ХАЛҚЫНА ҚАЛАУЛЫ АЗАМАТ

Руханият

Соғыстан кейінгі ауыр жылдарда орталау мектепті бітіргеннен кейін Ленин атындағы колхозда еңбек жолын бастады. Кейін Гурьев ауыл шаруашылығы техникумында техник-механик мамандығын алған жас маман Гурьев облысына қарасты Маңғыстау ауданының «Екпінді» колхозына жолдамамен жұмысқа жіберіледі. Осында үш жылдай абыройлы еңбек еткеннен кейін Отан алдындағы әскери борышын өтеу үшін Мәскеу әскери округіне жөнелтіліп, жауынгерлік өмірі басталады. 1968 жылы әскер қатарынан оралғаннан кейін бірден Индер аудандық комсомол комитетінде, кейін аудандық партия комитетінің үгіт-насихат, ұйымдастыру бөлімдерінде нұсқаушы болды.
Ал, 1980-85 жылдары Индер бурат руднигінің партком хатшысы қызметін атқарды. Қай салада болмасын, абыройлы еңбегімен танылған Өтеп Нұриев халқының құрметіне бөленді. Ол Индер ауданы партия комитетінің ІІ хатшысы, халық депутаттары Индер аудандық кеңесінің төрағасы қызметінде, кейін аудандық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының бастығы және бірнеше аудандық мекемелерде еңбек етіп, аудан экономикасының дамуына, халықтың әл-ауқатының жақсара түсуіне белсене араласты. Оның тынымсыз, өнегелі еңбегі лайықты бағаланып отырды. Бірнеше медаль, құрметті атақ, «Құрмет грамоталары», Алғыс хат және марапаттауларға ие болды.
Өтеп осыдан бір жыл бұрын Индер аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметіне сайланды. Ардагерлік жұмысты ұршықтай үйіріп әкеткен ол әрбір селолық округтердегі ардагерлердің әлеуметтік карточкаларының барлық деректерін жинақтап алдырды. Олардың көпшілігінің тұрмыс жағдайларымен танысты. Сонымен қатар, «Жастармен жұмыс», «Ардагерлердің денсаулығына қамқорлық», «Ардагерлерді әлеуметтік қорғау», «Ақпараттық топ», «Тексеру комиссияларының» жұмысын жолға қоюда тиянақтылық танытты. Және де ол мерейлі жасқа толған кейбір соғыс ардагерлерін, тыл еңбеккерлерін, елге танымал еңбек ардагерлерін облыс тарапынан марапаттауға мезгілінде ұсынып отырады. Мұның өзі ардагерлер үшін зор құрмет болып отыр.
Өтеп Нұриев аудан елді мекендерінде бастауыш ардагерлер ұйымдарының есеп беру-сайлау жиналыстарының ұйымшылдықпен өтуіне баса назар аударды. Және де ол ардагерлердің үнемі арасында жүріп, өз жұмысында замандастарының талап-тілектерін ескеріп келеді.
Алда Екінші дүниежүзілік соғыстың жеңіспен аяқталғанының 70 жылдық атаулы датасы келе жатыр. Мерекені лайықты атап өту үшін Өтеп Нұриев аудан орталығында «Даңқ саябағын» жасақтау, аудандық «Дендер» газетінде «Ардагерлерге тағзым» атты айдар ашу, ауданнан шыққан үш Кеңес Одағының Батыры мен бір «Даңқ» орденінің толық иегеріне ескерткіш бюст орнату сынды ірі істерді қолға алып отыр. Сөз жоқ, бұл әсіресе аға буын үшін берекелі іс болмақ.
Ауданның, тұтас облыстың қоғамдық-саяси даму жолында өзіндік із қалдырған Өтеп Нұриевке осыдан бірнеше жыл бұрын «Индер ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Үлкен жанұялы азамат саналы ғұмырында жұбайы Моншақпен үш ұл тәрбиелеп өсірді. Бүгінде үкілеп өсірген ұлдарынан немере сүйіп отыр. Осынау атаулы дата қарсаңында замандасымды мерейлі жасымен құттықтап, ардагерлердің әр кез сапта екендігін айтқым келеді.

Нұридин ЕСМАҒАМБЕТОВ,
Атырау облыстық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған