СарапTimeБЕЙНЕЖАЗБАСаясатЭкономикаҚоғам

«Atyraý» редакциясында арнайы болған СЕНАТОР эксклюзивті СҰХБАТ берді (+ВИДЕО)

РЕСПУБЛИКА ПАРЛАМЕНТІНІҢ ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫ ҮШІН МАҢЫЗЫ ЖОҒАРЫ ЕКЕНІН ПРЕЗИДЕНТ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ХАЛЫҚҚА ЖОЛДАУЫНДА АТАП КӨРСЕТТІ. ҚОС ПАЛАТАНЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІН ДЕ АНЫҚТАП БЕРДІ. БҮГІНДЕ ЖОҒАРЫ ПАЛАТА – СЕНАТ ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ РЕСПУБЛИКА ЖҰРТШЫЛЫҒЫНЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫН АРТТЫРУ ЖОЛЫНДА ЖАСАП ЖАТҚАН ЖҰМЫСЫ ҰШАН-ТЕҢІЗ. ЖУЫРДА АТЫРАУДАҒЫ ІССАПАРЫ БАРЫСЫНДА ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ ҒҰМАР ДҮЙСЕМБАЕВ СҰХБАТТАСУҒА УАҚЫТ БӨЛІП, РЕДАКЦИЯҒА АРНАЙЫ КЕЛГЕН БОЛАТЫН.

СЕНАТТАҒЫ СӘТТІ ЖОБАЛАР

– Ғұмар Исламұлы, «Atyraý» газетінің редакциясына қош келдіңіз! Бұл өңірдің ахуалы Сізге етене таныс. Биыл Сенат депутаттығына сайланғаныңызға да бес жыл толыпты. Бағамдасақ, осынша кезеңде көптеген дүние өз шешімін тапқандай…

– Бес жылда біраз жұмыс жасалды. Оны жоққа шығару мүмкін емес. Сырт көзге Сенаттағы барлығы 49, соның ішінде 17 аймақтан сайланған 34 депутат бұйығы тірлік кешіп жатқандай көрінгенімен олардың ел өміріндегі ролі жоғары. Әрине, басты міндетіміз – халықтың әл-ауқатын арттырып, елдің экономикасын көтеру үшін сапалы заң шығару. Бірақ біз әу баста әр өңірден сайланған соң сол аймақтың мәселесін көтеріп, Үкімет тарапына сауал жасап, тиісті министрлермен кездесіп, түйткілді шешудің жолдары мен ұсыныстарымызды береміз. Өз басым осы бес жылда түрлі инстанцияларға 15-тен астам депутаттық сауал жолдадым. Оның көпшілігі – Атырау облысындағы ұзақ уақыт бойы шешімін таппай жүрген мәселелеріне қатысты. Қазіргі күрделі мәселенің бірі – Атырау облысындағы жол және оның сапасы. «Атырау– Астрахан», «Атырау–Орал», «Индер–Қарабау», «Құлсары– Мұқыр» жолдарының жобасы, жұмыстары, қаржылық мәселелері менің күн тәртібімнен түскен емес. «Миялы–Қарабау» жолы мен Сенатқа барғанша салынды. Енді Қарабаудан Индерге дейінгі 80 шақырымдық жол, екі ауданның ортасын қосу керек қой. Осы мәселені көтеріп, республика Қаржы министріне арнайы бардым. Министрдің кеңесімен, сол кездегі облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Үкіметке хат жазып, жалпы құны 24 миллиард теңгелік жол құрылысы басталды. Республикалық бюджеттен жыл сайын 1-2 миллиард теңгеден бөлініп тұрды. Биыл 4,5 млрд. теңгені есепке қойып отырмыз. Қаржы бөлінсе, «АтырауИнжСтрой» ЖШС жұмысты жүргізуге дайын. Ал, аяқталатын мерзімін нақты айту қиын. Себебі, қазір құрылыс материалдары қымбаттап жатыр, жобаның құны бойынша әлі біраз мөлшерде қаражат қажет. Осы мәселелер шешілсе, жол жыры да өз мәресіне жетеді. Ал, облыстық меншіктен республикалық меншікке ауысқан «Мұқыр–Құлсары» жолын жөндеу үшін Үкіметке сауал жолдап, қазір сараптама жасалып жатыр. Бұл жол Құлсарыға тікелей Мұқырдың үстімен өтеді, ұзақтығы 135 шақырымға қысқарады. Қауіпсіздік пен экология мәселесін назарға ала отырып, осыған дейін қаланың ішінен өтетін республикалық жол үшін арнайы айналма жолды да жобаға енгізіп жатырмыз. Бұл облыс орталығындағы көлік қозғалысын біраз жеңілдететін болады. Атырау облысындағы 18 елді мекен осы кезге дейін әлі газсыз отыр. Қызылқоға ауданындағы 6 елді мекенге, Исатай ауданындағы Жасқайрат пен Қызыл үй елді мекендеріне өзім барып, елдің жағдайымен танысып, газдандыруға қажетті ақшаны бөлдік. Бүгінде жұмыстары басталып, жүріп жатыр. Жыл сайын «Теңізшевройлдан» Ұлттық қорға, республикалық бюджетке 1,7 триллион теңге түседі. Өндіріс – Жылыой ауданының территориясында, Құлсары донор моноқала болғанымен, мұқтаждықтары өте көп. Қаладағы 400 шақырымнан аса ішкі жолдың тек қана 52%- ына асфальт төселген. Жазда суды сутаратқыштан белгіленген уақытпен алады. Он жыл бұрын кәріздік тазарту имараты жобасы жасалып, ол да аяқсыз қалған. Тұрғындар өткен ғасырда салынған апатты үйлерде тұрып жатыр. Бірде іссапармен Жылыойға келгенімде, аудандық мәслихаттың депутаты Сәуле Мәмбетова ауданда 400-ден аса бала туу жасындағы әйелдің құрсақ көтере алмай жүргенін айтты. Сол кездегі «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Имер Боннермен кездестім. Ол да ана, қыз-келіншектердің жайын жақсы түсініп, көмектесуге уәде берді. Алғашқы екі жыл қатарынан жылыойлық аналарға 10 миллионнан, кейіннен екі есе көбейтіп, жыл сайын 20 миллион теңге бөліп отыр. Оның үстіне Президент ҚасымЖомарт Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында осы мәселеге орай Үкіметке тапсырма беріп, квотаны бірнеше есеге арттыру жөнінде арнайы тапсырма берген болатын. Бұл да мәселенің оң шешілуіне зор көмек болды. Соңғы кездесуде Сәуле Тұрдығалиқызы оң нәтиженің көрсеткіші 40%-дан асып, бүгінде 11 сәби дүниеге келгенін айтып, мені қуантып қойды. Бес жылда су, газ, жол мәселелерін шешу үшін Атырау облысына лимиттен тыс 20 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлуге ықпал еттім. Облысқа әр барған сайын аудандарға шығып, қалыптасқан ахуалды көзбен көріп жүрмін. Жергілікті халықпен, мәслихат депутаттарымен кездесіп, талап-тілегін тыңдаймын. Мұның бәрі – мақтаныш үшін емес, ел үшін жасалып жатқан нақты әрі игі істер.

АЛДАҒЫ АСУЛАР

– Иә, бес жылда атқарылған істердің бұдан да көп екеніне күмәніміз жоқ. Алда халқыңыз қуанатындай тағы қандай жаңалықтар бар?

– Тағы бір күрделі мәселе – Атырау облысында 2240 мүмкіндігі шектеулі бала бар. Оның 200-ден астамы – Жылыой ауданында. Олардың ата-аналары диагнозға байланысты топтасып, жеке қаражаттарына Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан маман алдырып, сауықтыру шараларын жасап жүр екен. Аудан азаматтарымен кездесуде Сәуле Мәмбетова осы мәселені көтеріп, жаңа заманға сай жабдықталған, бассейні бар балаларға арналған оңалту орталығының қажеттігін баса айтты. Өзі де мәслихат депутаты ретінде сауал жолдады, сол балалардың бірнешеуінің анасы маған көмек сұрап, хат жазды. Соның негізінде депутаттық сауал жасап, республика Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрімен кездестім. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов те Алмалыдан 150 орындық оңалту орталығын тұрғызу жұмыстарымен шұғылданып жатыр екен. Ал, бізге керегі – шекаралас Мақат, Қызылқоға, Жылыой аудандарына ортақ балаларды емдеу-сауықтыру кешені. Бүгінде осы мәселе бойынша «Ембімұнайгаз» АҚ басқармасының төрағасы Қайыржан Есен, «Қазмұнайгаз» АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаев, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Әдиева, республика Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтармен тікелей байланыста отырмын. Биыл күзде «Ембімұнайгаздың» 100 жылдығына орай Атырау облысы әкімдігімен бірлескен жақсы жаңалық-тарту болады деген ойдамын.

– Былтыр Үкіметке Атырау облысының даму бюджетінің мөлшерін ұлғайту, трансфертті есептеу әдістемесін қайта қарау және 2021-2023 жылдары республикалық бюджеттен облыстың дамуына бөлінетін қаржы көлемін көбейту туралы сауал жолдадыңыз. Бұл мәселенің нәтижесі қандай? Биыл республикалық бюджеттен Атырауға бөлінетін трансферт көлемі азая ма?

– Әзірге сол күйінде қалып отыр. Бізде республикалық, облыстық, шағын қалалар және төртінші деңгейдегі, яғни ауылдардың бюджеті бар. Мысалы, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Маңғыстау, Атырау облыстары ел қазынасына ең көп табыс түсіреді. Ресми түрде осы төртеуі донор болғанымен, үшеуінің берген ақшасынан алғаны көп. Қазір донор – тек Атырау ғана. 2017 жылы қазынаға біздің облыстан 95 миллиард теңге құйылса, енді бұл сома 221 миллиард теңгеге жетті. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына шығындарды есептеп, оны 1,5 коэффициентке көбейтіп, ақша береді. Жуырда бюджетаралық қатынастар бойынша Есеп комитетіне Атырауға бас қалалармен теңестірмей-ақ, 1,2-1,3 коэффициентпен қаржы бөлуге ұсыныс жасадым. Бас қаладағылар «Атырау бай, толық жағдайы жасалған өңір» деп есептейді. Шындығында, мұнда да әлі күнге дейін шешілмеген жол, су, экологиялық мәселелердің барын, газбен, сумен қамту көрсеткіштерін атап көрсетіп, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровқа сауал жолдадым. Әзірге бірнеше нұсқаны қарастырып жатыр. Коэффициент бола ма, әлде салықтың бір бөлігін облыс бюджетіне қалдыра ма – нақты шешілген соң хабары айтылады. Ұсынысымызды қолдайтыны анық. Себебі, Президенттің өзі донор аймақтарға, әсіресе батыс облыстарға көңіл бөлуді тапсырды ғой.

ПОЛИГОН ЖЕРІНЕН ПАЙДА БАР МА?

– Облыстың басты мәселесі – тұщы су және үлкенді-кіші өзендердің тағдыры. Үш аудандағы сағатпен ғана су тұтынып отырған халық пен Ойыл өзенінің проблемасы – Сіздің басты назарыңызда. Келешекте бұған қатысты не өзгереді?

Иә, су мәселесі облыстағы күрделі ахуал. «Қиғаш-Маңғышлақ» желілік су құбырының 80%-ының әбден тозығы жеткен. Жайық өз алдына бөлек мәселе, жер астындағы тұщы су көздері де көп емес. Осы мәселені шешу үшін республикалық бюджеттен 1 миллиард 127 миллион теңгенің бөлінуіне ықпал еттік. Көршілес Ақтөбе облысындағы үлкен су кеніші – Көкжидедегі жерасты суының қоректену нобайы, құрамы, шығымы қазір тексеріліп, зерттеу жұмыстары аяқталып жатыр. Енді екі жылда негізгі жобаны жасақтап, «Көкжидеден» су құбырын Құлсарыға әкелуіміз керек. Бұл – зор қуанышты жағдай. «Қояндының» да ұңғыма шығымы, су көлемі азайып кетті. Республика Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, сол жерден тағы 3-4 ұңғыма қаздыру ойда бар. Ал, Ойыл өзеніндегі қалыптасқан ахуалды көзбен көру үшін Экология, геология және табиғи ресурстар вицеминистрі Серік Қожаниязов Миялыға келіп, халықтың жағдайымен танысты. Бүгінде кейбір бөгеттер алынған. Болжам бойынша Мұғалжардан өр суы келеді деген жоспар бар. Жұмыс біртіндеп жүріп жатыр.

– Тайсойған полигонының жері толықтай ел иелігіне қайтарылуы мүмкін бе? Егер мүмкіндік болса, бұл қанша уақытқа созылады? Қайтарылған кезде ол аумақты ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға бола ма?

– Күні бүгінге дейін «Тайсойған» сынақ алаңына қарасты 700 мың гектардан астам алқап елге қайтарылды. Қазір полигонда 125 мың гектар ғана бар. Бұл мәселені елдің Сыртқы істер және Қорғаныс министрлерінің алдына қойдым. Менің білуімше, соңғы бесалты жылдан бері полигонда ешқандай әскери сынақ жасалмайды. Оның үстіне дәл осы аумақта көлемді тұщы су көзі де бар. Министрлер Ресей Үкіметіне хат жазғанымен, көрші елден әзірше нақты жауап болмай отыр.

ЖЕРГІЛІКТІ ӨНІМГЕ ЖОЛ АШЫҚ БОЛУЫ ТИІС

– Сіз облыста басшылық қызмет атқарған жылдары басталған фармацевтикалық зауыт құрылысы әлі күнге аяқталған жоқ. Мемлекет қаржы бөліп, кейін аяқсыз қалған жобаларға кім жауапты?

– Ол рас. Мемлекет тарапынан барлық инфрақұрылымы жүргендіктен, бұл түйткіл мені де алаңдатады. «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпора-циясы арқылы құралжабдыққа берілген 800 миллион теңгеден аса қаржының белгілі бір бөлігін зауыт құрылысына пайдаланғаны үшін, яғни «өзге мақсатқа пайдаланды» деген айыппен тексеру басталды да, құрылыс тоқтап қалды. Өкініштісі сол, былтырдан бері осы жобаны ұсынған Зәбира Дәулетжанова сырқаттанып, өзі жұмысты жүргізуге мүмкіндігі болмай, инвестор іздестіріп жатыр. Жақында Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың қабылдауына кіріп, осы мәселені айттым. Ол кісі көмектесуге дайын екенін айтқан еді, бірақ Зәбира Жағыпарқызы денсаулығына байланысты бара алмай отыр. Бұл жөнінде «Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Ерхат Есқалиевпен де сөйлескен едім. Бірақ олардың құзыретіне өндіріске кіріп, өнім шығару ісі кірмейді екен.

– Жергілікті өнім өндіруші кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алу байқауы өткенде жергілікті кәсіпкерге немесе жергілікті өнімге басымдық берілмейтінін айтып жүр. Сол себепті облыс аумағында жұмыс жасайтын мұнай компанияларының мол қаржысы өзге өңірлерге құйылып жатыр. Бұған пікіріңіз қандай? Болашақта мемлекеттік сатып алу конкурстарында жергілікті үлеске басымдық беретін процестер іске асырыла ма?

– Иә, бұл мәселемен елдің Экономика және Қаржы министрлері таныс. Мысалы, Атыраудағы тендерді Шымкент, әлде Қызылордадан ұтып алады да, азын-шоғын жұмысын істеп, ақшасын алып кетеді. Кейбір жағдайда жұмыс бітпей, жоба орта жолда қалады. Басқа облыстан келген соң салық та аймақтың қазынасына түспейді. Біз зайырлы мемлекет болғандықтан, өзге өңірден келген мердігер компанияны Атырауда өз филиалын ашуға міндеттей алмаймыз. Сондықтан, менің ұсынысым – тендер рәсімі кезінде жергілікті кәсіпкерлерге басымдық ретінде коэффициент немесе қосымша балл берілуі тиіс. Сонда жергілікті халыққа жұмыс орны ашылады және кәсіпкердің де, жұмысшының да салығы өз қазанына түседі. Егер кепілдік мерзімі аяқталмай тұрып, жергілікті мердігердің жұмысынан шикілік табылса, өз есебінен жөндеп те береді. Бұл тек кәсіпкерлер емес, Үкіметке де ұтымды дүние. Қазір осы мәселені шешудің түрлі нұсқалары қарастырылып жатыр. Жалпы Атырау облысының дамуына қатысты қандай да бір мәселе болса, үнемі қолдау танытып, өз тарапымнан тиісті жұмыстарды ұйымдастырып отырамын. Алдағы уақытта да осы тәріздес мәселелердің оң шешімін табуына ықпал ете береміз.

– Сұхбатыңызға рахмет! Сенаттағы жобаларыңыз сәтті аяқталады деген сенімдеміз!

Сұхбаттасқан: Салтанат АҚТӘЖИЕВА

Видео, сурет: Ерлан АЛТЫБАЕВ

«БЕС ЖЫЛДА СУ, ГАЗ, ЖОЛ МӘСЕЛЕЛЕРІН ШЕШУ ҮШІН АТЫРАУ ОБЛЫСЫНА ЛИМИТТЕН ТЫС 20 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕГЕ ЖУЫҚ ҚАРЖЫ БӨЛУГЕ ЫҚПАЛ ЕТТІМ. ОБЛЫСҚА ӘР БАРҒАН САЙЫН АУДАНДАРҒА ШЫҒЫП, ҚАЛЫПТАСҚАН АХУАЛДЫ КӨЗБЕН КӨРІП ЖҮРМІН. ЖЕРГІЛІКТІ ХАЛЫҚПЕН, МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫМЕН КЕЗДЕСІП, ТАЛАПТІЛЕГІН ТЫҢДАЙМЫН. МҰНЫҢ БӘРІ – МАҚТАНЫШ ҮШІН ЕМЕС, ЕЛ ҮШІН ЖАСАЛЫП ЖАТҚАН НАҚТЫ ӘРІ ИГІ ІСТЕР».

https://www.youtube.com/watch?v=11myh6iLTSA&feature=emb_imp_woyt

Related Articles

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button