Болған апайға мүгедек балалар дән риза

Журналист жолға шықты Жаңалықтар

Санаулы күндерден кейін Елордада әлеуметтік қызметкерлердің алғашқы форумы өтеді. Шараны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұйымдастырғалы отыр. Оның мақсаты – жұртшылықты әлеуметтік қорғау жүйесіндегі мамандардың рөлін күшейту, олардың қазіргі қоғамдағы орнын және сала дамуына қосқан үлесін ескеріп, өркендетудің негізгі бағдарларын белгілеу. Осы орайда біз сала мамандарының жұмысымен тереңірек таныспақ оймен нысандарды аралауға бірге жол тарттық.

Журналист жолға шықты

Қай ата-ана да баласының өмірге келер сәтте ең алдымен денінің сау болғанын қалайды. Алайда, маңдайға жазылған тағдырға кім қарсы тұра алар?! Тұңғышы дүние есігін ашар шақта жас ана шаранасының денсаулығынан ақаулық табыларын ойламаған да шығар?..

Әлия Бисенғалиеваның жүктілік кезі қалыпты өтке-німен, бірінші сәбиі өмірге келер кезде күтпеген қиыншылықтар орын ала бастайды. Дереу ота жасалысымен дәрігерлер нәрестесінің жағдайы ауыр халде екенін, миына қан құйыл-ғанын ескертеді. Бір ай бойы вакуумда жатып, мамандардың жіті қадағалауына алынған сәбиге бір жасқа дейін  нақты диагноз қойылмайды. Уақыт өте келе баланың дамуынан кінәратты, яғни БЦП (балалар церебралды параличі) анық- талады.

«Үмітсіз шайтан» демей ме? Мұндай сынақты күтпеген жас отбасы кішкентай Ділназды бес жасқа дейін емшілерге ғана қаратады. Мүмкін, дәрігерлерге деген сенімсіздіктен де болар, сол уақытқа дейін бірде-бір рет  ауруханаға жатқызып, ем-дом қабылдамайды. Кейін ақылы емханалардан невропатолог-маман тауып, оның кеңесімен Ділназ біртіндеп ем ала бастайды. Сол дәрігердің ай- туымен балаға жәрдемақы тағайындалып, әлеуметтік қызметкер бөлінеді.

Әр қиындықтың бір жақсылығы болады ғой. Психолог, дефектологтардың кеңесі мен уақытылы емін алғанның арқасында Ділназ біртіндеп қатарға қосылып келеді. Еңбек зая кетпеді. Қазір ол тоғыз жаста. Үйден білім алады, ата-анасы, бауырларымен бірге далаға серуенге де шығады. Арнайы маман кеңесімен жаттығу жасап, кешенді ем қабылдап тұрады.  Әлеуметтік қызметкер Болған апайымен әңгімесін айтып, бірге сурет те салады. Анасы Әлия Бисенғалиева қызының өте ақылды, ортаға бейім, тез тіл табысқыш екендігін айтады. Әсіресе, Ерлан Күмісқалиевтың бастамасымен қолға алынған ипотерапия, «Домана» әдісін қабылдағаннан кейін көңіліне сенім ұялағанын жасырмады.

–   Біздің облыста итпен емдейтін канистерапия бар ғой. Бірақ, Ділназ иттен қорқады. Сондықтан, көршілес Ресей Федерациясының Самара облысынан жеті қазынамыздың бірі – аттың үстіне мінгізу терапиясын қабылдадық. «Домана» әдісінің де көп көмегі болды. Негізі, соңғы заманауи, шетелде қолданатын емдеу тәсілінің пайдасы тиетініне көзіміз жетті. Мысалы, кішкентай күнінде жиі салқын тиіп ауыратын, соңғы екі жылда мұндай қиын кезеңдерді басымыздан өткермедік,-дейді Әлия.

Ал, Болған апайын Ділназ асыға күтіп отырады. Келе салысымен әңгімесін айтып, соңғы жаңалықтарымен бөліседі. «Апайының кезектен тыс келетінін естіп, қызым ертемен тұрып әзірлене бастады. «Анашым, маған Болған апай келеді, тезірек жуындырып, шашымды тарашы» деп қояды, – дейді анасы Әлия Бисенғалиева. Осы арада әңгімемізге әлеуметтік қызметкер Болған Оразғалиева да араласты.

– Бұрын Ділназ аяғынан қиналатын. Сосын қолы аздап құрысатын. Бірақ, қазір, шүкір, біртіндеп жазылып келеді. Үнемі қызықты оқиғаларын   баяндаудан жалықпайды. Суреттерді қалай салады дейсіз? Нағыз кәсіби суретшілерден қалыспайды. Ділназдың келешегінен зор үміт күтеміз, – деді ол.

Осы салада он жылдан астам тәжірибесі бар Болған Оразғалиеваның қарамағында алты бала бар. Қарамағында дейтініміз, әлеуметтік қызметкер мүгедек балаларға кезек бойынша аптасына екі немесе үш рет барып, жағдайын біліп, қадағалап отырады. Айталық, Ділназ онымен әңгімелесіп, бірге сабақ оқыса, кейбірінің жағдайы тіптен ауыр.

– Төсек тартып жатқандар да бар, оларға уақытында бөтелкемен су немесе сүтін беріп отырады. Олардың халін ғана білуден басқа қолдан келер шара жоқ. Жүрегің ауырады, бірақ, басқа салса көнесің. «Сынақ тек оны көтеретін жандарға беріледі» дейді ғой. Сол рас болса керек, мүгедек баласы бар аналардың шыдамына басымды иемін. Тоғыз ай құрсағында көтеріп, жанын шүберекке түйіп өмірге әкелген баласын кім жамандыққа қияды? Жағдайы тым ауыр болса да, келер күннен үміт үзбейді, – дейді бізбен әңгімесінде Бол-ған Орысбайқызы.

Облыс орталығындағы 237 жалғызілікті зейнеткер мен мүгедекке – 34, 195 бала кезден мүгедектерге 30 әлеу-меттік маман қызмет көрсетеді. Олар ел Үкіметі бекіткен стандартқа сай жұмыс жасайды. Апта сайын әрбірінің жағда-йынан есеп беріп отырады. Яғни, кесте бойынша белгіленген уақытта хал-жағдайын біледі, мүмкіндігіне қарай керек-жарағын әкелуге қолғабыс етеді, тіпті, емханаға да апарады.

P.S. Иә, нәзік даусымен әңгімесін айтып, қуанышымен бөлісіп отырған Ділназ болашақта дәрігер болсам екен деп армандайды. «Бүгін психолог апайға барамын деп айтып едім, мені күтіп отырған шығар» деп алаңдап та қояды. Риясыз сәби көңілі ғой, кірбің шалмасыншы! Барлық бала бақытты болуға жаралған…

Айбөпе САБЫРОВА

Суретті түсірген автор.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз