Жарнама
Сайлау

Әлеуметтік әділдік әдісі

«Байтақ» жасылдар партиясының республикалық штабының мүшелері «АстанаЖылуЭнерго» орталығы ұжымымен кездесу өткізді. Штаб басшысы Қайрат Айтбай жиналғандарды сайлауға белсенді үлес қосуға шақырды.

«Әлеуметтік әділдік болуы керек. Мәселен, кеншілерге, қазандықтарда жұмыс істейтіндерге үстеме ақы жоқ, жәрдемақы қарастырылмаған. Егер сіз өзіңіз сайлауға бармасаңыз, дауыс бермесеңіз, баяғы жартас сол жартас қалпында қалады», деді Қайрат Айтбай.

Астана мәслихатының депутаттығына кандидат Әлібек Қашкеев кездесуде елорданың энергетика мәселелерін қозғады. Бұрын энергия таратушы компанияның топ-менеджері болған ол өзі мән-жайын жақсы білетін мәселелерді шешудің жолдарын айтты. «Байтақ» белсендісі 10 жылдан бері жыр болған ЖЭО-3-тің жайын еске салды. Сондай-ақ электр қуатын тарифтеу және үнемдеу мәселесін көтерді.

«Біз Мәжіліс пен мәслихатқа әкімдіктің мақсатты қаржыны әділ бөлуі, барлық қызмет аясында әкімдіктің өзі тиісінше жұмыс істеуі, өзіне жүктелген жауапкершіліктен жалтармауы үшін барамыз. Депутаттың бір функциясы – әкімнің өзі атқаратын лауазымға сәйкестігі немесе лайық еместігі туралы мәселе қою және материалды құқық қорғау органдарына беру, халық мүддесі үшін қажет жағдайда біз мұндай мүмкіндіктерді мүлт жібермеуіміз керек», деді Әлібек Қашкеев.

Сондай-ақ кездесуде ЖЭО-ны жаңғырту мәселесі талқыланды. Экология министрлігінің мәліметінше, 2022 жылы елордада ЖЭО-1 және ЖЭО-2-ге газ құбырларын тарту құрылысы аяқталды. Қазір су жылыту қазандықтары газбен жұмыс істейді.

Ал Алматыда «Байтақ» жасылдар партиясының белсенділері мен жас спортшылар веломарафон ұйымдастырды. Іс-шараға қатысушылар мәдениет және демалыс саябағынан бастап, шаһар көшелері арқылы 10 шақырымды бағындырды. Саяси құрылым өкілдері осы арқылы қоғам арасында саламатты өмір салтын қалыптастырып, күнделікті автокөліктен гөрі велосипедті жиі пайдалануды насихаттауды көздеп отыр. Белсенділер жастардың бос уақыттарын таза ауада тиімді өткізуі маңызды деп есептейді.

Related Articles

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button