Жарнама
СарапTimeҚоғам

АТЫРАУ. «ЖАБАЙЫ» ЖАҒАЛАУ…

КҮН ЫСЫП, ТӨБЕНІ ҚЫЗДЫРҒАН ТҰСТА АТЫРАУЛЫҚТАР АРНАЙЫ РҰҚСАТТЫ КҮТПЕСТЕНАҚ ЖАҒАЖАЙ ЖАҒАЛАП КЕТТІ. ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ДЕМАЛЫС УАҚЫТЫН ӨЗЕН ЖАҒАСЫНДА ҰЙЫМДАСТЫРУЛАРЫ ДА ЖИІЛЕДІ. ЖАҒАЛАУДАҒЫ ЖҰРТТЫҢ САНЫ АРТҚАН САЙЫН, ҚҰТҚАРУШЫЛАР ДА ТЫНЫМСЫЗ ЖҰМЫС ЫРҒАҒЫНА КӨШТІ. СЕБЕБІ, КӨПШІЛІК РҰҚСАТ ЕТІЛМЕГЕН СУ АЙДЫНДАРЫНДА ШОМЫЛУҒА ӘУЕС. АЛ, МҰНЫҢ СОҢЫ ӨКІНІШКЕ ҰРЫНДЫРЫП ЖАТАДЫ…

«СУ – ТІЛСІЗ ЖАУ» ДЕСЕК ТЕ…

Қазіргі уақытта оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатындағы шаралар адам шығынына, соның ішінде балалардың өліміне жол бермеуге бағытталуда. Бұл өзекті мәселе халық арасында кеңінен насихатталып, тұрғындардың барлық санатына түсінік жұмыстарын жүргізгенде ғана шешілмек. Құтқарушы мамандардың мәлімдеуінше, судағы адам өлімінің басты себебі – рұқсат етілмеген орындарда шомылуы, азаматтардың жеке қауіпсіздік ережелерін сақтамауы, балаларды қараусыз қалдыруы, мас күйінде суға түсуі. Таяуда Жылыой ауданында оқыс оқиға орын алды. Тұрғызба ауылының тұсынан ағып жатқан Жем өзеніне бір топ жасөспірім рұқсат етілмеген жерден суға түскен. Үш бала өзеннің терең жерінде тұншыға бастайды. Осы сәтте ауыл тұрғыны Есет Отаралиев екі жеткіншекті құтқарып үлгереді. «Екі баланы иығыма салып жағаға алып шықтым. Үшіншісін құтқаруға мүмкіндігім болмады…» деген өкінішін білдірді ол. Жыл басынан бері облыс аумағындағы су айдындарында 8 адам қаза болған. Оның екеуі – кәмелетке толмаған бала.

ШОМЫЛУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНБЫЗ БА?

Биылғы шомылу маусымында Атырау қаласында бес жағажай ашылмақ. Бұл туралы қалалық әкімдіктің бас маманы Өміржан Жароллаұлынан сұрап білдік.

– Қазір «Атырау» денешынықтыру спорт кешені жанындағы жағажай («Евразия» кәсіпкерлікті қолдау орталығы» ЖШС), «Тұрғын үй қалашығы» шағынауданындағы «НОМАД» (Малибу) және «LUCH» жағажайлары, Мечников өткелі тұсындағы жасанды бассейн («Алтын саяхат» ЖК) шомылу маусымына дайын. Олармен мемлекеттік мүлікті пайдалану үшін сенімгерлік басқару шарттары жасалды. Ең бастысы, кәсіпкерлерден жағажайда құтқарушылардың болуын және алғашқы медициналық көмек көрсету мүмкіндігін талап етеміз. Сондай-ақ, демалушыларға тегін волейбол алаңын жасақтауды ұсындық. Енді қала маңындағы ауылдық округтердің аумағында коммуналдық жағажай ашу мәселесі қарастырылып жатыр, — деді сұхбаттасушымыз.

Маманның айтуынша, жағажайды күтіп-ұстауға бюджеттен қаржы қарастырылмаған. Кәсіпкерлер тек сенімгерлік басқару арқылы кәсібін жүргізеді, яғни жағажай аумағының тазалығы мен қауіпсіздігін өз есептерінен жүзеге асырады. Бірнеше рет тендер өтсе де, мұндай талаппен басқа жағажайларды иелікке алуға кәсіпкердің батылы бармай отырса керек. Атырауда шомылуға рұқсат етілген орындардан басқа «жабайы жағажайлардың» саны көп. Құтқарушы мамандардың зерттеулеріне қарағанда, батып кету оқиғасының 90%-ы шомылу үшін жабдықталмаған су айдындары мен учаскелерде орын алады. Жедел құтқару жасағының бастығы Самат Құмашев мәселенің өзектілігіне тоқталды.

– Жағалаудағы қайғылы жағдайларға адамдардың жабдықталмаған орындарда шомылуы, ата-аналардың балаларын жағада қараусыз қалдыруы, балық аулау кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамауы, ішімдік ішкен күйінде суға түсуі сынды жауапсыздықтар себеп болады. Мезгілсіз уақытта және салқындығын ескерместен шомылып, суға түсу ережелерін сақтамаудың соңы орны толмас өкінішке әкеледі. Құтқарушылар мамырдан бері күшейтілген режимдегі қызметке көшірілді. Адамдардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция департаментінің қызметкерлерімен бірге рейдтік шараларды атқарып жатырмыз. Судың терең, қауіпті тұстарына белгілер орнатылған. Сол себепті мұндай белгілер қойылған жерлерден аулақ жүрген абзал, — деді ол.

Жылдағы дәстүр бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларға қамқорлық жасалады. «Мұнайшы» орталық бассейнінде 90-нан аса баланы тегін жүзіп үйрету жоспарланып отыр. Сонымен қатар, волонтерлік ұйымдар («Қызыл Ай», «Жас құтқарушылар» қоғамдық қоры, «Әли») және жұмыспен қамту орталығында есепте тұрған 22 адам суда құтқарудың бастапқы дағдыларына үйретілді.

«САҚТАНСАҢ, САҚТАЙМЫН…»

Құтқарушылар үнемі суда жүзу ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертсе де, оған құлақ түретіндер сирек. Мамандар демалушыларға суға түсу қауіпсіздігі туралы ережеден басқа әрбір адам біліп жүруі тиіс бірқатар қағидалар бар екендігін ескертеді. Мысалы, суда жүзу дені сау адамға ғана пайдалы болмақ. Ал, дене ыстығы көтерілген кезде шомылуға болмайды. Сондықтан суға түсер алдында дәрігерге көрініп, кеңесін алу қажет. Шомылуға қолайлы уақыт – таңғы сағат 8-10-ның аралығы және кешкі сағат 17- 19 аралығы. Сондай-ақ, тамақ ішкеннен кейін бір сағат өтпей, суға түсу денсаулыққа зиян екенін көпшілігі қаперге алмайды. Тамаққа тойып немесе ішімдік ішіп алып, суға түскен адамның қан қысымы бірден көтеріліп, басына шабуы мүмкін. Құтқару қызметінің өкілдері жағадан алыс жүзбеу, ескерту белгілерінен әрі өтпеу, арнайы белгіленген жерлерде ғана шомылу, балаларға сақ болу, суда алысып, күресіп ойнамау секілді қарапайым ескертпелерді жасағанымен, суға кетіп жатқан адамдардың саны азаяр емес.

Сонымен, кәмелетке толмаған балалардың қайғылы жағдайының басым бөлігі ата-аналардың жауапсыздығынан орын алатыны жасырын емес. Құтқарушылар ең алдымен, су айдындарының маңында қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың арты өкінішке ұрындыратынын ата-аналар балаларына түсіндіргені жөн дейді. Мүмкіндігінше, балаларды су қоймаларына жақын жерлерде қараусыз қалдырмай және сол қайғылы оқиғаны мысалға ала отырып, оларға белгіленбеген жерлерге суға шомылу үшін барудың, ойланбай әрекет ету мен алысып ойнаудың ықтимал зардаптарын түсіндірген абзал.

ТҮЙІН

Адамның өмірінен артық құндылық жоқ. Сондықтан да қарапайым ережелерді сақтау арқылы тілсіз жаудың алқымынан аман қалуға болады. Ал, қауіпті жағдай орын алса немесе көмек қажет болған жағдайда «101», «112» құтқару қызметтеріне қоңырау шалу керек. Қазақтың «Сақтансаң сақтаймын» деген аталы сөзінің төркіні де осы болса керек.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

НАВИГАЦИЯЛЫҚ ҚОСЫМШАДАҒЫ ЖАҢАЛЫҚ

Енді «Шомылуға тыйым салынады!» белгілерін «2gis» мобильді қосымшасынан көруге болады. Суда төтенше жағдайдың алдын алу, тұрғындарды хабардар ету мақсатында Атырау қаласының төтенше жағдайлар басқармасы мен «2gis» ЖШС-і бірлескен жобаны жүзеге асырды. Олар «2gis» мобильді қосымшасына шомылуға тыйым салынған және рұқсат етілген орындарды қосты. Рұқсат етілген шомылу орындарын Атырау қаласының тұрғындары мен қонақтары «Жағажай» немесе «Шомылу орындары» сұрауы бойынша таба алады. Жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында қалалық төтенше жағдайлар басқармасы мен жергілікті полиция қызметкерлері күніне екі рет рейдке шығады. Шомылу маусымы басталғанға дейін қала аумағындағы қауіпті учаскелерде 125 тыйым салу белгісі орнатылды. Күн сайын Атырау қаласында адамдар көп шоғырланатын нысандарда «Судағы қауіпсіздік ережелері» LED экрандар мен дыбыс күшейткіштер арқылы кеңінен таратылып отыр.

Майдана АСАИНОВА,

Атырау облысы ТЖД қоғаммен байланыс тобының бас маманы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button