Білім саласына басымдық бермек
«Amanat» партиясының республикалық сайлауалды штабы үгіт-насихат науқанын өңірлерде жалғастырды. Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат Асхат Аймағамбетов Түркістан облысындағы сайлаушылармен жүздесті.
Штаб мүшелері алдымен «Farab Library» кітапханасында ақсақалдар, зиялы қауыммен кездесу өткізді. Мұнда аманаттықтар ұлт руханиятын, мәдениеті мен өнерін дамыту мәселелерін талқылап, партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасында қамтылған өзге де бастамаларды таныстырды. Бұдан соң Асхат Аймағамбетов Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттерімен, білім ордасының профессорлық оқытушылар құрамымен жүздесті.
– Бүгін сіздермен еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиға қарсаңында дидарласып отырмыз. Өздеріңіз білетіндей, күні кеше «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасы жарияланды. Біздің бағытымыз – айқын, ұстанымымыз – берік. Біз жемқорлық пен қымбатшылықтың алдын алып, денсаулық сақтау саласындағы түрлі кедергілермен күресіп, ашық, әділетті қоғам құруды көздейміз. Сондықтан осы мақсаттарымызды сайлауалды бағдарламада 10 негізгі бағыт бойынша топтастырдық. Оның ішінде білім және ғылым саласы да қамтылды, – деді А.Аймағамбетов.
Оның айтуынша, аталған салада бұған дейін де ауқымды жұмыс атқарылды. Алайда дамытуды, жетілдіруді және ерекше назар аударуды қажет ететін мәселелер әлі де бар.
– Партияның сайлауалды бағдарламасында халықты толғандарған түйткілді мәселелердің басым бөлігі қамтылды. Соның ішінде, жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жаңғырту, грант санын көбейту, шәкіртақыны көбейту, оқытушылардың жалақысын өсіру, стоматология, педиатрия мамандықтарына мән беру бастамалары да көрініс тапты. Біз жалған ұран тастап, орындалмайтын уәде бермейміз, – деді кандидат.
Кездесу барысында Асхат Аймағамбетов студенттердің сұрағына жауап беріп, түрлі тақырыпқа қатысты ойын ортаға салды.