АҚ ОРАМАЛ

Пеш түбіндегі қара кемпір қос немересі жамыраса келіп, мойнына асылғанда тоқып отырған шұлығының шуда жібіне шырматылып, жан-жағын қарманды да қалды. Көрші ауылға ұзатылған кіші қызы кешкісін үйіне қайтар шақта, қойнына бір орам тәттіні қыстырған-ды. Соны іздеп әлек. 

Сәби жүрегі – сезімтал. Берсең,  таласып жейді, бермесең, сұрамайды да. Алды енді ғана балабақшаға ілінген шиеттей балалардың шешесі ауылдағы азын-аулақ жұмыстарды жасайды. Біреудің үйін әктеп, қорасын майлаған аз-кем  табысына  балаларының  жыртығын жамап, тамағын тасиды. Оған қосымша – қара кемпірдің зейнетақысы бар. Әйтеуір, әупірімдеп күн кешу.

Әуелгіде осы үйге келін болып түскен шақта, марқұм атасы: «айналайын, есепші мамандығына жұмыс болмаса да, бір әрекет қылып, қызметке тұрғызармыз» деген-ді. Сөзінде тұрды да. Алайда, атасы ауырып, төсек тартты, кейін бақилық болды. Ол кеткесін шиеттей бала мен қайғыдан жатып қалған қара кемпірдің бабын табам  деп  жұмыспен екі  ортада  сабылған келіншектің орнына көз сатушылар көбейді. Ақыры, ол жұмыссыз қалған.

Қара кемпір келінін аяп барады. Күн ұзақ сабылған жұмыс соңында бір тиынсыз келіп, аузына келгенді айтатын ерінің түрі анау. Осы жалғыз ұлдың күйігі ақ орамалды басына қақайта байлап, ел ішінде «Аққыз» атанған кемпірдің бір уыс қара кемпірге айналуына себепші болған. Орта жасқа жетсе де, ессіздігінен танар емес. Жұмысқа кеш барып, үйіне де кеш оралады. Табыс тауып, үйін асырайды деген ана үмітінің ақталар күні таяуда емес секілді. Жұмыс беріп отырған құрылыс бастықтарының қолы алтын шеберден айырылғысы жоқ. Айтарлықтай жалақы алса да, соның бір тиыны да осы қараша үйге табыс болып еніп көрген емес.

«Мені  соңыңа  қалдырып, осы  қайғының барлығын көрсін деп кеткенің бе? Сен жоқ, мына ессіз ұлды енді кім жөнге салар? Бір күні келін кетіп қалып, немерелерімсіз жетім кемпірдің күйін кешем бе деп қорқам». Орамалының шетін суланған жанарына кезек-кезек апарып, қара кемпір одан ары бүкшие түсті.

Түскі мезгіл таяса да тәтті ұйқысын қимастан төргі бөлмеде ұйықтап жатқан ұлы кенет оянып кетті. Аяқ жағында әкесі отыр. Өңі сұсты. «Анаңды алып кетем!». Өз құлағына өзі сенер емес. Не түсі, не өңі екенін айыра алмастан, алқынған күйі ауызғы бөлмеге атылды. Анасының пеш түбінде қорылдап жатқаны есін тез жиғызды. Жедел жеткен ауыл дәрігері, одан кейінгі аудандық ауруханадағы оншақты күн. Өмір мен өлімнің арпалысы. Сол күндері анасының амандығын тілеген жалғыз ұлдың екінші өмірі басталғандай. Он бірінші күнге қарағанда көзін ашып, кіші немересін шақырған қара кемпірдің тұруына көмектесіп, қолтығынан демеген ұлы анасының басына ақ орамал әкеп байлады. Ауру жеген бе, әлде қарттықтың кесірінен бе, әйтеуір, қара кемпірдің көзінен жас шықпай қойды…

Айым  БОЛАТ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз