Мәжілістің 8-сайланым депутаттары ресми тіркелді
Бүгін Орталық сайлау комиссиясы Парламент Мәжілісінің 8-сайланымы депутаттарын тіркеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Орталық сайлау комиссиясы тіркеген сәттен бастап сіздердің ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары ретіндегі өкілеттіктеріңіз басталды. Сіздер осы сәттен бастап еліміздің заң шығару билігін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді органы – ҚР Парламентінің депутатысыздар. Баршаңызды халық қалаулылары атануларыңызбен құттықтаймын. Еңбектеріңіз үлкен табысқа ұлассын! Халықтың ризашылығына бөленіңіздер!», — деді жаңа сайланған депутаттардың қатысуымен өткен ОСК отырысында комиссия төрғасы Нұрлан Әбдіров.
Оның атап өтуінше, Мәжілістің 98 дептутаты тікелей сайлау құқығы негізінде сайланды.
«Яғни, сіздерді азаматтар тікелей сайлады. Бұл бір жағынан сенімнің жоғары деңгейі және оған қоса халық алдындағы үлкен жаупкершілік екені сөзсіз», — деді ол.
Осыдан кейін Нұрлан Әбдіров жаңа сайланған Мәжіліс депутаттарына куәлік пен омырауға белгі тапсырды.