Салық жүйесінің сыры
«Respublica» партиясының сайлауалды туры Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында жалғасты. Мұнда партияның тең төрағалары Максим Барышев, Руслан Берденов, Сырымбек Тау, сондай-ақ Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттар тұрғындармен жүздесті.
Партия өкілдері Шығыс Қазақстан облысына сапарын қаланың бизнес қауымдастығымен кездесуден бастады. Партияның тең төрағасы Максим Барышев партияны құрудың алғышарттарының бірі елдің салық заңнамасындағы кедергілер екенін айтты. Қаңтар оқиғасы кезінде қарақшылық шабуылдан зардап шеккен кәсіпкерлер мемлекет тарапынан қолдауға ие болғанын атап өтті. Белгілі болғандай, бұл қолдауға да салық салынған, оны өзгерту мүмкін емес.
«Өткен жылы қаңтарда талан-таражға түскен кәсіпкерлерге мемлекеттен қолдау сұраған болатынбыз, қолдау көрсетілді. Бірақ кәсіпкерлер табиғи апаттан зардап шексе, тиісті қолдауға салық салынбайды. Ал талан-таражға түскен жағдайда салық салу заңнамада қарастырылған. Біз мұндай жағдайларда салық салуды жою үшін заңнамаға өзгерістер енгізуді ұсындық, өйткені бизнесті қалпына келтіру мәселесі қиын. Бірақ Мәжілістегі депутаттар бұл норманы жоққа шығарды, бюджеттік шығын екенін айтты», деді М.Барышев.
Бұл ретте партияның құрылтайшылары шенеуніктер барлық кәсіпкерлерді салық төлеуші ретінде қабылдайтынын айтады.
«Оларды біздің экономикаға, өнеркәсіпке немесе біз ашатын жұмыс орындарына қосқан үлесіміз соншалықты қызықтырмайды. Олар тек бір нәрсені ойлайды – біз салық төлейміз. Мемлекеттік қызметте бізді кәсіпкер демейді, салық төлеуші деп атайды. Себебі 30 жылда өзінен-өзі осылай қалыптасып кеткен. Сондықтан бизнеске деген осы көзқарасты өзгерту, сондай-ақ кәсіпкерлерге қатысты әділ әрі дұрыс қарым-қатынас болуы үшін қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге бастамашылық ету – партияның алға қойған мақсаттарының бірі», деді М.Барышев.
«Respublica» партиясынан Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат Зейнолла Абдуманапов партияның кәсіпкерлік мәселелерін жақсы білетінін атап өтті.