Бір орынға ­– 20 кандидат

screenshot 15 Сайлау

Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауына байланысты сайлау комиссияларының мүшелері мен сайлау процесінің басқа да қатысушыларын оқытуға арналған семинар ұйымдастырылды.

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы өткізген семинар тренингте әртүрлі тақырыптар талқыланды. Басқосу барысында алдағы саяси науқанның ерекшеліктеріне тоқталып, әр тарапты талдау жұмыстары жүргізілді. Өйткені, сайлауға бекітілетін комиссия құрамы саяси науқанға қатысты заңдық нормаларды жетік білуі тиіс. Сайлаудың әділ де, ашық өтуі әр учаскедегі сайлау комиссияларының жұмысына байланысты.

screenshot 17

Өңірде Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына 496 адамнан өтініш түскен. Оның ішінде 235 кандидаттың құжаттары заң нормаларындағы талаптарға толықтай сәйкес болған. Депутаттыққа үміткерлердің арасында мемлекеттік қызметкерлер, экс депутаттар, мұғалімдер, блогерлер мен зейнеткерлер, жұмыссыздар бар. Дауыс беру күні 269 учаске жұмыс істейді. Бүгінде облыстағы 2 мыңға жуық комиссия өкілі саяси науқанға дайындық жұмыстарын бастап кетті.

Кандидаттар арасында бәсекелестік  жоғары. Мәселен,  Мәжілістегі бір

мандаттық орынға 20 кандидат ұсынылған. Олардың төртеуі түрлі партия өкілдері болса, қалған кандидаттар өз-өздерін ұсынғандар. Ал, облыстық, қалалық мәслихаттарға бір орынға төрт адамнан келеді екен.

– Семинардың негізгі мақсаты – сайлау комиссиясының мүшелерін Қазақстандағы сайлау құқығы мен процесінің өзекті мәселелерімен таныстырып, нормативтік  актілермен және әдістемелік материалдармен жұмыс істеу қабілетін қалыптастыру және дамыту. Сонымен қатар, кезектен тыс сайлауды ұйымдастыру және өткізу ерекшеліктерін айқындап, сайлау процесіне қатысушылармен қарым-қатынас әдістері мен дағдыларын қалыптастыруды көздейді. Семинардың қорытындысында тыңдаушылар сайлау заңнамасының негіздері және оны сайлау үдерісінде қолдану тәжірибесі бойынша кәсіби құзыреттерін дамытады. Қазіргі таңда ұсынылған кандидаттардың құжаттарын қарап, сәйкестігін анықтап, оларды тіркеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Тіркеу жұмыстары 18 ақпан күні сағат 18.00-ге дейін жүргізіледі, – деді облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат Айманакумов.

screenshot 16

Облыстық мәслихаттың 50 пайызы мажоритарлы, қалған 50 пайызы партиялық тізім бойынша сайланады. Ал, қала мен аудан мәслихаттары 100 пайыз мажоритарлы жүйемен бекітіледі. Семинар ұйымдастырушылардың айтуынша, сайлау комиссиясы мүшелеріне арналған семинар-тренинг наурыз айының 12-не дейін кезең-кезеңімен өткізіледі.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз