Сайлау

Бибігүл Жексенбай: Сайлау алдындағы пікірталас билік жұмысының бағыт-бағдарына айналып келеді

Қазір әлемде сайлау науқаны кезінде дебат өткізу кеңінен пайдаланылады. Әсіресе, теледебаттар парламенттік республикаларда (Германия, Италия, Үндістан және т.б.) саяси науқанның ажырамас бөлігі. Онда кандидаттың жеке басы емес, партия бағдарламасы басты назарда болады.

Біздің елімізде жылдар бойы саяси бәсекелестік болмауы, теледебаттар өткізу үрдісінің дамуына да кедергі болғаны рас. Арагідік өткізілетін теледебаттарда көрермендерді тұшындыратын дүние аз болғаны айқын. Саяси бәсекелестік мәдениеті қалыптаспағандықтан үміткерлердің жеке басынан мін іздеу, кемшіліктерін шұқылау жиі болатын. Бұл туралы Парламент Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай facebook-парақшасында жазды, деп хабарлады Elorda.info.

Оның айтуынша, елімізде саяси пікірталас мәдениеті қалыптасып келе жатыр. Десек де, пікірталастың өзі билік жұмысының бағыт-бағдарына айналып келеді деуге болады. Елдегі қоғамдағы өткір мәселелер жария талқыланып, ашықтыққа бет бұрылды. Сын айту мен қабылдау мәдениеті де қалыптаса бастады. Жария пікірталас әртүрлі функцияларды атқарды. Парламенттік партиялар үшін олар өз ұстанымдарын нығайтуға мүмкіндік берсе, жаңа партиялардың танылуына көмектесті. Сайлауалды бағдарламаларын қысқа да нұсқа көрермендерге жеткізуге мүмкіндік болды. «Хабар» телеарнасында өткен теледебаттың елімізде тек саяси мәдениет қалыптасуында ғана емес, телевизиялық дебат ұйымдастыруда оң өзгерістердің бар екендігіне куә болдық. Дебат қызу өтті. Көрермен ішін пыстыратын сәттер болмады. Дебатқа саяси партиялар жетекшілерінің қатысқаны маңызы мен салмағын арттыра түсті. Дебаттың регламенті дұрыс ойластырылған. Соның арқасында қатысушылар өз бағдарламаларын дұрыстап жеткізе білді және бір-біріне кедергі жасамай, сұрақтарға толық жауап беруге мүмкіндік алды . Дебат елімізде саяси пікірталас мәдениеті қалыптасып келе жатқанын көрсетті. Депутаттың пікірінше, кандидаттар теледебатқа үйрене бастаған. Дебатта шоу элементтерінің пайдаланылуы өте сәтті шықты. Залдың әдемі рәсімделгенін де ерекше айтып өту керек. Студияның декорациясы. Ең бірінші көрерменді тартып, басында назарын ұстап тұратын декларация екені аян. Интерактивті мүмкіндікдер. Көрермендерден 2 мыңға жуық сұрақ түсіп, олардың бірқатарына жауап тікелей эфирде берілуі. Студияға партия жақтаушыларының шақырылып, өз кандидаттарына қолдау көрсетуге мүмкіндік берілуі (әзірге шоу элементтері аздау). Дебат тізгіншілері Дархан Әбдуахит пен Айгүл Әділованың кәсіби жүргізуі. Кандидаттардың да теледебатқа үйрене бастағаны байқалады. Артық сөзсіз, өз ойларын түйіндеп жеткізуде алдыңғы кездерден ілгерілеушілік бар. Әрине, саяси тәжірибесі мол кандидаттардың сөз саптауы, өзін ұстауы көзге түсіп тұр. Қалай болғанда да қазіргі кандидаттар арасындағы пікірталас сайлаушыға үміткерлердің әрекетін, оның сайлаушылардың өтінішіне жауап беру қабілетін көруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ пікірталас – сайлаудың бәсекеге қабілеттілігінің, кандидаттар туралы ақпарат алу мүмкіндігі тұрғысынан олардың ашықтығының да көрсеткіші екені анық. Жалпы, бұл пікірсайыстардың нақты нәтижесі дауыс беру болып табылатындықтан , 19 наурыз күнін күтеміз, – деп жазды Бибігүл Жексенбай.

Related Articles

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button