ҰЛТТЫҚ РУХТЫ ОЯТУ ҮРДІСІ

ел тарихын жаңаша зерделеу арқылы қалыптасады
Кешегі күн – бүгінгі тарих. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен қазір Қазақстан тарихы мен мәдениеті тереңдетіліп зерттелуде. Жаңалықтар ашылып, тарих парақтарына еніп жатыр. Соның арқасында еліміз тарихына жаңаша көзқарас пайда болып, оны оқытудың әдістемесі де бірізділікке түсті.

Алайда, бүгінгі тарих саласында өзекті мәселелер де жеткілікті. Осыған орай Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, профессор Камал Бұрханов пен ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Мемлекеттік тарих институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркіт Аяғанның және университеттің тарихшы ғалымдарының, магистранттардың қатысуымен «Қазіргі Қазақстан тарихының өзекті мәселелері» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті.

– Университетімізде көп жылдардан бері келе жатқан екі тарих кафедрасында алты ғылым докторы мен он жеті ғылым кандидаты бар, – деді «дөңгелек үстелді» ашқан университет ректоры, профессор Бейбіт Мамраев. – Мұндағы тарихшы ғалымдар тарихты зерделеуде, зерттеуде белсенді жұмыстар атқаруда. Бірақ, бұл салада қолға алынуы қажетті жұмыстар баршылық. Айта кетсем, Қазақстан тарихы оқу құралдарына мейлінше көңіл бөлу керек. Өйткені, соңғы бес томдық Қазақстан тарихында скиф дәуіріне қарағанда, сармат дәуіріне аз орын бөлінген. Сондықтан, тарихшы ғалымдар сармат дәуірінің зерттелуіне көбірек назар аударса деген тілегім бар. Тағы бір айтар мәселе, университетте археология мамандығын ашқан жөн. Ғалымдардың айтуынша, Ресейдегі қалмақ жеріндегі 200-ден астам қорған  зерттелген де, ал, бері қарай Жылыой аудандарында әлі де көптеген қорғандар зерттеуді қажет етеді. Бұған мемлекет тарапынан қолдау да керек.

Жоғары оқу орнының тарихшы ғалымдарымен кездескеніне қуанышын білдірген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Камал Бұрханов тарих мәселелері мемлекеттік проблемаға айналғандығын айтып, соның бірқатарына тоқталды.

– Өзге елдердегі секілді, Қазақстанда да күрделі идеологиялық мәселелер жеткілікті, – деді ол. – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселелерді шешу жөнінде нақты тапсырмаларды жүктеді. Қазір мемлекеттілік сана-сезімнің жоқтығы ең өзекті проблемаға айналуда. Сыбайлас жемқорлық мәселесі де отансүйгіштік қасиеттің, мемлекеттік сана-сезімнің жоқтығынан туындайды. Ал, мемлекеттік сана-сезім тарихи сана-сезімді қалыптастырудан басталады. Жас ұрпаққа тарихты жан-жақты, толыққанды үйрету арқылы оның бойындағы патриоттық рухты оята аламыз. Бұл – көптеген тарихшылардың пікірі. Елбасының тапсырмасы бойынша, талқылауға, пікірталасқа жатпайтын қалыптасқан пікірдегі мемлекеттік ортақ тарих болуы керек. Ал, бізде, өкінішке орай, тарих саласында пікірталас көп. Ғылым болғандықтан, пікірталас мәңгілік жалғаса беретіні анық. Өйткені, ғылым жаңалықтарының шегі жоқ. Бірақ, кейбір ғалымдар еш фактісіз, еш дәлелсіз жаңалық ашқысы келеді. Ел тарихын жасақтау үшін үлкен сараптама керек.

Өз кезегінде сөз алған Мемлекеттік тарих институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркіт Аяған қазіргі тарихты зерттеудегі өзекті әдістемелік мәселелерге тоқталды.

– Тарихты зерделеу – Елбасының нақты тапсырмасы. Бірақ, Елбасы мұны реформа деп қарастырмауды тапсырды. Өйткені, бұрынғы тарихшылардың еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Атырау облысының Қазақстанның тарихында, рухани өмірінде, экономикасында орны бөлек. Шын мәнінде, бұл өңірде де әлі де толықтай зерттелмей жатқан жерлер баршылық. Сондықтан, археологтарды осы өңірден дайындап шығаруды қолға алған жөн деп есептеймін, – деді. Ол сонымен бірге тарихты зерделеудегі бірқатар тезистерді атап айтты. – Ең бірінші, тарихшы ғалымдар терминдер, лексикаға үлкен көңіл бөлуі керек. Жаңа терминдер қажет. Себебі, бұл мәселе өте маңызды. Сонымен қатар, көптеген агротехникалық, медициналық оқу орындарында тарих кафедралары жоқ. Тіпті, кейбір үлкен университеттерде тарих факультеті де жоқ. Қазақстан мемлекеті болғандықтан, тарих міндетті түрде оқытылуы, зерттелуі керек. Докторантураға және магистратураға квота Үкіметтің қаулысымен бөлінеді екен. Биыл квоталар көбейеді. Тек Алматы мен Астанада ғана емес, аймақтық университеттерде де докторантура ашқан жөн. Сонымен қатар, тарихты зерделеу мақсатында төрт үлкен зертхана ашылмақшы. Елбасы қолдаған «Халық – тарих толқынында» деген бағдарлама арқылы тек қана тарихшылар емес, гуманитарлық ғылым ғалымдарының көмегімен үлкен зерттеулерге жол ашылғалы отыр.

Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты Камал Бұрхановтың айтуынша, қазір докторантура шетелдік жүйеге негізделуде.

– Қазір екінің бірі кандидат, ғылым докторы болып кетті. Қолда бар көп нәрсенің құны төмендейтіні де анық. Қазақстанда 140 университет бар. Бұл біздің халқымыз үшін көп. Мәселен, Англияда 67 миллион халыққа 80 ғана университет болса, Жапонияда он мың адамға 222 студент бар. Ал, Қазақстанда он мың адамға – 360 студент. Жыл сайын 25 мыңнан астам заңгер мамандарын дайындап шығарамыз екен. Әр аймақтан жыл сайын 140 студент заңгер мамандығын алып шығады. Ал, сол заңгерлердің барлығы жыл сайын бізге қажет пе? Әр жылда бес мың дипломант дайындайды екенбіз. Солардың ішінде, ең көп дегенде, он дипломант жұмысқа орналаса алады. Сондықтан, әр облыста докторантура ашамыз деп уәде беруден аулақпыз. Өйткені, жаппай ғылым докторларын дайындаудан гөрі, әр өңірден бір-екі маманды орталық университеттерде докторантураға оқытып, шетелге тәжірибе алмасуға жібергеніміз абзал. Сапа да болады, – деп пікірін білдірді Камал Бұрханов.

«Дөңгелек үстел» барысында Қазақстан тарихын оқыту мен зерттеудің тұжырымдамасын жасау, оқулықтардағы патриотизм мәселелеріне баса назар аудару, Қазақстан тарихы оқулықтарының бағдарламаларын жаңарту мәселелері де кеңінен сөз болды.

– Мынадай анықтама бар, – деді университеттің археология, этнология оқу-ғылыми зерттеу орталығының бас маманы Марат Хасенов. – Жамбыл облысы жұмыссыз адамдары көп, дотацияда отырған өңір болса да, тек тарих, этнография, археология саласына жыл сайын 130 миллион теңге бөлініп келеді. Сондай-ақ, дотацияда отырған Қызылорда облысында осы салаға 200 миллион теңге бөлінсе, Қарағанды облысы 300 миллион теңге қаржы қарастыруда. Оңтүстік Қазақстан облысында үш ғылыми институт бар. Қарағандының да ғылыми институты бар. Он үш облыста ғылыми орталықтар бар. Ал, Атырау облысында ештеңе жоқ. Осыған орай, тарих, археология саласын дамытуға мүмкіндік те шектеулі. Жас тарихшы мамандар да өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналаспайды, өйткені, оларды жалақысы көп мұнай компаниялары көбірек қызықтырады. Бес томдық Қазақстан тарихында Батыс Қазақстан аймағында мың жыл өмір сүрген сармат дәуірі туралы екі-ақ бет ақпарат бар. Ал, Алтын орда, Ноғай тарихы туралы еш дерек жоқ. Сарайшық мәселесі де жыл сайын сөз жүзінде айтылады да қалады. Іс жүзінде шешімін тауып жатқан еш мәселе жоқ. Сондай-ақ, Атырау облысындағы тарихи кесенелердің тек жиырма пайызы ғана зерттелді. Қазақстанның басты бөлігі саналатын Батыс аймағының тарихы  түпкілікті зерттелмейінше, ел тарихы толық болуы мүмкін емес.

Кешегіміз бен бүгінгі күнді сабақтастырған «дөңгелек үстелге» қатысушылар Қазақстан тарихын зерттеу мен оқыту мәселелерін  ғылыми     жұртшылық арасында кеңінен талқылай отырып, көзделген шараларды жүзеге асыру мақсатында жүйелі жұмыс жүргізу қажет деген қорытындыға келді.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз