МАҚСАТ – ӨРКЕНДЕУ, ӨСУ, ӨНУ

Мемлекетіміздің 97 пайыздан астам азаматы өз болашағын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың нұрлы жолымен байланыстырды. Өз кезегінде, халықтың қызу қолдауы мен үлкен сенімін ақтау мақсатында Президент қазақстандық қоғамның жүйелі жаңғыруының бес қағидатын жасақтады.

 

Мемлекеттік аппаратты реформалау, заңның салтанат құруын қамтамасыз ету, әртараптандыруға негізделген индустрияландыру және экономикалық өсу, бірлікті нығайта түсу, ел алдында есеп беретін әрі транспарентті мемлекет құру. Міне, алдағы орын алуы тиіс өзгерістердің ең бастылары осы. Елбасы мемлекеттік қызмет жүйесін реформалау арқылы қызметшілердің азаматтар құқықтарын құрметтеп, олардың заңды мүдделеріне қызмет ететіндей тиімді модельді қалыптастыратынын айтты. Мен көп жыл жоғары оқу орындарында қызмет етіп, жас мамандардың терең білім алуына жұмыстанып келемін. Жинақталған тәжірибеме сүйеніп айтар болсам, кадр резервін арттыру үшін мансаптың сатылылығын, яғни лауазымға бұрынғы жұмыс тәжірибесін ескере отырып тағайындау, шен мен лауазым сабақтастығын жүйелеп, заң жүзінде бекіткен дұрыс дер едім.

Екінші бір маңызды мәселе, Ата заңымыздың қоғамдағы абыройын жоғарылату қажеттігі туындап отыр. Бұл не деген сөз? Демек, экономикалық өсім, инвестиция тарту, әлеуметтік және саяси тұрақтылық үшін заңымыздың беделін төмендетіп алмау маңызды. Қалай десек те, мақсатымыз белгілі, ол – өркендеу, өсу, өну. Бұл үшін индустрияландыруға, өңдеуші секторға, ауыл шаруашылығына, қызмет көрсету саласына, туризмге баса назар аудару керек. Экономикамыз кеңге құлаш сермесін десек, шикізаттық тәуелділіктен бас тартып, жол-көліктік, өндірістік және энергетикалық инфрақұрылымды дамытудың жолдарын ойластырғанымыз жөн.

Бөпежан ИМАНҒАЛИЕВА,Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының күндізгі оқыту факультетінің деканы, педагогика ғылымдарының кандидаты.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз