ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖАСАУДЫҢ ҮЛГІСІ

Нәсіпқали Марабаев атындағы «Мұнайшы» қоғамдық қорына биыл он жыл толып отыр.

Ең бастысы – мұндай кең ауқымдағы қайырымдылық қоры елімізде мұнай өнеркәсібінен басқа бірде-бір өндіріс саласында күні бүгінге дейін құрылған жоқ.
Сонымен, бұл қор қалай, қандай жағдайлар түрткі болып құрылды, енді осы мәселеге тоқтала кетейік.
Еліміз егемендік алуымен қатар келген нарықтық заман зейнеттегі мұнайшылар өмірін, олардың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайларын айтарлықтай таршылыққа тірегені – баршамызға белгілі жайт. Әсіресе, зейнетақыдан басқа табысы жоқ, көмектесіп қарасатын да адамы жоқ, жалғызбасты зейнеткерлеріміздің өмір сүруі аса қиындықта қалған заман еді. Ақшаның құнсыздануына байланысты өмір бойы жинаған қаражаттары көк тиынға татымай күйіп кетті. Отандық мұнай-газ саласын дамытудағы олардың қосқан үлестері мен сіңірген еңбектеріне белгіленген зейнетақы мөлшері де мардымсыз болғаны сондай, бұл пәтерақыны төлеуге, дәрі-дәрмек алуға, тіпті тамақтануға жетпей, күнкөрісті қиындата түсті.
Еңбек ардагерлерінің көлікте жүруге, коммуналдық қызметке, санаторий-курортқа баруға берілетін жеңілдіктері мүлдем алынып тасталды, жаппай жекешелендіру кезінде олардың мүдделері есепке алынбады. Сөйтіп, ардагерлер еңбек ұжымдарынан қол үзуіне байланысты қоғамдық өмірден шет қала бастады. Жаңа меншік иелері күллі игілікті осы аға ұрпақтардың жасағанын ұмытып кетті, өтпелі кезеңде болмай қоймайтын осындай келеңсіздіктер ардагерлерді моральдық жағынан кемсітуге ұшыратты.
Бүгін таңда мемлекетіміздің қоржынында екі жүзге тарта мұнай-газды кен орны бар. Қазіргі тәуелсіздік экономикасының локомотиві саналып отырған мұнай-газ саласын биік тұғырға шығарған сол 200-дей кен орнын өткен ғасырдың 60-80 жылдарында ашып, игеруін ұйымдастырған зейнеттегі мұнайшы-ардагерлердің сын көтермейтін тұрмыс жағдайлары еліміздің үш азаматының, республика көлемінде зор беделі бар Асқар Құлыбаев, белгілі ардагер – мұнайшылар Нәсіпқали Марабаев, Орал Ақшолақовтардың жарғақ құлағын жастыққа тигізбей, осы қорды құруға итермелеген еді. Міне, осындай жағдайда мұнайшы-ардагерлердің әлеуметтік проблемаларын ішінара болса да шешуді қолға алған осы қор 2004 жылдың 26 қаңтарында дүниеге келген еді.
Құрылтайшылар қордың негізгі жарғы мақсаттарын қалыптастырды, олар:
– Мұқтаж мұнайшы-ардагерлерге және олардың отбасыларына қайырымдылық көмек көрсету;
– Жұмысқа қабілетті мұнайшы-ардагерлердің материалдық жағдайларын жақсартуға мүмкіндік туғызу;
– Ардагерлерді мерейтойларымен құттықтау шараларын ұйымдастыру және ардагер немесе оның жақын туысы қайтыс болған жағдайда көмек көрсету;
– Республикамыздың мұнай-газ тарихын қалпына келтіру;
– Мұнай-газ саласының дамуына елеулі үлес қосқан ардақты азаматтардың есімдерін айқындау және мәңгі есте сақтау шараларын жүргізу.
Міне, бұл қор осындай өте ауқымды мақсаттарды өткен 10 жылда іске асырып, қордың дәл уақытында құрылғандығын және аса қажеттігін дәлелдеді.
Құрылтайшылар қордың жарғылық жағдайына байланысты тиянақты іске кірісу үшін алдымен қордың басқару органдарын құрды, олар:
* Қамқоршылық Кеңесі;
* Атқарушы дирекциясы мен мұнайлы өңірлерде филиалдары;
* Тексеру комиссиясы.
Он жыл бойында Қамқоршылық Кеңес қорға атқарылатын жұмыстың жоспарын бекітіп беріп отырды. Сол бекітілген жоспар, бағыт-бағдарламалар аясында қордың Атқарушы дирекциясы мен мұнайлы өңірлердегі филиалдары бір жеңнен қол шығарып, бір жағадан бас шығарып, толық ауызбіршілікпен, түсіністікпен жұмыс атқарып келеді.
Он жылда қандай шаруалар бітті, қандай келелі істер атқарылды, соған қысқаша тоқталатын болсақ, олар мыналар: Алғашқы жылдары қордың басқару органдары құрылды, жұмыс бағдарламалары анықталды, соның ішінде: зейнеттегі мұнайшы ардагерлердің жалпы санын анықтап, олардың ішінен көмекке мұқтаждардың есебін шығару. Қорымыздың контингенті – мұнай-газ өнеркәсібі салаларында кем дегенде ер адамдар – 20 жыл, ал, әйелдер 15 жыл қызмет істеген мұнайшы ардагерлері. Мезгілінде мұнай кәсіпшілігінде кем дегенде бес жыл қызмет етіп, партия-кеңес-кәсіподақ органдарына сайланған мұнайшылар да тізімделіп есепке алынған; жалпы зейнеткерлер ішінен «Мұқтаж ардагер-мұнайшы» категориясына кімдер жататынын анықтау. Міне, осылар негізгі жұмыстар болды.
Бұл аталғандар зейнеткерлерге материалдық көмектер көрсету болса, мұнымен қатар ардагерлерге рухани көмектер жасау да қатар жүрді. 1999 жылы қазақ мұнайының ғасырлық тойына орай жарық көрген бірінші шығарылымнан қалып қойған жаңа деректер, мәліметтер, ардагер мұнайшылар есімдерімен толықтырылып, Қазақстан мұнай энциклопедиясының 2 томы үш тілде қайта шығарылды. 2005 жылы Ұлы Жеңістің 60 жылдығына орай, соғысқа кеткен ер азаматтардың орнын басқан арулар еңбегін дәріптеу мақсатында «Мұнайшы арулар еңбегі – ерлік ескерткіші» атты кітап жарық көрді. «Қазақ мұнайының ардақтылары» (ҚМА) сериясымен саланың өсіп-өркендеп дамуына сүбелі үлес қосқан ардагерлер жайында өмірбаяндық кітаптар жазылып, сол арқылы мұнай өнеркәсібінің тарихын зерделеп реттейтін еңбектер шыға бастады. 2006 жылдың кезекті мұнайшылар күніне орай бұл серияның бірінші он кітабы жарық көрді, олар: кеңес дәуірінің ең жоғары марапаты болып саналатын Ленин сыйлығының иегерлері: Нарен Имашев, Жолдасқали Досмұхамбетов, Валентин Токарев, Халел Өзбекқалиев және сол кеңес дәуіріндегі мұнай саласының майталмандары: Сафи Өтебаев, Қуаныш Құдабаев, Бөлекбай Сағынғалиев, Рахмет Өтесінов, Мақаш Балғымбаев, Саламат Мұқашев. Осы он кітаптың тұсаукесер рәсімі Атырау, Ақтөбе және Алматы қалаларында өткізіліп, жалпы мұнайшы мамандығының жанкүйерлерінің ризашылығына бөленді.
2007 жылы Нәсіпқали Марабаев кенеттен бақилық болып, сол жылы қазан айында құрылтайшылары мен серіктері қайырымдылық ұйымын алғаш құрушы әрі тұңғыш атқарушы директоры ретінде қордың толыққанды жұмыс жасап, аяғынан тік тұрып кетуіне сіңірген өлшеусіз еңбегін мәңгілеу мақсатында «Мұнайшы» қорына Н.Ә.Марабаевтың атын беру жөнінде бірауыздан шешім шығарды.
Осы жоғарыда аталған қызметтермен қатар, қор негізінен мерейтойлық шаралардың жоғары деңгейде аталып өтуіне тұрақты түрде басшылық жасап, қадағалап отырды.
Қазақ мұнайының 110 жылдығы, Қазақстанда бірінші өндірістік мұнай алынған Доссор кен орнының 100 жылдығы, Маңғыстау мұнайының ашылуының 50 жылдығы, Құмкөл кен орнының 25 жылдығы кең көлемде аталып өтті.
Сондай-ақ, көзі тірісінде Қазақстан мұнай өнеркәсібінің патриархы атағын иеленген Сафи Өтебаевтың 100 жылдығы, өткен ХХ ғасырдың аңыз-ардагер мұнайшылары Рахмет Өтесінов, Бөлекбай Сағынғалиев, Нәсіпқали Марабаевтардың 75, 80, 85 жасқа толған мерейтойлары мұнайлы өңірлерде аталып өтті.
Жеңістің 65 жылдығына байланысты арнайы бағдарлама жасақталды. Бұл айтулы мереке республиканың барлық өңірлерінде кеңінен аталып өтті. Ұлы Отан соғысына қатысқандарға мұнай компаниялары арнайы қаржылай көмек берді. Қордың осы шараға байланысты арнайы жүргізген жұмысының нәтижесінде мұнайлы облыстар мен республиканың оңтүстік өңірлерінен – барлығы 559 соғысқа қатысқан мұнайшы ардагерлер, тыл еңбеккерлері, қаза болған соғыс ардагерлерінің жесірлері анықталды. Олардың тізімі қор мұрағатында сақтаулы.
2010 жылы еліміздің екі мұнайлы өңірінде – Орал және Жаңаөзен қалаларында, мұнайшыларға арналған «Даңқ» аллеялары ашылды. Оралда аллеяның қордың Қамқоршылар Кеңесінің төрағасы А.А.Құлыбаев пен облыс әкімі Б.С.Ізмұхамбетов екеуі лентасын қиып, салтанатты түрде ашылуын жиналған халық ризашылықпен қарсы алды. Әсіресе, аллеяның ашылуына қатысқан Қазақстанның Ұлттық Академиясының академигі, ғылым докторы, әлемге әйгілі Қарашығанақ кен орнын алғаш ашушы геолог Сухан Камаловтың өз барельефінің қасында көпшілікті қарсы алуы ашылу салтанатына қатысқандарға үлкен әсер етті. Маңғыстау мұнайының орталығы іспеттес Жаңаөзен қаласында ардагерлерге арналған «Даңқ» аллеясының салтанатты ашылуына ҚР Премьер-министрі К.Мәсімов, облыс әкімі Қ.Көшербаев, «ҚазМұнайГаз» Барлау. Өндіру» АҚ-ның басшылары, министрлік, комитет өкілдері, мыңдаған қала жұртшылығы қатысты. Аллеяның ашылу салтанатында қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, 90 жастағы батыстағы бүкіл мұнайлы өңірлерге белгілі ақсақал Өтежан Алшымбаев қала тұрғындары атынан ризашылық сөзін айтты. Аллея екі гектардай алаңдағы алып кешен, дәл ортасында 17 метрлік биік мұнара тұр, оның ұшар басында мемлекеттің асқақтығын білдіретін қыран қос қанатын жайып тұр. Аллея алаңы гранит қабырғалармен қоршалған, тақталарында кен орындарын алғаш ашушылар, атақты мұнайшылар, белгілі мұнай-газ мекемелерінің аттары қашалып жазылған. Сондай-ақ, осы өлкенің әйгілі шайырларының, жазушы және тарихи тұлғаларының есімдері бедерленген.
Ақиқатында, бұл аллеялар – мұнай өндіруде 100 жылдан асатын тарихы бар, мұнай көлемі жөнінен әлемдегі 10 елдің қатарына енген мемлекетіміздің болашаққа самғаған айшықты символы сияқты.
Жан-жақты қоғамдық-әлеуметтік бағдарламалары көпшіліктің назарын аударып, Н.Ә.Марабаев атындағы «Мұнайшы» қоры 2006 және 2011 жылдары еліміздегі «Ең үздік қор» ретінде танылды. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай 2011 жылдың қорытындысымен қор «Қыран аймақтық тұтынушылар лигасы» қоғамдық бірлестігінің «Алтын Қыран» сапа белгісімен марапатталды.
Он жылда зейнетақыға қосымша тек ақшалай көмек көлемі 214 миллионнан астам болды, бұған жыл сайын екі жүзден аса ардагер газет-журналдарға жазылды. Мұнай энциклопедиясы мен ҚМА кітаптары тегін таратылды. Алғашқы сәттен бастап, 2014 жылғы 1 қаңтарға дейін ҚМА сериясымен 71 кітап жарық көріп, 109 кейіпкерді қамтыпты. Кейбір кітаптарға бірнеше кейіпкер топтастырылғанын да айта кету керек.
Қордың өзінің іс-әрекеттерімен бүгінгі дәрежеге қол жеткізуіне, ардагер мұнайшыларға тиянақты түрде материалдық және рухани-моральдық көмектер көрсетуі, бірінші күннен бастап бүгінге дейін еліміздің «Ұлттық компания «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның және оның еншілес мекемелерінің демеушілік көмегінің арқасы екендігін баса айтуға міндеттіміз. Сол мекемелер басшыларының кешегі мұнай ақсақалдарына деген ілтипаты, олардың мұнай саласының осындай биік дәрежеге жетуіне үлес қосқан азаматтардың әлеуметтік жағдайларына түсіністікпен қарауы арқасында іске асуда. Жылдан-жылға демеушілер қатары өсуде. 2010 жылдан Алик Айдарбаев Бас директор болып тағайындалғаннан бастап «МаңғыстауМұнайГаз» компаниясы да тұрақты түрде демеушілік жасауда. Соңғы жылдары Маңғыстаудан «ҚаражанбасМұнай», Батыс Қазақстаннан «ЖайықМұнай», Қызылордадан «ҚазГерМұнай» қосылып, демеушілер жағрапиясын кеңіткенін ризашылықпен айтудамыз. Еліміздегі, тек еліміз емес, бүкіл әлемдегі ең ірі гигант кен орындары қатарындағы Теңіз және Қарашығанақтардың иелері «Теңізшевройл» мен ҚПО компаниялары да алдағы уақытта демеушілер қатарына қосылып, зейнеттегі ардагер мұнайшылардың оң батасын алар деген үміттеміз.
Он жыл деген, бір қарағанда, аса көп уақыт емес. Өзінің алғашқы қадамын азғантай қайырымдылық көмектерден бастаған қор бірте-бірте қызметін өрістете отырып, түрлі нарықтық кедергілер мен таусылмайтын реформаларды да еңсере жүріп, мұнайшы ардагерлердің мұң-мұқтажын басты назарда ұстап, бүгінде отандық мұнай компанияларының, соның ішінде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен оның еншілестерінің әлеуметтік серіктесіне айналды. Мұнайшы ардагерлердің әлеуметтік мәселелерін шешуде қор аталмыш компания басшыларымен екі арада елеулі рөл атқарып отырғаны ақиқат. Сондай-ақ, бұл қор тек қана ардагерлердің әлеуметтік мәселелерін шешіп қана қоймай, оларға моральдық-рухани дем беріп, жасампаз істерін тарихта қалдыруға да барынша қолұшын беріп келеді.
Тоғыз мыңға жақын зейнеткердің басын біріктіріп отырған қордың Атқарушы дирекциясының атынан қор құрылтайшылары Орал Ақшолақов, Асқар Құлыбаев, Ләйлә Марабаеваларға алғысымыз шексіз. Алладан құрылтайшы санатында қордың құрылуына бар күшін жұмсаған, марқұм Нәсіпқали Марабаев орнын жұмақ төрінде еткей деп тілейміз.
Әр мезгілде қорға демеушілік көмектер беруге ықпал жасап, ықыластарын аямаған еліміздің мұнай саласының бүгінгі жетекшілеріне ризашылық рахметімізді айтамыз, олар: Ұзақбай Қарабалин, Ләззат Қиынов, Тимур Құлыбаев, Данияр Берлібаев, Жақып Марабаев, Асқар Балжанов, Кенжебек Ибрашев, Алик Айдарбаев, Абат Нұрсейітов, Серік Сұлтанғали, Қайыркелді Қабылдин, Данияр Тиесов, Махамбет Досмұхамбетов, Сунь Синъюнь мен Бақыт Иманбаев, Дәулетжан Хасанов, Хайнц Вендель мен Вячеслав Дружинин, Медет Кәрім мен Юй Чжицин, Ли Цзянь мен Нысанбай Қуантаев, Роберт Бердіғожин, Балтабек Қуандықов.
Осындай игі істерді тыңғылықты атқаруға түсініктері мол жетекші азаматтар саны көбейе берсін, солардың арқасында қор іс-әрекеттері өміршең бола бермек!

Сайлау ЖЫЛҚАЙДАРОВ,
ҚР жер қойнауының Құрметті барлаушысы,
қордың Атқарушы директоры.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз