Қарызсыз халық – табысты халық
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының тізімі бойынша кандидаттар Тазабек Самбетбай, Ирина Әлімжанова, Айдар Алибаев, бір мандатты округ бойынша кандидат Берік Ағыбаев «Ең биік шыңдарды еңсереміз» атты іс-шара өткізді.
Іс-шара Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Қайназар ауылында ұйымдастырылды. Кандидаттар, партия белсенділері және ауыл тұрғындары ауыл маңындағы тауға шығып, мемлекеттің және партия туын орнатты.
Жергілікті тұрғындармен кездесуде кандидат Ирина Әлімжанова зейнетақысының 80 пайызын несие төлеуге жұмсап отырған қарттар бар екенін айтты. Бұл ретте ол тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартудың тың тетіктерін ойластыру қажет екенін алға тартты.
– Елімізде несиеге «байланған» адам көп. Негізінде халықтың несиелену деңгейі экономикалық өсіммен қатар жүруі керек еді. Ал халықтың банк алдындағы қарызы экономикалық өсімнен асып түскен. Ұлттық банк жүргізген сауалдама нәтижесі экономикалық белсенді немесе кішігірім қызметте жүрген азаматтардың 90 пайызы тек айлықпен күн көретінін көрсеткен. Демек қазір жұртшылықтың қарызсыз өмір сүруі барынша шектелген. Несие рәсімдеген кезде қарыз алушының төлем қабілеті, табысы ескерілетіні белгілі. Соған қарамастан бір адамның бір мезгілде бірнеше несиені қатар алуы тыйылмай отыр. Сарапшылардың дерегінше, Қазақстандағы жұмыс істейтін халықтың 70 пайызы қарызбен өмір сүреді. Несиені шектеу мәселесімен нарықтың жағдайын жақсарта алмаймыз. Банк секторы тәжірибесінде халықты несиеге байлап қоюдың түрлі әдісі бар. Банктер қарыз алушының қарыз жүктемесі нормативке сәйкес болса, өзге банктегі несиесін қайта қаржыландыру арқылы несиесін жаңарта беруге, сол арқылы қарыз қамытын қалыңдата беруге жол ашып қойған. Егер құзырлы орындар жағдайды реттеп отырмаса, мәселеге қаржы, мұнай трейдерлері тәрізді «несие трейдерлері» араласып кетуі мүмкін. Мұндай жағдайда қарызға батқан халықтың әлеуметтік жағдайы ушығып кетеді. Халық қарызсыз болуы үшін олардың табысы өсуі керек, – дейді кандидат.