Сайлау

Әділдік жолындағы әрекет

«Байтақ» жасылдар партиясының өкілдері «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясы» республикалық қоғамдық бірлестігі мүшелерімен кездесті. Жүздесу аясында екі тарап сайлау кезіндегі әділдікті бақылаудың методологиясымен бөлісті.

«Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалиция­сы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төраға­сы Төлеген Күнәділов жүйелі түрде жұмыс істеу­ге бел буғандарын атап өтті. «Заң шеңберінде комиссия құрылды. Бүгінде 10 мыңдай байқаушы бар, алдағы уақытта олардың санын екі еселеуді жос­парлап отырмыз. Адамдар қаншалықты белсен­ді болса, соғұрлым сайлауды әділ, бұрмалау­сыз өткізуге болады», деді қоғамдық бірлестік төрағасы.

Жасылдар партиясының жетекшісі өз кезе­гінде ұйым инфрақұрылымдары арқылы 9 600 бай­қаушы қоюды жоспарлап отырғанын, сондай-ақ күні кеше ЕҚЫҰ-дан байқаушылар келіп жұмыс барысын тексеріп, ешқандай кедер­гілер жоқ екенін мәлімдегенін айтты. Айта кетсек, алдағы сай­лауға партия атынан 187 үміткер қатысады. Олар­дың 20-ы (18-і партиялық тізім бойынша, екеуі мажоритарлық жүйеге сәйкес) Мәжіліс депу­таттығына, 167-сі (91-і партиялық тізім бойын­ша,76-сы мажоритарлық жүйеге сәйкес) қалалық мәслихат депутаттығына үміткер.

«Бұл жолғы сайлау ерекше болады. Халықтың белсенділігі артты, себебі жаңа тұлғалардың пайда болғанын көрді. Біз кандидаттарымызға сенімдіміз. Олардың ниеті таза, жалпы біз қай жақтан алсақ та, таза идеологияны ұстанамыз. Президентіміз «Жаңа Қазақстан – Әділетті Қазақстан» деп айтқан болатын, сондықтан сайлау әділетті болатынына сенеміз», деді «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртай.

Жалпы, партия атынан Мәжіліс депутаттығына тізім бойынша 18 кандидат ұсынылған. Олардың қатарында әйелдер квотасы бойынша – 4, жас­тар квотасымен – 1 және мүгедектігі бойынша 1 үміткер бар. Тағы төрт үміткер мажоритарлық жүйе бойынша сайлауға қатысады. Ал жергілікті мәслихаттарға 160 кандидат тіркелген. Естеріңізге салсақ, «Байтақ» жасылдар партиясы 2022 жылдың соңында экологиялық тұрақты қоғам құру, халықтық демократия және экологияға ұқыпты қарау қағидаттарын қолдау мақсатында құрылған болатын.

Related Articles

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button