
Облыстың үш ауданында мәслихат депутаттары сайланды
Атырау облысы Қызылқоға ауданында №4 және №9 бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына сайлау өтті.
Тиісті аумақтық сайлау комиссиясының хабарлауынша, №4 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайлаушылардың тізіміне 1 336 азамат енгізілді. Оның ішінде 693 сайлаушы қатысқан саяси додаға 3 кандидат ұсынылды. О.Әжіғалиеваға 401 сайлаушының даусы берілді. Б.Жанғуатов – 196, А.Өрдеков 89 дауыс жинады. Алты сайлаушы «Бәріне қарсымын» белгісін таңдаған.

Сайлау қорытындысымен №4 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Қызылқоға аудандық мәслихатының депутаты болып 1972 жылы туған Қызылқоға ауданы Жасқайрат ауылының тұрғыны, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті «Республикалық ветеринариялық зертхана» ШЖҚ РМК Атырау облыстық филиалы Қызылқоға аудандық ветеринариялық зертханасының меңгерушісі Орынша Әжіғалиева сайланды.
Ал №9 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайлаушылардың тізіміне 476 азамат енгізіліп, оның ішінде 248-і саяси додада өз таңдауын жасады. Ұсынылған үш кандидаттың ішінде Г.Қанашева – 41, Д.Мәделбекова – 65, Б.Меңдіғалиев 139 дауыс жинады. Бұл учаскеде 3 сайлаушы «Бәріне қарсымын» белгісін таңдаған.

Сайлау қорытындысымен №9 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Қызылқоға аудандық мәслихатының депутаты болып 1977 жылы туған Миялы ауылының тұрғыны, Қызылқоға аудандық балалар жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Болатбек Меңдіғалиев сайланды.
Мұндай сайлау Мақат ауданында №11 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша да өтті.
Сайлаушылардың тізіміне 1 101 азамат енгізілгенімен, 515 сайлаушы дауыс берген.
Кандидат А.Бағытовқа – 132, С.Беріковке – 72, Ғ.Орынбаевқа 297 дауыс берілді. Алты сайлаушы бәріне қарсылық белгісін таңдаған.

Сайлау қорытындысымен 1994 жылы туған, Мақат ауданы Бәйгітөбе ауылының тұрғыны, №76 Л.Шахатов атындағы №76 орта мектептің тарих пәні мұғалімі Ғалымжан Орынбаев Мақат аудандық мәслихатының депутаты болып сайланды.
Махамбет ауданындағы №1 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша 2406 азамат болғанымен, дауыс беруге 1 157 сайлаушы қатысқан.

Сайлауға ұсынылған үш кандидаттың ішінде 1972 жылы туған Бейбарыс ауылының тұрғыны, «ПЦН күзет» ЖШС-нің Бас директоры, Г.Жұмағалиева 487 дауыс жинап, Махамбет аудандық мәслихатының депутаты болып сайланды.
Саяси доданың қорытындысында 375 дауыс кандидат М.Мақсотовқа, 261 дауыс С.Сандыбаевқа берілсе, 23 сайлаушы «Бәріне қарсымын» белгісін таңдаған.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ