Бағдарламасымен таныстырды
«Ауыл» партиясынан Парламент Мәжілісінің және Астана қаласы мәслихатының депутаттығына кандидаттар «Астана электротехникалық зауыты» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті. Кездесу барысында кандидаттар үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, қызметкерлерге «Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды.
«Ауыл» партиясынан Мәжіліс депутаттығына кандидат Николай Арсютин сайлауалды бағдарламаның басты бағыттарының бірі – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді еңбек ұжымының мүшелеріне түсіндірді.
– Тәуелсіздік алған 30 жыл бойы, оның ішінде соңғы 2-3 жылда азық-түлік бағасы өсіп жатыр. Мұны кез келген адамның қалтасы көтере бермейді. Сондықтан «Ауыл» партиясы халықтың табысын, әлеуметтік қызметтердің, атап айтқанда, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет сапасын арттыруға ниетті. Сондай-ақ біз ана тілді нығайтуға, халықтың рухын жандандыруға және халықтың санасын жаңғыртуына өз үлесімізді қосқымыз келеді, – деді Николай Арсютин.
Кездесу аясында кандидаттар қалада өмір сүрудің жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту сияқты тақырыптарды көтерді. Үгіт-насихат тобы қоғамда отбасының, ана мен жастардың рөлін арттырудың маңыздылығын айтты. Ауыл мен ауыл шаруашылығын дамыту арқылы барлық әлеуметтік-экономикалық мәселені түбегейлі шешуге болатынын алға тартып, іс-шараны қорытындылады. Жұмысшылар болса «Ауыл» партиясының бастамаларын қолдады.
Астана электротехникалық зауытының қызметкерлерімен кездесуден кейін кандидаттар Астана қаласының №2 бір мандатты сайлау округі бойынша «Ауыл» партиясынан Мәжіліс депутаттығына кандидат Төлеутай Рақымбековтің сайлауалды штабына барды.
– Партиялас кандидаттармен партияның алдыңғы сайлауда жинақтаған тәжірибесіне, осы үгіт-насихат науқанының басында сайлаушылардың бөліскен пікірлері мен ұсыныстарына сүйене отырып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу тактикасын талқыладық, – деді Төлеутай Рақымбеков.