пысықталып, 23 желтоқсанда Парламент құжатты қабылдады.

Заңға сәйкес 2021 жылдан бастап қазақстандықтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін аталған мақсаттарда пайдалану құқығы берілетін болады. Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін нақты қажеттіліктерге пайдалану құқығын келесі азаматтар пайдалана алады: – жұмыс істейтін, тиісті жаста зейнетақы жинақтары «жеткіліктілік шегінен» асатын азаматтар; – сақтандыру компанияларымен БЖЗҚ-да қалған зейнетақы жинақтарының сомасы шегінде өмір бойы аннуитеттік төлемдерді қамтамасыз ететін зейнетақы аннуитеті шарттарын жасасқан адамдар; – зейнеткерлікке шыққан азаматтар – БЖЗҚ-да қалған зейнетақы қаражатының 50%-ынан аспайтын шекте.

Егер олардың зейнетақысының жиынтық мөлшері (жасына байланысты немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақыны, базалық зейнетақыны қоса алғанда) жоғалған табысты халықаралық стандарттарға сәйкес келетін деңгейде (кемінде 40%-ға) алмастыруды қамтамасыз еткен жағдайда. Белгілі бір жастағы салымшы үшін оның табысынан БЖЗҚ-ға алдағы 10% тұрақты зейнетақы жарналарын (ең төменгі жалақыдан аз емес) ескере отырып, ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аз болмайтын зейнетақы төлемдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін зейнетақы жинақтарының ең төменгі қажетті сомасы «жеткіліктілік шегі» ретінде қарастырылады.

«Жеткіліктілік шегі» әйелдер мен ерлер үшін бірдей белгіленеді және әрбір жас үшін есептеледі. Бұл ретте ол қалыптасқан параметрлерге (кірістілік, инфляция, ең төменгі төлем мөлшері және т. б.) сүйене отырып, жаңа алушылар үшін қайта есептелетін болады.

«Заңда сондай-ақ жоғарыда аталған санаттағы азаматтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін өздері, жұбайлары немесе жақын туыстары (атасы/әжесі, ата-анасы, балалары, немерелері, аға-інісі/апа-сіңлісі) үшін тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында немесе емделуге ақы төлеуге пайдалана алады деп көзделген. Мақсатты пайдалану үшін көрсетілген отбасы мүшелерінің қаражатын біріктіруге болады», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде.

Осыған дейін биыл күзде Еңбек министр Біржан Нұрымбетов «жеткіліктік шегін» түсіндіріп берген болатын.

«Қажеттілік шегін есептеу тәртібі ресми Үкіметтің арнайы қаулысымен бекілетін болады. Осы күнге дейін оның мөлшерін әр жасқа есептеп хабарлаған едік. «Жеткіліктілік шегінің» негізгі параметрлері әйелдер мен ерлер үшін бірыңғай мөлшерде қаралды. «Жеткіліктілік шегі» дегеніміз – ол ертең зейнет жасына жеткенде зейнетақы жинақтау қорынан ең кем дегенде төменгі мөлшерде зейнетақы алуға мүмкіндік беретін сома. Өз кезегінде оны әр жас шамасына қарай есептедік. Жас азамат зейнет жасына дейін кемінде ең төменгі жалақы алып, соның 10 пайызын аударып отырса, кейін зейнет жасына жеткеннен соң, ең төменгі зейнетақы алуға мүмкіндік беретін «жеткіліктік шегі» қарастырылды», – деді Б. Нұрымбетов.

Алдын ала есептеу бойынша, мысалы, 30 жастағы азамат үшін «жеткіліктілік шегі» 2 млн 518 мың теңгені құрайды. Осы сомадан қалғанын олар жоғарыда көрсетілген қажеттіліктерге қалауы бойынша жұмсай алады. Мұнымен қоса, 35 жас үшін – 2 млн 961 мың теңге; 40 жас үшін – 3 млн 437 мың теңге; 45 жас үшін – 3 млн 947 мың теңге; 50 жас үшін – 4 млн 495 мың теңге; 55 жас үшін – 5 млн 084 мың теңге; 59 және одан үлкен жас үшін 5 млн 586 мың теңге қажет. Яғни, бұдан асқан соманы өз еркімен алуға құқылы.

БЖЗҚ қандай шешімдер жасады?

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов зейнетақы жинағын мақсатты пайдалануға қатысты түсінік берді. Оның айтуынша, салымшылар мен алушылардың өз жинағына қызығушылығы артты. Осы орайда жеке зейнетақы шотынан үзінді-көшірме алуға сұраныс саны көбейген. Яғни, қабылданған заңнамалық өзгерістердің жағымды жағының бірі – зейнетақы алуға да, ағымдағы қажеттілікке де пайдалануға мүмкіндік беретін зейнетақы жинағына деген қызығушылықты арттыру. Зейнетақы жинағын пайдалану үшін оларды қалыптастыру қажет. Ал ол үшін еңбек еткен уақыт ішінде зейнетақы жарналары тұрақты және толық көлемде аударылып отырғаны жөн.

Осылайша, салымшылардың құқығы кеңейтіліп, олардың өз жинағын қалыптастыруға деген қызығушылығын, еңбек табысының ашықтығын, басқарудың тиімділігін арттыруы тиіс тетіктер іске қосылды. 2020 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша мынадай сандарды келтіруге болады: 761 мыңнан астам адам мерзімінен бұрын пайдалану құқығын қолдана алады, олардың шоттарында 2,4 трлн теңгеден астам қаражат бар.

«Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану құқығын іске асыру үшін азаматтар, ең алдымен, өз жинағын тексеріп, «жеткіліктілік шегінен» асатын қажетті соманың бар екеніне көз жеткізуі тиіс. БЖЗҚ Қордың сайты немесе ұялы қосымшасы арқылы үзінді-көшірме алудың қолжетімді және жедел тәсілдерін ұсынады. Зейнетақы шотының жай-күйін egov.kz порталы арқылы да тексеруге болады. Зейнетақы жинақтарын алу туралы шешім қабылдаған адамдар тұрғын үй сатып алу және емделу мәселелері жөніндегі уәкілетті операторға (Отбасы банк) жүгіне алады. Уәкілетті оператордан хабарлама алғаннан кейін БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын уәкілетті оператордың арнайы шоттарына салу үшін аударуды жүзеге асырады», – деді Ж. Құрманов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның сөзіне қарағанда, салымшы зейнетақы жинағын мақсатты қажеттіліктерге алған кезде жеке табыс салығын төлеу тәсілін таңдау құқығына ие болады (жарналар аударылған кезде ЖТС алынбағанын ескертеміз). Яғни азаматтар ЖТС төлеуді кейінге қалдыруды таңдаса болады немесе тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделуге ақы төлеуге арналған жинақтарын алған кезінде ЖТС-ты толық көлемде өтей алады. Еске сала кетейік, Парламент зейнетақы жинағының бір бөлігін алған кезде табыс салығына қатысты түзетулерді қабылдады.

«Азаматтардың жинақтарын басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға аудару құқығы салымшыларға өз жинағын басқаруға қатысуға мүмкіндік береді. Компанияларды таңдауды инвестициялық стратегияларға, олардың инвестициялық басқару нәтижелеріне бағдар жасай отырып, салымшы өз қалауымен жүзеге асырады. Бұл қадамдарды қашықтан БЖЗҚ сайтында жеке кабинет арқылы іске асыры алады», – деді Ж. Құрманов.

БЖЗҚ барлық жарналарды, активтерді, инвестициялық табысты орталықтандырылған есепке алуды жалғастырады. Бұдан басқа, БЖЗҚ қаржы нарығының реттелетін қатысушысы ретінде компаниялармен сенімгерлік басқару шарттарын, кастодиан-банктермен кастодиандық шарттар жасайтын болады. Осылайша, зейнетақы жинақтарының бірыңғай есебі мен бақылауы жүргізіле береді.

Сонымен қатар Ж. Құрманов БЖЗҚ ақпараттық жүйелердің техникалық дайындығын, олардың уәкілетті органдармен және ұйымдармен интеграциялайтынын айтты. Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану бойынша бизнес-үдерістер жөніндегі ішкі нормативтік құжаттар дайындалды «Отбасы банкінің» негізгі қадамдары 2021 жылдың қаңтарында «Отбасы банк» тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақы жинағын пайдалануға арналған онлайн-платформаны іске қосады. Бұл туралы туралы «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова мәлім етті.

«2021 жылдың қаңтар айынан отбасы тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында онлайн-платформаны іске қосу жоспарланған. Жоба ережелеріне сәйкес, клиент өтініш тапсырған кезде сол онлайн-платформада арнайы порталған кіріп, электрондық-цифрлық қолтаңба арқылы авторизациядан өтіп, жеке кабинетке кіреді. Жеке кабинетте ол қаражатты қандай мақсатта пайдаланатынын таңдайды және сканерден өткізілген көшірмелер түрінде алдын ала дайындалуы тиіс құжаттардың тізімімен танысады. Әр мақсаттың жеке құжаттар тізімі бар», – деп түсіндірді Л.Ибрагимова Орталық комумникациялар қызметінде.

Осы орайда аталған порталда бүкіл тізім қамтылатынын атап өтті.

«Әрі қарай пайдалануға қажетті соманы көсету керек. Сонымен қатар, клиент мақсаты мен оған жұмсалатын соманы айқындағаннан кейін, «өтінім жасау» батырмасын басады. Бұдан кейін электрондық-цифрлық қолтаңба арқылы қордан қаражат сұратуға өтінішке қол қоюы керек. Бұл тұрғыда арнайы орган оны тексереді, яғни «Отбасы банк» қарайды. Құжаттар дұрыс болса, ақша келісімшартта көрсетілген деректер бойынша аударылады», – деді банк басшысы.

Оның айтуынша, қажетті соманың бар екенін растайтын хабарлама келгеннен кейін, клиентке құжаттарды жүктеуге арналған терезе ашады.Клиент белгіленген форматтағы (JPG немесе PNG) құжаттардың сканерлік көшірмелерін жүктеп, ақша аударылатын деректемелерді қолымен теруі тиіс. Деректемелер сканерленген құжаттарда көрсетілген мәліметтерге сәйкес келуі керек. Құжаттарды жүктеп, деректемелерді жазғаннан кейін, клиент «өтініш жіберу» батырмасын басады. Құжаттар арнайы шотқа қаражат түскеннен кейін, 45 жұмыс күні ішінде жүктелуі керек. Әйтпесе, олар БЖЗҚ-ға кері қайтарылады.

«Пайдаланушы БЖЗҚ-дағы шотынан қаражатты есептен шығару жөніндегі өтінім жібергеннен кейін, уәкілетті оператор қоса берілген құжаттардың дұрыстығы мен мақсатты пайдаланылуын тексереді. Сондай-ақ клиенттің Жеке кабинетіне ақша аударылғаны туралы хабарлама келеді», – деді Л. Ибрагимова.

Жинақты ем-домға жұмсаудың тәртібі

ҚР ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнар Сәрсенбаева зейнетақы жинақтарын ем алу бағытында қалай пайдалануға болатынын айтты.

«Егер бірыңғай зейнетақы төлемдерінің жеткіліктік шегі ем алуға пайдалануға жеткілікті болса, онда азамат өзінің емханасына барып, біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен ем-дом алуға бағыттау туралы дәрігерлік комиссияның қорытындысын алуы керек», – деді Г. Сәрсенбаева Орталық коммуникациялар қызметінде.

Осы орайда ақысы қымбат қызметтердің санатына енген медициналық ем-дом жасау тізімін атады. Олардың арасында орфандық, яғни сирек кезедесін ауруларды емдеу, стоматологиялық қызметтер, реконструктивті әрі қалпына келтіру операциялары (пластикалық), медициналық сауықтыру қамтылған. Сауықтыруға барған азаматтар Қазақстан аумағындағы медициналық ұйымдар мен шипажайларда болады. Мұнымен қоса, зейнетақы жинағының бір бөлігі есебінен офтальмологиялық қызметтер бағытында пайдалануға болады.

«Бұл тізім тұрғындар арасындағы сұранысқа қарай өзгеруі мүмкін. Өтініш беруші келесі қадамда өзінің қалауы бойынша медициналық ұйымды таңдайды, оның ішінде шетелдік ұйымдар да болуы ықтимал. Азамат ЭЦҚ көмегімен уәкілетті оператордың интернет ресурсында авторизациядан өтіп, өзінің жеке кабинетін аушы тиіс. Жеке кабинетте тиісті сомамен біржолғы зейнетақы төлеміне электронды өтінімді толтырып, дәрігерлік комиссия қорытындысының көшірмесі мен ем-дом жасайтын медициналық ұйыммен шартты белгілеу керек», – деді ол.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған