Тәрбие – отбасынан басталады: Әжеңіз ертегі айта ма?

200213120003502a3614170i Қоғам

Бүгінгі қоғам ата-аналар алдына үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Әрбір ата-ана қоғамға ең алдымен дені сау, ұлттық сана – сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, ар-ожданы мол, мәдениетті, парасатты, еңбекқор, іскер, бойында басқа да ізгі қасиеттер қалыптасқан тұлғаны тәрбиелеуге міндетті. Сондықтан халық өмір есігін енді ғана ашқан бөбек тәрбиесін бесіктен бастаған. Қазақтың ұлы ақыны Абай да отбасындағы баланы тәрбиелеуде ата-аналар тарапынан жол берілетін кемшіліктерді ескерте отырып, отбасы тәрбиесін ұйымдастыруға кеңестер береді. Ақын өзінің оныншы қара сөзінде: «Әуелі балаңды өзің алдайсың. Әне, оны берем, міне, мұны берем деп, баста балаңды алдағаныңа мәз боласын. Соңыра балаң алдамшы болса, кімнен көресін?» деп балаларына теріс тәрбие беретін ата-аналарды сынайды. Жас жеткіншектің күнделікті өміріндегі әрекетін ата-ана ескерусіз қалдырмағаны жөн. Жақсы нәрсесін мақтап, білмегенін айтып түсіндіріп, үйретіп отыру көп жетістікке қол жеткізеді.

Тәрбие туралы сөз қозғағанда «Бесік жырына» тоталмау мүмкін емес. Оны тыңдап өспеген қазақ баласы кемде-кем-ау, сірә. Алайда, «әже әлдиі құлағына сіңісті болып өскен ұрпақтың соңы біз боламыз ба?» деген қорқынышты ой ұялайды кейде. Өйткені бүгінгі ұрпақ бесік жырын естімей өсіп келеді. «Әлди, әлди» әнімен балбырап ұйқыға кететін сәби санасына ұлттық «қанның» таралуы да осы кезден басталады. Қазақтың бала туылғаннан-ақ бесікке бөлейтіні белгілі. Бесік жырын айтып бөлейді. Әдемі ырғақ пен баланың болашағына деген тілек бір әуеннің астында үндеседі. Ән айтқанда айналада жағымды аура орнайды. Заман ауысты ма, әлде адамның сана – сезімі өзгерді ме, қалай десек те, бар нәрсені ертегі айтып жақсылыққа жоритын әжелеріміз азайып бара жатыр. Ұлттық сана, ұлттық тәрбие бесік жыры мен ертегі айту секілді кішкентай нәрседен басталмай ма? Тамшыдан көлемді көл жиналады. Сондықтан да баланы құрсақта жатқан кезінде-ақ әнмен тәрбиелеу қажет екен. Өкініштісі, ежелден келе жатқан осы ұлттық үрдістің түтіні үзіліп бара жатқандай. Осынау тақырып төңірегіндегі ойларымызды ақ қағаз бетіне түсіргелі жатқан кезінде Бауыржан Момышұлы айтқан ұлағатты сөзі еске түсіп отыр: «Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқамын. Екінші, немерелеріне ертегі айтып беретін әжелердің азаюынан қорқaмын. Үшінші, дәстүрді сыйламайтын балалар өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсе, кімді де болса шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әже, әке жоқ». Батыр Баукеңнің осынау аталық аманатының астарына көз жүгіртіп, жан жүрегімізден орнықты орын берейік, ағайын.

Баланың тәрбиесіне тек ата-ана емес, сонымен қатар ата-әжелер де атсалысуы қажет. Әженің бала тәрбиелеудегі ролі ерекше десек артық болмас. «Өз балаңды өскенше, немереңді өлгенше…», «Балам балдан тәтті, немере одан да тәтті» деп халық даналығы айтқандай, ата мен әже үшін немеренің орны бөлек. Адам бойындағы асыл қасиеттер отбасында қалыптасады. Отбасында бойға сіңген сол ізгі қасиеттен Отанға деген ыстық сезім бастау алады. Отбасы құндылығының басты тірегі – заңды неке, ұлттық тәрбие. Ал, ұлттық тәрбие, нағыз қазақы тәлім-тәрбиенің өзегі әжелер мектебінен бастау алады. Біздің қазақ ұлтында ерекше рөлге ие жан – әже. Ол  тәрбиелеген бала әдепті болып өседі. Бүгінде өкінішке қарай «әлди, әлди» әнін айтып, ақ бесікке бөлейтін әжелеріміз азайды. Бесік жырының не екенін білмейтін аналарымыз көбейді. Жақында жас босанған құрбымыздың үйіне қонаққа бардық. Перзентханадан шыққанына он күн ғана өткен құрбымыз баласын бесікке бөлеп, американың әйгілі әншісі Кристина Агилераның әнін айтып, бесік тербетіп отыр екен. Өкініштісі, батыстың даңғаза, у-шулы әніне құлағы үйір болған баласы ертең қай тілде сөйлеп, қай тілде «ойлар» екен? Осы орайда әжелердің пікірін білген едік.

Қадиша әже, 66 жаста: – Жасымыз жетпіске  таянса да, күнделікті тәп-тәтті немерем Айдананы балабақшадан алып кетемін. Бала-келін жұмыста, кеш келеді. Және үйде жатқанда не бітіремін? Немереме күнде кешке ертегі айтып беремін. Өйткені, ертегіні тындап өскен бала жақсы, әдепті болып өседі. Қоғамның жаман мен жақсысын ажыратады. Ертегі айтатын әжелер азайған уақытта бүлдіршіндерімізді теледидардағы адам шошырлық шетелдік мультфильмдермен тәрбиелеуді тоқтатпасақ, бұл үлкен ұлттық қасіретке алып келері даусыз. Өз қолымызбен-ақ қазақ баласының психологиясын бұзып жатырмыз.

Ляззат апа, 55 жаста: – Шынымды айтсам, немереме күнде ертегі айтпаймын. Өйткені, уақытым бола бермейді. Таңның атысы, күннің батысы жұмыста жүреміз. Қазіргі балалар ертегіні көп тыңдамайды. Компьютер ойнайды, теледидардан әртүрлі мультик қарайды. Алайда баланы түрлі-түсті бояуға қанық әдемі кітаптармен қызықтырып, кітап оқуға деген сүйіспеншілігін балабақшадан, отбасынан әдетке айналдырып, ол адам баласының ескірмес рухани байлығы екенін санасына сіңдіру қажет. Осы олқылығымызды түземесек, кеш қалуымыз әбден мүмкін.

 Гулжайнат апа, 45 жаста: – Марқұм, қайран асыл әжем маған бесік жырын жырлап, қазақ ертегілерін айтып беруші еді. Бүгінде өзім де әже атанып отырмын. Алайда, бүгінгі таңда немерелеріме ертегі айтсам тыңдағысы келмейді. «Ту-у-у, әже қойшы, өтірік ертегі айтпашы, мультик қарайықшы» дейді. Иә, бүгінгі ұрпақты ертегімен көндіре алмайтын уақытқа жеттік. Бірақ бір қуанышты жайт, қазақ халық ертегілерінен құралған анимациялық бейнеойындар көбейді. Олар жаңа заманға сай. Сондай-ақ ертегі кейіпкерлерінің мүсіндері қойылып, айтылатын дүниелер бүгінгі қоғамнан көрініс тауып жатыр. Бүгінгі бала санасына лайық элементтерге ие ертегілер көбейсе, жас буынның көкірегі ояу, танымы кең болып өсер еді. 

Арманға жетелейтін әже әнгімелерімен, қиял – ғажайып ертегі кітаптардың орнын, компьютер мен ғаламтордың алмастырғанын, бүгінгі баланың балалық шағы жаңашылықтың жаршысына көшті деуге бола ма? Тәрбие кешіктірілсе кешірмейтін, дұрыс бағыт алмаса, қалпына қайтіп келмейтін нәзік те, кәделі де сауатты, игілікті де ізгілікті іс. Адам ұрпағымен ұлы, еңбегімен ерен, келешегімен кемел болса, мұның мөлдір бастауы, алтын тамыры-тәлім тәрбие ісінде жатыр.

«Еврей халқы баласына сен ертең мықты азамат болып шығасың, сенің қолыңнан бәрі келеді» деп тәрбиелейді екен. Балаға – бала деп қарамай, «тұлға» деп қарап, тағдырына жауапкершілікпен мән беріп, ертеңгі күнге ерте бастан даярлайтын болған. Қытайдың ұлы ғұламасы Конфуций: «Баланы 5 жасқа дейін еркелет, 15 жасқа дейін құлша жұмса, 15 жастан кейін досыңдай сырлас» деген емес пе? Ендеше, халқына қорған, ата-анасына қамқор болар тұлға қалыптастыруда әрбір балаға – қазақтың баласы деп қарап, бірлесе жұмыс атқарайық. Әжесінің тәлім-тәрбиесінде болған немерелер көбейе бергей!

Гүлнұр  АСАНОВА,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің

4 курс студенті

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз