Жарнама
СарапTimeЭкономикаҚоғам

«ATYRAÝ» ГАЗЕТІНІҢ ТІЛШІСІ ШОҚПАРТОҒАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТЫНЫС-ТІРШІЛІГІМЕН ТАНЫСТЫ

ӨНДІРІСІ ӨРКЕН ЖАЙҒАН КЕҢ ЖЫЛЫОЙ ӨҢІРІНДЕ ҚОРАСЫНДА МАЛЫ МАҢЫРАП, ТӨРТ ТҮЛІГІ САЙ БОЛҒАН ШОҚПАРТОҒАЙ ДЕГЕН АУЫЛ БАР. БҰРЫНҒЫ «ҚАЗАҚСТАН» СОВХОЗЫНЫҢ АУМАҒЫ НЕГІЗІНДЕ БАТЫСЫ МАҚАТ, СОЛТҮСТІГІ ҚЫЗЫЛҚОҒА АУДАНДАРЫМЕН, ШЫҒЫСЫ МЕН ОҢТҮСТІГІ ЖЕМ ӨЗЕНІМЕН ШЕКТЕСЕТІН СОЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГ ЖАҚЫНДА ЕЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖОБАДА ҮЗДІК ДЕП ТАНЫЛДЫ. «ҮЗДІК 30 АУЫЛДЫҢ» ҚАТАРЫНАН ТАБЫЛҒАН БЕРЕКЕЛІ АУЫЛ ӘР ӨҢІРДЕГІ БОЛАШАҒЫ ЗОР ЕЛДІ МЕКЕНДЕР АРАСЫНАН ОЗЫҚ ШЫҒЫП, АРНАЙЫ АНЫҚТАМАЛЫҚҚА ЕНГІЗІЛДІ. ЖУЫРДА ЫРЫСЫ МОЛ ЫНТЫМАҚТЫ ЕЛДІ АРАЛАП, «АЛТЫН БЕСІКТЕГІ» АҒАЙЫННЫҢ ҚАЛ-ЖАҒДАЙЫМЕН ТАНЫСЫП ҚАЙТҚАН БОЛАТЫНБЫЗ. «САБАҚТЫ ИНЕ СӘТІМЕН» ДЕМЕКШІ, БҰЛ ЖОЛҒЫ ІССАПАРЫМЫЗДЫҢ ӨЗІ ҚЫЗЫҚ БАСТАЛДЫ. СЕБЕБІ, ОСЫДАН ШИРЕК ҒАСЫР БҰРЫН ОСЫ АУЫЛҒА ЖАҚСЫ ІСПЕН АЯҚ БАСУДЫҢ СӘТІ ТҮСКЕН ЕДІ. АРАҒА 25 ЖЫЛ САЛЫП, ДӘЛ СОЛ КҮНІ ҚҰТТЫ МЕКЕНГЕ ҚАЙТА ОРАЛУ БҰЙЫРЫПТЫ…

ШИРЕК ҒАСЫРДАН КЕЙІНГІ ҚАУЫШУ

…Бала болсақ та, шіліңгір шілдеде жауған жаңбыры лезде жерге сіңіп, құп-құрғақ жататын құмды ауылдың ерекшелігіне таң қалғанымыз есімде қалыпты. Кең байтақ даланың кеңшілдігі, қаймана қазақылықтың иісі аңқыған ауылдың берекесі артып, келешегі кемелдене түсетіні де айқын сезілетін. Əр төбеден бір көрінетін санаулы үйлер мен ескілеу ғимараттарға жан бітіп, қайта жаңғырып, жаңара түсетініне сенетінбіз. Балғын балалықтың үміті алдамапты. Құм шағылдың ортасындағы ауылдың ширек ғасырдан кейінгі бет-бейнесі мүлде басқа. Қазір əрбір төбеде бірер үй емес, орталықтағылардан артық болмаса кем түспейтін мектеп, заманауи үлгідегі балабақша, қазақша күрес пен дзюдодан талай спорт тарландары тəрбиеленіп шыққан дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтерген ажары айшықты ауыл. Халыққа жайлы құтты мекен. Баптай білсе, тасқа да гүл бітетініндей, құм шағылдың ортасынан ауласын тал-терекке толтырған берекелі округ. Кəсіпкері шаруасын дөңгелентіп, нəсібін тапқан ырысы мол малды өңір. Иə, осыдан жиырма жыл бұрынғы көріністен жер мен көктей айырмашылықты біз осы сапар барысында байқадық. «Ілгерілеу, даму, өркендеу» деген жақсы сөздер осындайда айтылса керек. Ауылдың кіреберіс орталық жолының бойында алыстан «менмұндалаған» жаңа ғимараттар мен балалар алаңы бірден көз тартып, көңілге жылылық сезімін ұялатады. Шалғайда емес, қаланың іргесінде жүргендейсің!

ƏЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР – ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ!

– Мына тұрған əкімшіліктің ғимараты 1975 жылы салынған, 1996 жылы совхоз тараған кезге дейін балабақша болып жұмыс жасады. Содан кейін иесіз тұрып қалды. Осы жылдары жөндеу жұмыстары жүргізіліп, əкімшілікке берілген. Ал, бұрын жергілікті атқарушы билік отырған, 1958 жылы салынған ғимарат бүгінде «кəсіпкерлер үйіне» айналды, -деп бастады əңгімесін Қара арна ауылдық округінің əкімі Ерболат Елеусінов. – Біздің қасымыздағы Қапан қажы атындағы мешітті 2005 жылы елге белгілі кəсіпкерлер – ағайынды Балжігітовтер салып берді. 2003 жылы басталған құрылыс жұмыстарының қасында Хиуаның, Нүкістің, Хорезмнің шеберлері болды. Ауылда Жамбыл Ыбыраш деген азамат бар, қазір сол мешіттің имамы, осы жердің тумасы, ашылғаннан бері сонда қызмет етіп келеді. Мұнда қауіпті ағымдар деген ұғым жоқ, тыныш елміз. Ауылда халықтың тұрмысына қажетті барлық əлеуметтік нысан бар. Мамыр айында мəдениет үйінің құрылыс жұмыстары басталды. Оны атыраулық «Батыс Строй сервис» ЖШС салып жатыр. Ол келесі жылдың шілде айында пайдалануға берілмек. Ал, 160 орындық балабақша «Игілік» бағдарламасы бойынша бой көтерген болатын. Қазір ауылда балабақшамен қамтуда мəселе жоқ. 324 орындық сегізжылдық мектеп совхоздың кезінде 1978 жылы салынған, алдында 1952 жылы бой көтерген «кəрі» ғимаратымыз бар. Ол 2017 жылы 19 млн. теңгеге толық күрделі жөндеуден өтті. Қазір толыққанды жұмыс істеп тұр. Халық санының көбеюіне, даму жоспарымыздағы өзгеріске байланысты ескі ғимаратты апатты нысандар тізіміне енгізіп, 2026 жылға дейін сүрілетін нысандар қатарына қойып отырмыз. Оның орнына міндетті түрде жаңа екі қабатты білім ошағы салынатын болады. Əзірге мектепте 630 оқушы екі ауысымда білім нəрімен сусындап жатыр. Мектептің арғы жағында бұрынғы интернаттың орны бар. Бұрын совхоздың кезінде алыстағы қыстақтағы отбасылардың балалары келіп сонда оқитын. Өзім бірнеше жыл бойы сол интернатта директор болып қызмет еттім. Кейін ол ғимаратта əлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балалары білім алды. Қазір интернатты Қосшағылға көшірді. Бүгінде мектептің жанынан аудандық музыка мектебінің филиалын аштырдық. Жыл сайын 40-45 бала домбыра, қобыз, вокал бойынша қосымша білім алып шығады. Оны аяқтаған шəкірттеріміздің алды Ұлттық консерваторияда, кейінгілері Кіші өнер академиясында оқып, өнерден өз орындарын тауып жатыр. Ауылда балалар спортын дамытуға ерекше ден қойылған. Əсіресе, қазақша күрестің «Отаны» десек, артық айтқанымыз болмас. Өйткені, осы ауылдың спорт мектептерінен тəрбиеленіп шыққан спортшылар жарыстардан жүлдемен оралып жүр. Жастарды тəрбиелеуші Асан Раушанов, Сайын Есенғожин сынды халықаралық дəрежедегі спорт шеберлерін атыраулықтар да жақсы біледі. Бақытжан Балжігітов деген кəсіпкер «Ырыс» спорт кешенін салып берген. Бұдан бөлек тағы бір дене шынықтыру, сауықтыру кешеніміз бар. Онда волейбол, футбол, үстел теннисі жəне тағы басқа спорт түрлері бойынша балалар жаттығады. Енді күреске арнайы ғимарат қарастырып жатырмыз, — деді Ерболат Құлхайұлы.

Ал, ауылдық емхананы «Мариэл строй» ЖШС 2016 жылы салып берген.

Сол жылы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен Амангүл Андашбаева деген дəрігер маман келіп, баспанасын алып, осында жұмысын жасап жатыр. Тек жедел-жəрдем көлігі ескіруіне байланысты жиі бұзылады екен. Сондықтан, оны да ауыстыруға сұраныс жіберіліп қойыпты. Бүгінде емханада бетперде киюге маңыз беріледі.

«Əлемді шарпыған індет кезінде ауылымыздың əкімі өзін басшымын демеді, осындағы үйлердің барлығына өзі аяқтай барып, үйде болуға, санитарлық талаптарды сақтауға шақырды. Осылайша, күн-түн демей, үздіксіз жұмыс жасадық. Соның нəтижесінде өлім-жітім əнебір көп болған жоқ. Қазір де солай. Бас дəрігер-жалпы тəжірибелік дəрігеріміз науқастарды қалаға алып кетті. Жаз мезгілі болғандықтан, балалар арасында жедел өткір ішек инфекциясы бар. Жыл басынан бері ауылда 72 бала өмірге келген. Күн сайын күндізгі бөлімде 4-6 адам ем алып тұрады. Жалпы, ауылдық емханаға күн сайын 40-50 шақты тұрғын хабарласады» дейді емхана медбикелері.

Десек те, ауылда емхана жанынан бөлек дəріхана ашу үшін фармацевт ]маман жетіспейді екен.

ГАЗДАНДЫРУ, ЖАРЫҚПЕН ҚАМТУ, БАЙЛАНЫС – 100 ПАЙЫЗ!

Іссапар барысында біз алғаш ат басын тіреген нысандардың бірі – «Алланың үйі» болды. «Қапан қажы» мешіті өкілдерінің айтуынша, жұма сайын мұнда 30-ға тарта жамағат келіп, жұма намазына қатысады. Мешіт имамының шəкірттері Атыраудағы орталық мешітте найб-имам болып қызмет атқарады екен. «Ауылдағы ер-азаматтардың көбі Теңізде вахтамен жұмыс істейтіндіктен, бірқатары діннің түрлі ағымдарына сол жақта жүріп ілеседі. Онда еліміздің түкпір-түкпірінен халық жиналады ғой. Сондықтан, кейде өрімдей жас жігіттеріміздің вахтаға дейін басқаша, келгеннен кейін мүлде өзге жан болып оралғанын байқаймыз. Білген бойда оларды мешіттегі имаммен тілдестіріп, дұрыс бағытты түсіндіріп, қайта ортаға қосқан жағдайларды несіне жасырайын?» деді Ерболат Елеусінов. Ал, мешіттен бері қарай жолдағы «Жеңіс саябағы» жөнделіп жатыр екен. Осыдан бірнеше жыл бұрын ауылдың белгілі еңбек ардагері Жанаш Нұрмаханов Шоқпартоғай ауылы бойынша қан майданнан оралмаған 177 боздақтың тізімін жасақтапты. Сол уақыттан бері тағы 12 майдангер тізімге қосылып, қазір олардың саны 189-ға жеткен. Енді олардың есімдері қашалып жазылған тақтайша парктегі жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін орнатылатын болады. Саябақтағы «мəңгілік алау» да осы жерде орналасады. Оның қасында «қоғамдық кеңістіктер» əлеуметтік жобасы аясында «Достар саябағы» бой көтеріпті. Мұнда жастар кешкілік серуендеуге келеді екен. «Алдағы уақытта мұнда сауда-саттық, жəрмеңке ұйымдастыруға кəсіпкерлерді тартып жатырмыз. Заң талабына сай болса, оны неге жасамасқа?» дейді ауыл əкімі. Аудан орталығы – Құлсары қаласынан 25 шақырым жердегі ауыл толық газдандырылған. Жарық та үздіксіз беріліп тұр. Десек те, «Атырау[1]Жарықтың» иелігіндегі желілердің ескіруіне байланысты кейде жарық өшіп қалатын көрінеді. Байланыс «3G» желісіне қосылған. Бүгінде «Қазақтелеком» АҚ-на «4G» желісін тартуға сұраныс жіберілген. Ал, аймақтың барлық дерлік елді мекеніне тəн ауыз су проблемасы мұнда да бар.

– Біз суды Қиғаштан алып отырмыз. Сол желіден бірнеше елді мекен алатындықтан су жетпейді. Бүгінде ауылға күніне 380-400 текше метр ауыз су беріліп тұр. Негізгі қажеттілік – 1000 текше метр. Сондықтан, резервуар суға толғаннан кейін түскі уақыттан бастап береміз. Осы мезгілде ауыл халқы құдықтарына су толтырып алады. Ауыз суды тұрақты беру үшін қосымша су мұнарасын салу керек, — деп əңгімесін жалғастырды ауыл əкімі Ерболат Құлхайұлы. – Алдағы жылдары бірнеше шақырым ауылішілік жолдар төселіп, көшелер жарықтандырылады. Ауыл «Атырау – Маңғыстау» республикалық маңызы бар жолдың бойында орналасқан. Мұнда бірнеше бағытта қатынайтын пойыздар тоқтайды. Осы себепті халық қалаулысы Қадырғали Тұрғанов бес вагон тұратындай көлемде, халықтың түсіп-мінуіне қолайлы перрон салу жайын қозғаған болатын. Болашақта бұл мəселе де шешімін тапса дейміз.

ҚОЖАЛЫҚТАРҒА ЖҰМЫСШЫ ҚАЖЕТ

«Теңіз, вахта» дегеннен шығады, бүгінде ауылда жұмыссыздық деңгейі 2,2 пайызды құрайды. Халықтың басым көпшілігі Теңіз кен орнында еңбек етеді. Əлеуметтік ахуалы тым төмен бірді-екілі отбасы болмаса, қалғандарының тұрмысы жақсы. Атаулы əлеуметтік көмек алып, үйсіз-күйсіз жүрген көп балалы жалғызбасты ананың өзіне жергілікті кəсіпкерлер, ауыл халқы көмектесіп, тұрақты баспана алып берген. Десек те, шаруа қожалықтарына мал бағып, шөп шабуға жұмысқа ешкім барғысы келмейді. Амалсыздан қожалықтар вахталық əдіспен жұмысшыларды Өзбекстаннан шақыруға мəжбүр. Осылайша, қазақтың қаржысы өзіміздің қаракөздерге бұйырмай, шетел асып кетіп жатыр.

– Далада мал бағып, шөп жинағаннан гөрі жейдесін кірлетпей, бірнеше сағат өндірісте жүргенді қалайды. Біле білсеңіз, шаруа қожалықтары 150 мың теңгеден бастап айлық төлейді. Оның үстіне, даладағы еңбек денсаулыққа да пайдалы. Амалы таусылған кəсіп иелері осындағы жұмысшыларға өз үйіне де арнайы техникамен шабындықтан шөп жинап алуға мүмкіндік береді. Ол үшін бір тиын да алмайды. Өзінің түскі асы, үйіндегі малының да азығы – тегін. Соған ешкім келмейді. Кейбір техниканы меңгергендерге 200 мың теңге жалақы төлейді. Əрі кетсе, Теңізден 28 күн жұмыс істеп келгеніне 400 мың теңге жалақы алар, бірақ келесі ай демалғанын қосқанда сол айлығы екіге бөлінеді емес пе? Осыны қанша рет көтерсек те, нəтижесін көре алмай келеміз, — дейді Ерболат Құлхайұлы.

СҮТ ЗАУЫТЫ ҚАЙТА ЖАНДАНАДЫ

Ауыл басшысының бұл сөздерін шаруагерлер де құптайды. Бүгінде Шоқпартоғайда 58 шаруа қожалығы бар. Олардың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысады. Негізі, Құлсарының іргесіндегі ауыл басқаларға қарағанда төрт түлікті бағуға қолайлы. Керісінше, жері шөлейтті аумақ болғаннан кейін жайы қиындау көрінеді. Соның ішінде Сейітжан Балжігітовтың «Достан ата», Бақтығали Жиенқұловтың «Ащы сай», Ақмұрат Байжановтың «Жомарт», Əлім Байжановтың «Ерназар», Жаймұқан Жұбановтың «Дархан дала» шаруа қожалықтары халық игілігіне тұрақты жұмыс істеп келеді. Ал, белгілі кəсіпкер Дəуренбек Балжігітов сиыр сүтін өндіру жобасын қайта жандандырмақ ниетте. Ол үшін кəсіп иелері көршілес Батыс Қазақстан облысынан сүтті «Сементал» тұқымды сиыр алып жатқан көрінеді.

– Құлсарыда сүт зауытымыз бар, сауылған сүтті сонда жеткізіп, өңдеп, халыққа қолжетімді бағамен ұсынамыз. Бұған дейін етті саналатын қалмақ тұқымды мал өсіргенбіз. Соңғы 3-4 жылда қуаңшылық болып, жерге шөп шықпады. Енді міне, су келіп, шабындық алқаптары көбейді. Бүгінде мал азығын дайындау үшін 100 гектар жерден шөп жинап жатырмыз. Қыста мал осы жерге жайылады. Қазір төрт түлігіміз жайлауда, — дейді бізбен əңгімесінде Дəуренбек Балжігітов.

Бүгінде шабындық басында алты адам еңбек етіп жатыр.

ТҮЙІН

  • Байқағанымыз, ауылда жылдан-жылға тұрғындар саны артып келеді. Бұл халықтың тұрақты мекен етуіне қолайлы жағдай бар дегенді білдірсе керек. Іссапар барысында біз осыған тағы бір мәрте көз жеткіздік. Ауылда тұрғындар қажеттілігі үшін 8 дүкен болса, ондағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің бағасын әкімдік тұрақты бақылап отырады. Біз бас сұққан ірі дүкендердің бірінде бір келі қант бағасы 780 теңге екен. «Біз кәсіпкерлерге сауда жасаған сәтте ең алдымен бағаны асыра сілтемеуін сұраймыз. Сосын сенбі сайын жәрмеңке өтіп тұрады. Аудан орталығындағы бағадан 10-15 теңгедей ғана қымбат» деді ауыл әкімі.

Айбөпе САБЫРОВА

Суреттерді түсірген Əнуар ƏБІЛҒАЗИЕВ

Жылыой ауданы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button